Медицина • 30 Қыркүйек, 2020

Сырқатпен күресте сергек

7 рет көрсетілді

Батыс Қазақстан облысы аумағындағы дәріханаларда бір айға жететін дәрі-дәрмек қоры бар.

 

Дәріхана сөрелерінде 5 112 қорап вирусқа қарсы препараттар, 50 274 қорап антибиотиктер, 16 416 орама ыс­тық түсіретін дәрілер және 142 425 дана бетперде саты­лымда тұр. Ал көтерме сау­да қоймаларында алдағы үш айға же­терлік дәрумен бар. Сондықтан ко­ро­навирустың екінші толқыны келе ме деп уайым­дап отырған тұр­ғын­дардың алаңдауына еш негіз жоқ.

Бұған қоса «Медсервис плюс» ме­кемесі жақында 3 мың дана элек­тронды термометр құралын алдыр­ғалы отыр. Ал медицина саласында көп жылғы тәжірибесі бар «Талап» АҚ қазан айының басында таблетка тү­ріндегі ацетилсалицил қышқылын жеткізбек.

Орал қаласы мен аудан­дар­дағы дәріханалардың дәрі-дәрмекпен қам­тылу жайы www.stopcovid.kz сайтында онлайн режімде қа­­да­ғаланып отыр. Сайт­тың мобильдік қосымшасы әр адамға қолжетімді.

– Тұрақтандыру қоры бойынша қажетті дәрі-дәрмектің төрт ай­ға жететін қоры жасақталады. Қазір 25 түрлі дәріге сұраныс түсті. Бұл қор «Ақжайық» әлеуметтік-кәсіп­кер­лік корпорациясы арқылы жасалады. Қажетті дәрі-дәрмекті сатып алу үшін келісімшарттар жа­сал­ған. Қазан айының ортасына қарай то­лық жеткізіледі, – дейді бас­қар­ма­ның баспасөз хатшысы Сәуле Зағидуллина.

Міне, осындай шаралардың нә­тижесінде өңірде қазір зәру дәрмек жоқ. Соның ішінде коро­навирусқа қар­сы күресте қажет болатын емдік құралдардың екі айлық қоры жасақ­талған. Өткен маусым-шілде айларында өңірдегі медицина мекемелері жалпы көлемі 488 млн теңгенің меди­циналық препараттары мен құрал-жабдығына тапсырыс берген еді. Бүгінде 338,7 млн теңгенің тапсырысы орындалған.

Қазіргі таңда облыста өкпені жа­санды тыныстандыратын 138 аппарат, 476 оттегі концентраторы, 10 компью­терлік томограф, 47 рентген аппараты, 675 пульсоксиметр, 198 от­тегі толықтырғыш орын, 172 дана Боб­ров аппараты бар. Бұған қоса жер­гілікті бюджет пен трансферттер есебінен тағы да 15 дана тыныстандыру ап­параты, 7 рентген жабдығы сатып алынбақ. Үш оттегі стансасын алуға 113 млн теңге қарастырылған.

– Бұған қоса Индустрия және ин­фрақұрылымдық даму министр­лігі арқылы өкпені жасанды тыныстандыратын аппараттың тағы 35 данасы, аудан­дық ауруханалар үшін 9 дана жылжымалы медициналық кешен келмек. Орал қаласында құны 7,2 млрд теңгелік модульдік аурухана құры­лысы бас­талды. Қазірдің өзінде 4,2 млрд теңге бөлінген, – дейді басқар­маның баспасөз хатшысы.

Облыста осы күндері 63 жедел жәр­дем көлігі тәулігіне 700 мәрте тапсырыс қабылдап, науқастарға көмек көрсетуде. «БРК-Лизинг» ком­паниясы арқылы қыркүйек-қазан айларында өңірге тағы 37 реаномобиль әкелінеді. Қазір емханалар жанынан 123 мо­бильді бригада құ­рылған, олар COVID-19 дертінің белгілері бар науқастарға, бұрын осы індетпен ауырған адамдарға және созылмалы дерті бар жандарға, жүкті әйелдер мен балаларға жедел көмек көрсетуге әзір отыр. Бұл топтарда 144 дәрігер мен медбике бар, қосымша 38 маман керек. Ме­дицина мекемелері қорғаныш жабдықтарымен қамтылған.

Кадр тапшылығы демекші, биыл еліміздің Денсаулық сақтау ми­нистр­лігі 118 дәрігерді өңірге жолдаған болатын. Қазір 106 жас ма­ман келіп, қызметке орналасып үл­герді. Оның 70-і – Ақтө­беден, 19-ы – Алматыдан, 10-ы Нұр-Сұлтан қа­ласынан келген. С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина уни­верситетінен келген 7 маман Батыс Қазақстан облысы әкімінің грантымен оқыған еді. Олар қазір Орал қаласындағы стационарларға қызметке орналасты.

Қыркүйек айының 28-індегі мә­лімет бойынша денсаулық сақ­тау саласының 326 қызметкері әлеу­м­еттік төлемдер мен қосымша ақы алу үшін өтініш білдірген екен, соның 229-ының құжаты қабыл­данған. Әлеуметтік сақтан­дыру жөніндегі мемлекеттік қор­дың мәліметіне қарағанда, 210 қыз­меткерге төлем бері­летін бо­­лып­­ты. 130 адам оны алып үл­герген.

Жалпы, наурыз бен тамыз ай­лары аралығында осындай төлем­дер үшін облыста 2 630,6 млн теңге жұм­салған. Ол қаржыны алған­дар­дың ішінде 1 280 дәрігер,
4 918 орта, 1 691 кіші медициналық қыз­меткерлер, 894 жедел жәрдем жүр­гізушісі бар.

Осы кезге дейін облыста covid-19 дертіне шалдыққан
6 855 адам тір­келсе, соның 6 746-сы­ жазылып шық­қан. Өкінішке қа­рай, 106 адам коро­навирустан, 206 науқас пневмониядан қайтыс болды.

Соңғы мәліметтерге қара­ған­да, қазір облыста 61 адам пнев­мо­ниямен тіркелген, оның 28-і – стационарда, ал 33 науқас амбу­латориялық жағдайда емделуде.

 

Батыс Қазақстан облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Әскерилер қан тапсырды

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар