Қоғам • 22 Қазан, 2020

Күдік пен үміт (Баспана аламын деп алданып қалмаңыз)

2668 рет көрсетілді

Бүгінде еліміздегі тұрғын үй саласында алаяқтардың заңға қайшы әрекеттері тоқтар емес. Айласын асырып, қарапайым халықты құрығына түсіргендердің қатары көбейіп келеді. Жалға алушылар мен тұрғын үйді сатып алушылардың көбі арзан бағаға алданып, мән-жайды толық анықтап алмай опық жейді. Ұйымдасқан алаяқтық топтың арбауына түсіп, барлық тиын-тебенінен айырылып жатқандар да баршылық.

«Зор зорға құлайды, аңғырт орға құ­­лайды, аңғал торға құлайды» демекші, азар­­да-безер болып жүрген жұрттың қа­ра­сы көп-ақ. Алайда ебін тауып, айла­кер­­­­­лердің жолын кесіп жүргендер де бар. Осындай жайттардың бірі ағымдағы жыл­­дың маусым айында Алматы облысында болды. Облыстық полицейлер тұрғын үй са­ласындағы алаяқтардан зардап шеккен жан­­дарды іздестірген болатын. Сөйтіп, үш күннің ішінде Талдықорған қаласының полициясына жәбірленушілер арызданады. Өзін Ирина есімімен таныстырған әйел жал­­­пы сомасы 340 мың теңгені қолды еткен екен.

Айлакер өзіне тиесілі емес пәтерлер­дің мекенжайын айтып, 2-3 күннен кейін қоныстануды ұсынады. Арзан бағаға ра­зы болған жалға алушылар көрсетілген ме­­кенжайға келгенде, үйдің нақты иесі күтіп алғанда ғана алданғандарын түсінген. Ирина құрбандарын әлеуметтік желідегі хабарламалар арқылы тапқан. Аталған деректер бойынша оған ҚР ҚК 190-бабы «Алаяқтық» бойынша іс қозғалды. Қалалық ПБ Шығыс қалалық полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері атал­­ған қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен 1977 жылғы Ирина Ким есімді азаматшаны қолға түсіреді.

Күдікті бұған дейін де осыған ұқсас қылмыс істегені үшін жауапкершілікке тартылған-ды.

Статистика комитетінің мәліметінше, 2020 жылғы қаңтар-қыркүйектегі тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 212 986-ны құраса, жалпы қыркүйек айы бойынша 35 359-ға жеткен. Ол өткен ай­мен салыстырғанда 17,2%-ға артқан. Бұлар тек заңды түрде тіркелгендері, ал заңсыз пайда көріп, кәсібін дөңгелетіп отырғандар қаншама.

Осыған орай ІІМ Нұр-Сұлтан қала­лық Полиция департаментінің баспасөз өкілдерінен бірқатар ақпарат легін алу­дың сәті түсті.

«Арзан дүниелердің бағасына қарап қызықпау керек. Қызыққан жағдайда да түрлі жарнаманың, уәде етіліп жатқан дүниенің рас яки жалған екеніне барынша көз жеткізген дұрыс. Бұл дегеніміз − кез келген заңды атқарылатын жұмыс­тардың барлығы арнайы ұйымның ресми сайтында көрсетілуі тиіс. Көбінесе алаяқтар қоғам ортасында абырой-ата­ғы бар адамдарды өз уысына алдап түсі­ріп, сол адамды пайдалана отырып, әрі қарай оның таныс, туыстарына да өзінің алаяқтық жоспарын іске асырып жатады. Сол себепті қандай жағдай болсын барлық іс-әрекеттерді заңды түрде қарас­тыру қажет», дейді елордалық Полиция департаментінің баспасөз қыз­меті.

Сондай-ақ департаменттің ресми деректеріне сүйенсек, Нұр-Сұлтан қаласының өзінде Полиция департаменті Тергеу бөлімінің өндірісінде тұрғын үйді сатып алу-сату және жалға беру бойынша 13 қылмыстық іс қозғалған. Ал соның 2-еуі осы жылы болып отыр. Дәл осы 2 қылмыстық іс бойынша 335 жәбірленуші арызданып, шағым түсірген.

«Үйі жоқтың көңілінде алтын сарай жүреді» деген бар. Елімізде баспана іздеп, сенделіп жүргендердің бар арманы да – осы. Семей қаласы бойынша Тұр­ғын үй-құрылыс жинақ банкінің аға кеңес­шісі Айдар Хасенұлы Тұрымбеков адам­дарға тұрғын үйді сатып аларда келесі­дей кеңестерге жүгінгенін қалайды.

«Ең алдымен, тұрғын үйді тек оның иесі немесе мұрагері ғана сата алады. Сатушының нақты пәтер иесі екенін анықтап алу үшін оның Жылжымайтын мүлікті тіркеу қорында мәліметтері бар-жоқтығын анықтап, тексеріп алу қажет. Сонымен бірге өтініште пәтер иесі некеде тұрған болса, жұбайының келісімі керек. Кей жағдайда пәтердің бірнеше мұрагері болады. Мұнда да олардың келісімінсіз ешнәрсе жүзеге аспайды. Себебі алдыңғы пәтер иелерінің бірі тұрғын үй сатылған соң өз құқығын талап ететін жайттар да кездеседі. Сот мұн­дай келісімді жарамсыз деп таниды. Бұдан бөлек, сатып алушы ескеретін басты қағидалар: алу-сату, сыйға (мұра­герлікке) беру, жекешелендіру және айырбастау келісімшарттары, пәтердің техникалық құжаты, сондай-ақ ХҚО-дан «Форма-2» секілді құжаттарды ресімдеп алу міндетті», дейді Айдар Хасенұлы.

Алаяқтар пәтер иесі іссапарда немесе шетел асып кеткен кезде де жалған сенімхат жасап, пәтерді сатып жібереді. Осындай келеңсіздікке тап болмас үшін сенімхаттағы қолды үйдің келісім-шартымен тексеріп алған абзал. Ал кейде тоқсан тоғыз айласы бар алаяқтар мүмкіндігі шектеулі жандардың атынан да пәтер сатады. Сот ол кезде үй иесінің денсаулығына сәйкес сатылым шартын жарамсыз деп таниды. Аталған жайттарға жол бермес бұрын, пәтер иесімен хабарласып, одан наркология және психиатр маманның анықтамасын сұратқан жөн.

Көбіне-көп алаяқтар өзін риэлторлық орталықтан келдік деп таныстырып, сатып алушының сеніміне кіреді. Риэлторлар мен алаяқтардың тұрғын үй сатудағы жұмыс тәсілінде айырмашылықтар бар. Осы тұрғыда Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің баспасөз өкілі төмендегі ақпаратқа баса назар аудару керектігін алға тартады.

«Алаяқтар өзінің қылмыстық іс-әрекетін алдын ала екшеп-текшеп алады. Ол істі бастамас бұрын кез келген үй алып беру мәселесінде заңды түрде жасалу тәртібін үйреніп, арбауындағы адамға құжатты заңды етіп көрсету үшін барлық айла-тәсілге барады. Өзара айырмашылықтары заңды түрде жеке кәсіпкерліктің немесе ЖШС-нің атымен тіркеліп, заңды тұрғыда жұмысшылар штаты және мөр мен бұйрық негізінде қызмет атқара береді. Заңды тұлғалардың атын жамылу арқылы да жымысқы ойларын іске асыруда», дейді баспасөз өкілі.

Елімізде риэлторлар өзінің қызметі үшін сыйақы сомасын мәміленің жалпы сомасынан пайызбен есептеу әдетке айналған. Мәселен, ол 1%-дан 10%-ға дейін түрленіп тұрады. Алматы қала­сында риэлторлар сатушыдан да, сатып алушыдан комиссия шығынын алады. Шетелдердің тәжірибесін ескерсек, олар­­дың көпшілігінде қызметтер үшін төлем тек сатушыдан алынады және ол орташа есеппен небәрі 5%-ды құрайды.

Сайып келгенде, сыйақы мөлшері агенттіктің мәміле жасау барысында істеген жұмысына байланысты. Мы­­­­салы, егер клиент пәтерді сатқан кез­де, барлық құжаты бірізді болса, ешқан­дай түзетулер енгізудің қа­жеті жоқ. Онда белгілі бір шаралар ке­шені қарастырылады, ал нысан жай саты­лымға шығарылады және сатушыдан риэлтордың қызметтері үшін мейлінше аз пайыз алынады. Керісінше құжаттарда белгілі бір мәселелер туындап жатса, сәй­кесінше клиенттен транзакцияның жалпы сомасынан мүлде басқаша пайыз өндіріп алынады.

Қандай жағдай болсын келісімшарт­ты сақтандырыңыз. Сақтандыру компаниялары сатып алу кезінде бірден барлық құжаттарды сақтандыруды ұсы­нады. Бұл кез келген жағдайда тиімді әрі қауіпсіз. Егер сатып алу кезінде құ­жат дұрыс ресімделмесе, ақшаңызды қай­тарып алуға мүмкіндігіңіз мол. «Өз басына іс түспеген, өзгенің қайғысын білмейді» деп қарап отырмай, сақ бо­лайық ағайын.

 

Соңғы жаңалықтар

Жоғарғы сот судьялары сайланды

Қазақстан • Бүгін, 10:35

218 адамның ахуалы нашар

Медицина • Бүгін, 09:45

Абайды сомдаған актерлер

Өнер • Бүгін, 08:30

Отанға адал болуға ант берді

Руханият • Бүгін, 08:27

Экскурсия сабағына қатысты

Қоғам • Бүгін, 08:00

Ұлылар үндестігі

Оқиға • Бүгін, 07:56

«Киік» акциясы басталды

Экология • Бүгін, 07:52

Ұқсас жаңалықтар