Оңтүстік Қазақстан • 04 Желтоқсан, 2020

М.Әйтенов: Қала экономикасын қарқынды дамытып, тұрғындарға ыңғайлы жағдай жасау − біздің басты міндетіміз

23 рет көрсетілді

Өнеркәсіп – қала экономикасының негізін құраушы сала. Жалпы қалалық өнеркәсіптік өнімнің үлесі – 23 пайызды құрайды, деп хабарлайды Egemen.kz

Қалада өндірістік инфрақұрылымы бар 3 аймақ жұмыс істеп тұр. Осы үш индустриялды аймақта жалпы инвестиция көлемі 229,7 млрд теңге, 10 мыңнан астам жұмыс орнымен 170 жоба жүзеге асырылып отыр.

Бұл жөнінде Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Президент жанындағы ОКҚ алаңында өткен баспасөз брифингте мәлімдеді.

Мұрат Дүйсенбекұлының айтуынша, Шымкентте 98,6 млрд.теңгеге 5,5 мың жұмыс орнымен 100 жоба жүзеге асырылып, осы жылдың 10 айында 66,5 млрд теңгенің өнімі шығарылған. Жыл соңына дейін инвестициялық көлемі 20,9 млрд теңгеге 566 жұмыс орнымен 9 жоба іске қосылады.

"Мемлекет басшысы өз Жолдауында өңірлерді дамытудың нақты жолдарын белгілеп берді. Сондықтан, қала экономикасын қарқынды дамытып, тұрғындарға ыңғайлы жағдай жасау біздің басты міндетіміз. Жолдауда өңдеу өнеркәсібін алдағы 5 жылда кем дегенде 1,5 есеге өсіруді тапсырды. Осы мақсатта бірнеше бастаманы қолға алып отырмыз. Соның бірі – 306 гектар жерге "Жұлдыз" индустриалды аймағы іске қосылып жатыр", деді М.Әйтенов.

Бұл аймақта құрылыс, металлургия, фармацевтика, жиһаз өнеркәсібі дамитын болады. Сонымен қатар, "Жұлдыз" индустриалды аймағында 105,0 млрд теңгеге 8 мыңнан астам жұмыс орнымен 60 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр.

 

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар