Қоғам • 23 Қыркүйек, 2020

Өзені бар, суы жоқ шаруалар жиырма жыл бұрынғы жағдай қайталана ма деп алаңдайды

205 рет көрсетілді

2021 жылдан бастап Қ.Сәтбаев атындағы Ертіс-Қарағанды каналынан Шідерті өзенінің төменгі арнасына су жіберу тоқтатылуы мүмкін. Бұл Павлодар облысының экологияcына һәм экономикасына айтарлықтай зиян тигізеді. Жергілікті шаруалар осылай деп дабыл қағып отыр.

КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, су шаруашылығы саласының ардагері Алексей Баталовтың айтуынша, өткен ғасырдың 60-жылдарында қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы каналдың құрылысы басталып, Екібастұз ауылдық аймағының аумағындағы Шідерті өзенінің ағыны табиғи жолмен емес, су торабымен реттелуге көшкен. Осылайша, каналдың Шідерті кентінің маңынан өтетін тұсына №112 су торабы салыныпты. Соның нәтижесінде Шідерті өзенінің арнасы Ертіс суын Қарағанды қаласына қарай тасымалдауға пайдаланыла бастады. Алайда мұның салдары да жоқ емес еді. Өйткені осыдан кейін Ақтоғай ауданының және Екібастұз ауылдық аумағының біраз жеріне көктемдегі табиғи су жайылмайтын болды. Бұрын көктемде аталған атыраптағы шабындық, жайылымдық жерлер, су қоймалары тегіс суға толатын. Өлкедегі ірілі-ұсақты көлдер арнасынан тасып, бір-біріне қосылып, аппақ айдын болып жарқырап жататын. Бұл жердің Ақкөл-Жайылма аталуы да содан.

– Канал салынған соң Шідерті өзенінің төменгі арнасына табиғи су жіберілмейтін болды. Демек, көктемде жарқырап жататын ақ айдын көзден бұлбұл ұшуы мүмкін. Соның алдын алу мақсатында канал құрылысын жобалау барысында табиғи су жайылымының өтеуі ретінде Ертіс-Қарағанды каналынан Шідерті өзенінің төменгі арнасына компенсациялық су жіберу қарастырылды. Бұл табиғатты қорғау тұрғысынан да қажет шара еді. Осылайша, Екібастұз ауылдық аумағы мен Ақтоғай ауданының аумағына жет­кілікті көлемде су жіберіліп тұрды. Нәти­жесінде, мал шаруашылығымен ғана айналысатын жергілікті халық, төрт түлі­гін көптеп өсіріп, қысқы жем-азығын қысылмай қамдап келді. Су бойындағы елді мекендер де түтінін түзу ұшырып тұрып жатты, – дейді А.Баталов.

Ресми деректерге сүйенсек, 1993-1998 жылдары каналдан Шідертінің тө­менгі арнасына 100 млн текше метр­ден су жіберіліп тұрған. 2000-2004 жылдар аралығында мүлдем су жібе­рілмеген. Ал 2005-2008 жылдары 50 млн текше метрден су жайылатын болған. Одан кейін аталған көрсеткіш 100 млн текше метрге дейін жетті.

– Еліміз нарықтық экономикаға көш­кен соң, каналдың суын ақылы пайдалану тетігі енгізілді. Алайда тоқсаныншы жылдардың тоқырауынан енді ғана бас көтере бастаған шаруалардың суға ақша төлейтіндей жағдайы жоқ еді. Сондықтан 2000-2004 жылдары Ші­дер­тінің төменгі арнасына су жі­беру тоқтатылды. Салдарынан су жайыл­маған өңірдің флорасы мен фаунасы айтарлықтай зақымдалды. Жерасты сулары тартылып, тұзды жерлер көбейді. Өлкеден аң-құс безіп кетті. Халық арасында түрлі дертке шалдығушылардың саны күрт өсті. Төрт түлік мал азайды. Сөйтіп ауыл халқының тұрмысы тө­мендеп, әл-ауқаты нашарлады. Осы­ның бәрі өңір экономикасына айтар­лықтай залал келтірді, – дейді А.Баталов.

Су шаруашылығы саласының арда­гері Мырзағали Ерғалиевтің айтуынша, су жіберу тоқтатылған кезде ауыл адамдары облыстың, республиканың өзге аумақтарына жаппай көше бастаған.

– Мәселен, 2000-2004 жылдар ара­лығында Екібастұз ауылдық аймағын­дағы халықтың саны 20 500 адамнан 11 700 адамға дейін, яғни бірден 40 па­йызға азайды. Канал суының қызы­ғын көріп отырған Ақтоғай ауда­нына қарасты үш ауылдық округ тұрғын­дарының үштен бірі Павлодар мен Екі­бастұз қалаларына көшіп кетті. Осы­лайша, іргесі сөгілмей отырған ауыл­дардың тірлігінен береке қашты, – дейді М.Ерғалиев.

Сол себепті Павлодар облысының бас­шылығы жағдайды реттеу үшін ел Үкіметінен бірнеше мәрте көмек сұрауға мәжбүр болды. Ақыры 2002 жылы сол уақыттағы Премьер-Министрдің орын­ба­сары Кәрім Мәсімовтің тапсыр­ма­сына сәйкес, Қ.Сәтбаев атындағы ка­нал­дан Шідертінің төменгі арнасы­на табиғатты қорғау мақсатында компен­сациялық су жіберу жобасы әзірленді. Соның негізінде 2005 жылдан бастап рес­публикалық бюджеттің есебінен 50 млн текше метр көлемінде су босатыла бастады. Жылдар бойы суалып жатқан Әулиекөл, Жалаулы, Шығанақ, Қарасу, Шиқылдақ секілді көлдерге көрік кірді. Ал 2009 жылдан бастап босатылатын су­­дың көлемі 100 млн текше метрге жетті.

– Екібастұз ауылдық аймағының және Ақтоғай ауданының тұрғындары әуелден мал шаруашылығымен айналысады. Бұл төңіректе егін, көкөніс өсі­ріл­мейді. Жайылымға су тамбаған жылдары халық қатты қиналды. Төрт түлік ішетін су таппай дала кезіп кететін. Ақыры тұрғындар өзара бірлесіп, қауға құдық қазып, тығырықтан шығуға мәжбүр болды. Енді міне, 2021-2023 жыл­дарға арналған республикалық бюд­жетте каналдан су жіберуге қаржы әлі қарастырылмағанын естіп, ұйқымыз қашты. Су жібермеудің зардабын төрт жыл тарттық емес пе?! Үкімет табиғи апат­ты қолдан жасағалы отыр ма? – дейді Ақкөл ауылдық округіндегі «Та­быс» шаруа қожалығының басшысы Манат Алғамбаров.

Кәсіпкердің айтуынша, Екібастұз ауыл­дық аймағы мен Ақтоғай ауданын­дағы Басқамыс, Жолболды және Жа­лау­­лы ауылдық округтері кеншілер ша­­һа­рын, Ақтоғай ауданын ет-сүт өнім­­­дерімен толықтай қамтамасыз етіп отыр. Одан артылғанын Павлодар қала­сына, жақын орналасқан аудандарға жеткізеді.

– Егер су жіберу тоқтатылса, мал ба­сы күрт азаяды. Демек, өңірдің азық-тү­лік қауіпсіздігіне қатер төнеді. Облыс­тың ауыл шаруашылығы саласы ақсап, экономикаға нұқсан келеді. Ақкөл-Жайылма атырабы облысты қысқы шөп­пен қамтып отырған өлкенің бірі еді. Бұл мүмкіндігінен де айырылатын секілді, – дейді М.Алғамбаров.

Мәселенің мән-жайын білмек болып Қ.Сәтбаев атындағы каналдың ди­ректоры Оңдасын Жиенқұловқа хабар­ластық. Ол каналдан Шідерті өзенінің төменгі арнасына су жіберуге әлі күн­ге дейін республикалық бюджеттен қар­жы қарастырылмағанын растады. Де­рек­терге сүйенсек, 100 млн текше метр суды босатуға шамамен 2,9 млрд теңгеге жуық қаржы керек.

– Екібастұз ауылдық аймағының, Ақ­тоғай ауданының шаруа қожалық­та­ры үшін жыл сайынғы су жіберу про­цесі республикалық бюджеттен қар­­­­жы­­ландырылатын. Елдегі экономи­ка­лық жағдайға байланысты алдағы үш жылдық бюджетте су жіберу жа­йы қарал­­май отыр. Екібастұздық, ақто­ғай­лық шаруалар бізге хабарласып, мәселе көтеруде. 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет әлі бекітілген жоқ. Жағдайды реттеу үшін сұраныс жасалуда. Әлі оң жауап алған жоқпыз. Депутаттар, шаруа қожалықтары, облыс билігі мәселеден хабардар, – деді О.Жиенқұлов.

Канал директорының айтуынша, былтыр Павлодар облысы әкімдігінің тап­сырысына сәйкес, жіберілген судың қай жерге дейін жететінін, қандай әсер беретінін анықтау үшін арнайы зерттеу жұмыстары жүргізілген. Белгілі бол­ғандай, Екібастұз ауылдық аймағы мен Ақтоғай ауданының ауылдық округ­терін толықтай қамту үшін жылына 120 млн текше метр су керек. Шаруа қожа­лықтары тарапынан да суға деген сұраныс өсіп келеді. Ал енді жылда алып жүрген 100 млн текше метр судың өзі арман болып қалуы мүмкін.

– Каналдан су босатуға әлі күнге де­йін қаржы қарастырылмағаны түсі­нік­сіз. Қаржы үнемдеудің жолы осы екен деп, мыңдаған адамды тіршілік нәрін­сіз қалдыру ақылға сыймайды. Әуелде табиғи сумен-ақ қысылмай күн кешіп келген жергілікті халық Ор­та­лық Қазақстанды, ондағы өндіріс орын­дарын, ауылшаруашылық жерлерін қам­ту мақсатында стратегиялық тұр­ғыдан маңызы зор Ертіс-Қарағанды ка­на­­лының салынуына қарсылық та­ныт­паған еді. Себебі оның өтеуі ретінде ком­пенсациялық су жіберілетін. Ал оны тоқ­таудың зардабы қандай боларын 2000-2004 жылдар нақты көрсетіп берді. Ендеше жиырма жыл бұрынғы қателікті қайталау береке бермесі анық. Жалпы, мемлекет мүддесі үшін бәріне көнген Шідерті бойын жайлаған халық­тың қан­дай кінәсі бар еді?! – дейді Мырзағали Ерғалиев.

Павлодарлық шаруалар жыл сайын берілетін 100 млн текше метр судың көлемін қысқартып тастауы мүмкін еке­нін алға тартуда. Бірақ одан не қайыр?! Өзен арнасының басындағы елді­ мекендерге су жеткенімен, соңын­дағы шаруалар сорлап қалады. Олар суды азайтпай беруді талап етіп отыр. «Келер жылы сусыз қаламыз» деп ерте қамданған шаруа­лар осы аптада ел Пре­зидентінің атына хат жазды. Ендігі үміті Ақордада.

 

Соңғы жаңалықтар

Доллар қымбаттап жатыр

Экономика • Бүгін, 15:54

COVID-19: Қартаюды жақындатуы мүмкін

Коронавирус • Бүгін, 14:43

Күзенді қырған COVID-19

Әлем • Бүгін, 13:14

Қыстың бірінші күні үсіп қалған

Аймақтар • Бүгін, 12:18

Алтайлық аналар баспаналы болды

Аймақтар • Бүгін, 11:20

Ұқсас жаңалықтар