Таным • 27 Ақпан, 2020

Ер қазақ еді Ераға

240 рет көрсетілді

Түр тұлғасы, жүріс-тұрысы, көп желпіне қоймайтын, бәрін орнымен атқаратын, мінезге бай, жүрегі мейірімге толы, көңіліне қонбайтын сөзге «кім білсін» дей салатын, абыр-сабырдан құтылып, жайдары сәтінде, ағынан жарылар тұста «шынымды айтайын» деп бүкпесіз әңгіме тиегін ағытатын Ераға – Ержұман Смайылдың да мына жалған дүниеден жол үстіндегі жолаушыдай өте шыққанына да біраз уақыт болыпты-ау!

­Осы уақыт ішінде Ерағаң аңыз адамға айналғандай болды. Алдыңғы толқын аға­ла­ры, кейінгі толқын інілері төгіл­тіп жазып, «Азамат еді, жалт бермейтін турашыл еді, атаққа жығылып, лауазымдыдан именбейтін еді», деп аты аталған жерде «өткінші өмір-ай!», дейтіндер аз емес.

Болмысы бүтін азаматпен біз абиту­риент кезімізде, матрос формасымен жүрген шағында көріп таныстық. Шы­мыр біткен денесі құрыштан құйыл­ған­дай жұмыр көрінетін. Нық жүрісі сапта келе жатқан сарбазды көз алдыңа әкелетін. Жауырыны қақпақтай, қолы қарулы еді.

Ол сырт­қы келбетімен ғана емес, адами қа­сиетімен де ерекше болатын. Азамат­тық парыз, ел алдындағы қарыз дегенде қу­лыққа бармай, бұра тартпай,­ Құ­дай жаратқан қалыбын сақ­тайтын.

Университеттегі сабаққа кел­генде та­ғы да оза шапты. Үз­діктер қатарында Лениндік сти­пен­диат иегері атанды. Біз 35 сомға қолымызды әрең жет­кі­зіп жүргенде, ол 80 сом алды. Курстастарына қамқоршы болу жағынан Би апа (Бибігүл Мә­те­нова) мен Ерағаң алдына жан салмайтын.

Өмірлік тәжірибе бар, білім-білігі то­лысқан, тындырымды, әр іске жауап­кер­шілікпен қарайтын, жүрдім-бардымы жоқ Ерағаңды оқу бітірген жылы ұстаз­дарымыз университетке мұғалімдік қыз­метке алып қалды. Журналист болуды мақсат еткен ол алты айдан кейін «СҚ»-ға жұмысқа ауысты. Алдыңғы тол­қын ағалары оның алғырлығына тәнті болып, сенгендері сонша, қорытқан мақалаларына, жазған дүниелеріне қол тигізбей, баспаханаға жіберетін болған. Іскерлігі мен ісмерлігі арқасында ол зиялылар зердесінен ерте орын алды. Талап пен талғамды телқоңырдай ұстаған, сеніп тапсырған жұмысты аяғына жем түскен жабыдай кібіртіктемей, бойдағы бар күш-жігерімен атқаруы, арды аттамай, барды бағамдай алуы оған көп абырой әкелді. Қандай жұмысқа да белін бекем буып, тастүйін тұратын. Газеттің қара жұмысын да, шы­ғармашылық дара жұмысын да Ерағаң тыңғылықты атқарды. Сөйтіп журналистика сала­сын­дағы қазақтың қабырғалы қалам­герлеріне ерте танылды.

Ұлт дегенде түсіп аттанатын­ Сейдах­мет Бердіқұловтың қа­лауымен, ол кезде даңқы дүркіреп тұрған «Лениншіл жас» газетіне редактордың орынбасары болып ауысты. Ол тұста бұл екінің бірінің басына қона бермейтін бақ, біз үшін  мақтаныш еді. Одан соң өзін түлеткен «СҚ-ға» табан тіреп, ұзақ жыл «Егемен» басшыларының бірі болып қана қоймай, екі рет, нақтылап айтсақ, бас редактор, ак­ционерлік қоғамның президенті болды.

Жалпы, өмір жолындағы бас­қан бас­палда­ғы, ағалары мен заман­дастары туралы, өзінің сөзіне кезек берелік. «Шерағаңа орынбасар, бірінші орынбасар болғанға дейін «Лениншіл жас» газетінің редакторы, алғыр да алымды жазушы, абзал аға Сейдахмет Бердіқұловтың орын­­басары, Шерағаңнан кейін Қазақ­станның Еңбек Ері, ел ағасы, үлкен тәлімгер Әбіш Кекілбаевтың, ақкөңіл де ақжар­қын зияткер, көрнекті ақын Нұрлан Оразалиннің, қажырлы да қағілез замандас, ақ адал қай­рат­кер Уәлихан Қалижанның бірінші орынбасары болдым, өзім де бас редактор, акционерлік қоғамның президенті болып­ көр­дім, танымал басшы Сауыт­­бек Абдрахмановтың вице-пре­зи­денті болдым», деуі алдағы айтқанымызға дәйек.

Қазақтың жақсыларынан үй­ренген үлгіні, алған тәлімді тілге тиек етуі – біл­гендік. Кісілік пен кішіліктен ауыт­қымау, басшыға қосшы болу міндеті де абыройлы іс екенін, қоқырайып, қыр көрсетіп, «көсемдікке» ұм­тылмау адам­дыққа жатпайтынын, түсіністіктен кішіре­мей­ті­ніңді ескертіп отыратын. Бас­шыға қосшы болу ісінде жетекке ере бермей, ойыңды бүкпесіз ашық айту, өз тұсыңнан атқарған шаруаны баяндау да азаматқа тән қасиет екенін әр кез естен шығармайтын. Содан болар Шерағаңнан бастап, Әбекең қоштап – бәрінің де Ерағаңа жылы қарап, зор сенім артып Ерекең деп ілтипат танытқаны.

Ерағаң ел ісімен бірге дос­қа да адал, қамқор еді. Курс­тас­тарды қойып, олардан өсіп-өнген ұл-қызға, кейін өмірге келе бастаған немерелерге де жүрек жылуын, көңіл шуағын аяған жоқ. Қолы босай қалса, шүпірлетіп қаланы аралатуды да естен шығармайтын.

«Біздің достық бірте-бірте осыларға жалғасуы керек», дейтін. Бұл тұрғыда аяулы азамат парызын адал атқарды. Көп жағдайда Ерағаң бар деп еркін жүр­дік. Бар баланы өз баласындай көрді, бөл­ме­ді, бөлінбеді. Торқалы тойдың да, то­пырақты өлімнің де ортасында жүріп, жөн көрсетті. Ақ дастарқанның басында ағыл-тегіл шалқып, бірімізге біріміз сөз бермей кет­кен сәтте де жымиып оты­ра­тын. Келіндері қабақ түйсе, «жа­райды, ұрыспаңдаршы» деп сө­зімізді сөй­­леп, үй-үйімізге тара­тып, ертесі: «Қа­лай­­сыңдар, жақсы демалдыңдар ма?» дейтін.

Ерағаң қасиетті қара шаңырақ «Егеменді» ерекше бағалады. Оның бар жақсылығын өз жақ­сылығындай көрді. Қыз-жігіт­тердің ортақ қуанышының тө­рінде отыруға әр кез дайын тұ­ратын. Тіпті уақыт тауып, аудан-облыстарда өте­тін жастар тойын да елеусіз қалдыр­май, барып қайтушы еді.

Иә, жұмысты талап еткенде тәртіпке бағынып, былайғы кезде әзілін айтып, «балам, қызым»,­ деп жадырап жүретін.

Қазақ елінің қай түкпірін­де өмірден озған курстастары­мыздың бәріне дерлік барып қана қоймай, отбасыларының жағ­дайына қарайласып, кө­мек қолын созып отыратын. Қай­тарынан 15 күн бұрын Ұзын­ағашта тұратын Әлімжан Дәуітов досымыз дүниеден озғанда бара алмай, қырқына Астанадан арнайы барып, қатысып қайтқан болатын. Ел ішіндегі, достар, курс­тастар арасындағы қуаныш пен жайсыз хабарды алдымен Ерағаң еститін. Бәрімізге телефон арқылы жазба жіберетін, одан кейін барып не істеу ке­ректігін қозғап, мүм­кіндік болмаса, жақсылықты телефон со­ғып құттықтауды, жайсыз жай­ болса жабырқаған жанның көңі­лін аулап,­ жылы сөзбен жұ­батуды тапсыратын.

Қайбірін айтайық, ертеңгі­сін «Ей, қалайсыңдар!» деген Ерағаңның телефон қоңырауы­нан оянатын кездеріміз қазір сағымға айналып бара жат­қан­дай. Бірдің ісін көп болып­ жалғай алмай, қожырап барамыз-ау! Адам­дар арасына адал дәнекер болудың ұйытқысы да, үлгісі де Ерағаң еді.

Баспада жүрген жерімнен «Егеменге» Ерағаң шақырды. «Егеменге» келдім, қайнап жат­қан қазанның отын үрлеуші­лер қатарынан табылдық, біраз жұртқа та­нылдық. Мұны аға шарапаты деп білемін.

«Мен Құдайдан ғана қор­қамын», деп турасын айтып, қарап отыратын. Содан шығар, өрдегілер мен төмендегілердің көбі оған бата бермейтін. «Жа­санды сөзден аулақ болу керек. Шындықты жазыңдар. Жақ­сылықты көре білің­дер. Мә­­селенің тамырын ашу керек. Қо­ғамдағы өткір тұрған қиын-түйін­дер­ді қорықпай қоз­ғаңдар. Тиісті меке­ме­лердің көзі жетсін. Сондай шындықты жаз­басаңдар, сендерге серт, оны газетке шығармасам, қайырыла шапқандар табылса, сендерді қорғай алмасам, маған серт», дейтін. Сөзінде тұратын. Қандай шабуылға да қорған бола алатын.

Ер мінезді Ерағаңның бойын­дағы бір керемет қасиет жұмыс орнына адалдық, өндірген «өні­мі» саналатын газетті қа­дір­лей білу еді. Бір жылы редакцияда «ауа райы» бұзылып, Ерағаң қатардағы қызметкерге айналды. Бірақ аяқ тіреген ісіне де ол «Бұл қалай болды?» демей, қызу кірісіп кетті.

Бір күні көңілін аулап барсам, ойында түк жоқ, басшылардың тапсырмасын жанын сала орындап отыр. «Ераға кішкене демал­майсыз ба?» деймін. «Е-е, демалатын уақыт келеді», деп алып, көзін жұмып сәл отырды да, «Қайрат Мәми деген бір жақ­сы азамат бар еді. Жұмыс ұсынып жатыр. Кең кабинетің болады, қабылдау бөлмеңде хатшы қыз отырады. Астыңда машина. Бәрі бар», – деді. Мен ниетіне ризалығымды білдіріп, рахметімді айтып, «Ондай жы­лы-жұмсақ орыннан маған «Еге­мен» қымбат»,  дедім де, «Еге­мендегі» жігіттер журна­лис­тік жұмысты қимаса, зейнетке шық­қанша «дворнигін» берер», дедім. Есіңде болсын, зейнетке шыққан күні кетемін», деді. Мұны мен жай әңгімеге санадым. Сөйтсем бір мойын азамат сертке де, сөзге де берік екен.

Зейнет жасына келген күні, яғни 5 қаңтарда бұрынғыдай алшаңдай басып қабылдау бөл­месіне барсақ, хатшы қыз Ер­ағаңның кілтті тапсырып, «Ертеңнен бас­тап мен зей­нет­кер­мін», деп буынып, түйі­ніп кет­кенін жеткізді. Күнде айқара ашық тұратын есік жабық. Телефон соғып, «Пайғамбар жасыңыз құтты болсын!», дейміз. «Рахмет! Енді зейнеткер­ шалды осылай құттықтап тұрсаңдар болады», деді.

«Біраз демалып алып, қай­тадан келетін шығарсыз?».

Сәл үнсіздіктен соң: «Менің айт­қан сөзімде тұратынымды, екі сөйле­мей­тінім­ді білесің ғой. Жұмыс істеген кезде істедік. Демалатын кезде демалуым керек емес пе?»

70-ке келген күні кернейлетпей, сыр­найлатпай, өзі киелі санайтын «Еге­ме­ніне» өз әулетімен келіп, ұжымымен дидарласып, аз-кем мақтаулардың шеті шыққанда шекесі тырысып, «Он­дай артық сөздің керегі не?» деп, неме­релерінің өнерін тамашалатты. Соңында «Шынымды айтайын, бәріңе ризамын!», деді дидары нұрланып.

Бір ерекше тоқталар нәрсе, Ерағаң зейнетке шыққаннан кейін де қол қусы­рып қарап жатпады. Рухани дүниемен айналысты. «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда» деп Қасым ақын (Аманжолов) айтқандай, бірге оқыған 50 журналистің өмір жолын, олардың отбасын, ұрпағын қамтыған «Өзіміз туралы өзіміз шерткен сыр» деген жинақ шығарды. 460 бет кітапты құрастыру оңай болмағаны анық. Қиындығы – қиямет жұмысты аяғы­на жеткізуі. Бұл ерлік еді. Ерағаңа ғана тән табандылықтың арқасында іске асқаны сөзсіз. Қазір бұл кітап ұрпағы­мыздың қастерлі мұрасына айналды.

Қатар жүргеннің басына қиындық түссе жанынан табылуды, досқа адал болуды да біз Ерағаңнан үйрендік. Оған бір мысал, қоғам қайраткері, ақын, аудар­машы, алғаш рет қазақ рәміздерін жұрт­қа танымдық тұрғыдан жеткізген рә­мізтанушы Ербол Шаймерденұлы до­сымыз өмірден өткенде тік тұрып қыз­­мет етті. Қысқа мерзімде «Жү­ре­гімен от тасыған» атты естелік кітап шығаруға ұйтқы болды.

Одан кейін алты томнан тұ­ратын толық шығармалар жи­нағын жариялауға табанды түрде септігін тигізді. Сөйтіп до­сымыздың екінші өміріне іргетас болатын құндылықтың негізін қалады. Бұл оның бауыр­дай болған азаматқа кіршіксіз адалдығы деп білеміз.

Әр іске ыждағаттылықпен зейін қоя­тын азаматтың артын­да төрт кітап қалды. Алғаш­қы­сы Елбасының бұ­қа­ра­лық ақпарат құралдары саласында 1997 жылы тағайындаған сыйлығының тұңғыш лауреаты атанғаннан кейін газет­те жарияланған мақалалары топтас­тырыл­ған «Өмір деген – жол үсті» кітабы болатын. Ал «Достар еске түскенде» деп аталатын жинағында ата-жұрты ауы­лының адамдары, қа­наттас өскен достары туралы са­ғынышын сыр етіп шертеді.

«Ағалар еске түскенде» деп атала­тын жинақты парақтап отыр­ғанда, сұ­ра­пыл соғыстың кіндік қаны тамған Туған­бай ауылына да зардабы аз болма­­ға­нын, ер-азамат оқ пен оттың ор­та­сын­­да жүргенде, тылдағы адамдар­ да жан­­қиярлықпен еңбек еткенін дерек­тер арқылы, мұрағаттан алған мән­ді мә­ліметтермен береді. Қиын кезең­де Құдай бөлмесе, адам бөлмеген, жұды­рық­тай жұмылған алуан ұлт өкілдері де назардан тыс қалмаған. Бірінші кі­тапта да, бұл жинақта да ондаған емес, жүздеген адамның тағдыры баяндалып, аты-жөндері айтылады. «Отан үшін от кешкендер», «Соғыс өртіне шар­пылғандар: Соғыс балалары» деген екі тақырыпқа топтаған суреттердің өзі сол заманның бейнесін бедерлеп тұр­ғандай. Олардан өскен ұрпақтар да орын тапқан. Бұл дегеніңіз ұрпақтар сабақтастығының шежіресі десек жарасады. Осы жинақтағы «Шерхан Мұр­­таза» атты мақала мазмұнды, ре­дак­торлардың редакторы туралы әңгіме өте әсерлі шыққан. Аға мен інінің сырласуы десек те болады.

Курстастар шежіресін, дос­тар ше­жіре­сін, туған ауылы Туғанбай шежіре­сін жазып қалдырған Ерағаң «Әулет» деп Смайыл ата мен Күләш анадан тараған ұрпақ жайлы сөз бен суретті ұш­тастыра отырып, альбом-кітап жария­лады. Бір әулеттен тараған ұл мен қыз,­ олардан өсіп-өнген немере, шөбере, шөпшек − бәрі қам­тылған. Мұндай үлгіні кез келген азамат қағып алып қа­лып­тастырса, бір атаның бала­лары­ның жат болып кетпеуіне, жақын болып жүруіне мүмкіндік туғызары сөзсіз.

Ерағаң өзі зейнетке шық­қан­нан кейін Шерағаңа жиі­ барып жүрді. Бір жолы «Абы­зы­мыздың айбары әлі мықты, бәрін біліп-сезіп отыр. Маған қарап, «Зейнеткерім, баяғы қалпыңнан өз­гермепсің, келінге рахмет. Әй, сен осы жалған дүниеге алданбайтының, жал­ған сөйлемейтінің маған ұнайды», деді деп келді.

Сөз зергері Әбекең – Әбіш Кекіл­баев мына жалған дү­ниеден аттанған күні үйіне бар­дық. Елбасы да көңіл айта келген екен, ол кісі шыққанша есік алдында күттік. Келе жат­қанда иіріліп тұра қалдық. Қатар тұрғандардың бәріне қол беріп келе жатып, Ерағаңа қайы­­рылып қарағанда: «Мен Ер­жұманмын ғой, аға!» деп еді, «Білемін, қайдасың?». «Үйдемін, зейнеткермін» деді.

Адамның ойға алғанының бәрі орындала бермейді. Курс­тастар, достар, ауыл тарихы, әулет туралы қалам тербеген Ерағаң: «Егемен» туралы кітап жазсам, онда басылым кезеңдері, оған куә болған адамдар – бір сөзбен айтқанда, газеттің бір ғасырлық тарихын шамам жеткенше хатқа түсірсем», деп еді. Фәниге аттанарынан санаулы күн бұрын сол ниетін орындау үшін өткен жылдың (2018 жыл) 19 ақпанында 4 бет қолжазбасын қыздарына бастырған болатын.

 Бастырып отырғанда: «Еге­менім» туралы қолға қалам алдым. Енді өмір болса, соның басын қайырсам», деп біраз ес­теліктердің тиегін ағытқан.

Амал не, аяқталмай қалды. Алла Ерағаңа ғұмыр бергенде «Егемен» туралы да кітап жа­рық­қа шығып, газеттің өткен тарихына, жүздеген арыстардың, тол­қын-толқын ұрпақтың өмір жо­лына кейінгі жас қанық болар еді.

Содан болар қазір «Азамат Ерекең ер еді ғой!» деген сөзді ғана естисің. Ұлындай үкілеген, қызындай аялаған «Егеменнің» бір шоғыр жасы Ерағаң десе, көздері мөлт-мөлт етеді.

Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов­тің «Қай істің болсын алға басуы, іске асуы үшін ең алдымен ниет, содан соң күш және тәртіп керек», деген аталы сөзін қалқан етіп ұстаған, оны бұлжытпай орындап өткен Ерағаң – Ержұ­ман Смайыл туралы әлі де айтар естелік баршылық.

 

 

Соңғы жаңалықтар

Саңлақтар сыр бермеді

Спорт • Бүгін, 20:36

Ұқсас жаңалықтар