Қазақстан • 26 Қазан, 2020

Қазақстандықтарда "цифрлық әлеуметтік әмиян" пайда болады

46 рет көрсетілді

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сауда мен экспорттағы инфрақұрылымдық және цифрлық жобалар, олардың өзара қалай тоғысатыны және олардың ел үшін пайдасы туралы айтып берді, - деп хабарлайды Egemen.kz

Сауда және интеграция министрі айып өткендей, Еуразиялық экономикалық одақ және Орталық Азия өңірі елдерінің баламалы жүйелерін интеграциялай отырып, ұлттық тауар өткізу жүйесін құру – Мемлекет басшысының маңызды тапсырмасы болып табылады.

"Қазақстанда ҰТЖ 24 көтерме-тарату орталығынтан тұратын болады, олар фермерлік өнімді сақтау және қайта тарату бойынша көрсетілетін қызметтердің толық кешенін көрсетуге бағытталады. Мұндай орталықтарды құру шикізатты сатып алу, өнімді өндіру және өткізу кезінде жеке қосалқы шаруашылықтарды қоса алғанда, көптеген шаруашылықтардың күш-жігерін шоғырландыруға мүмкіндік береді. Бір мезгілде барлық ауыл шаруашылық өндірушілерін кепілді тауар өткізілімімен және кіріс өсімімен қамтамасыз етеді. Жоба практика жүзінде іске асыру сатысына шығуда. Қазанның басында алғашқы 7 көтерме-тарату орталығының құрылысына мүдделі бизнес-консорциум компаниялар жеке қаржы бастамасымен министрлікке өтініш білдірді. Қазір олармен жұмыстар жүргізілуде", - деді Бақыт Сұлтанов.

Спикер атап өткендей, аталған 7 объекті Павлодар облысының Мичурино ауылы мен Ақсу қаласында, Алматы облысының Қапшағай қаласында, Жамбыл облысының Шу қаласында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Шымкент және Алматы қалаларында орналасатын болады.

"Тауар өткізу жүйесінің функционалдық мүмкіндігі қазақстандықтың "цифрлық әлеуметтік әмияны" болады. Оны енгізуді пысықтау биылғы Жолдауда тапсырылды. Бұл бір жағынан, азаматтарға әлеуметтік көмекке бөлінетін бюджеттік ресурстардың нысаналы пайдаланылуын және екінші жағынан, отандық тауар өндірушілерге жасырын қолдау түрінде оларды "қайтаруды" қадағалау үшін жасалады. Яғни, цифрлық әмиян біздің бизнес жүзеге асыратын әлеуметтік маңызды тауарлар, жұмыстар немесе көрсетілетін қызметтер үшін төлем төлеуге арналған», - деді министр олардың өзара байланысына мысал келтіре отырып.

"Ұлттық тауар өткізу жүйесінің механизмі – өнімді сатып алушыға тиімді және тез жеткізу, былайша айтқанда, "алқаптан сөреге дейін", сонымен қатар, оны сақтау. Бұл жағдайда тұтынушы алатын әсер – қосымша жарнамасыз және ең жақсы сападағы өнім. Ал әлеуметтік көмек алатын азаматтар қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың арнайы жүйесі арқылы осы отандық тауарларды сатып алып, ақшаны фермерлерге тікелей жібере алады. Осылайша, өндіруші мен тұтынушының бір-біріне деген өзара тиімді қызығушылықтарын біріктіре отырып, біз ҰТЖ арқылы тауар-ақша айналымының өзіндік бір түрін жабамыз", - деді Бақыт Сұлтанов.

Министр жұмыстарды үйлестіру үшін еңбек, цифрлық даму және қаржы министрліктерімен, Ұлттық банкпен және қаржы секторындағы қоғамдық ұйымдармен бірлескен жұмыс тобы құрылғанын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар

Қару ұстауға бақылау күшті

Қоғам • Бүгін, 18:11

Ұқсас жаңалықтар