Қоғам • 22 Ақпан, 2020

Әкім және әлеумет: көптің мәселесі қалай шешімін табады?

43 рет көрсетілді

Бүгінде өңірлерді дамыту жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілуде. Сонымен қатар, көптің көкейінде жүрген мәселе де көп. Ал, бұл мәселелер қалай шешімін табады? Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ауылдық жерлердің әлеуметтік-экономикалық ахуалын барлау мақсатындағы жұмыс сапарын Жамбыл ауданынан бастады.

Қазіргі кезде Жалпақтөбе ауылында 10 мыңнан астам тұрғын бар. Бұл ауылда «Шәріпов» шаруа қожалығының басшысы Фахриддин Шәріпов 270 гектарға пияз, картоп, сәбіз, қант қызылшасын егеді. Әкім аталған шаруақожалықтың сыйымдылығы 1200 тонна болатын көкөніс сақтау қоймасымен танысты. Сондай-ақ, шаруашылықтың 16 тракторы, басқа да қосалқы техникалары мен лизингке сатып алынған қызылша жинау кешендері бар екен. Алайда, шешілмей отырған мәселелер де бар. Мәселен, шаруа қант қызылшасын алған қант зауыттарының бірі өзіне 25 миллион теңге қарыз екендігін айтты. Бердібек Сапарбаев бұл мәселеден хабардар екендігін, тәтті түбір егумен айналысып отырған шаруалармен кездесіп, өңірде қалыптасқан жағдайды және одан шығу жолдарын талқылайтынын жеткізді.

Бердібек Сапарбаев В.Чкалов атындағы мектепте көпшілікпен кездесті.   Тұрғындар ауылдағы шаруашылықты дамыту, жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін туындап отырған жер тапшылығы мәселелерін көтерді. Сонымен қатар, ауылдықтар Мәдениет үйі керек деген тілектерін де білдірді. «Жер қорына талдау жүргіземіз, пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, нақты жұмыс істегісі келетіндерге беретін боламыз.  Жалпы, облыс бойынша ағымдағы жылы осындай 70 мың гектар жерді мемлекетке қайтаруды жоспарлап отырмыз», деді Бердібек Сапарбаев. Сондай-ақ, тұрғындармен өткен кездесуде әкім халық бірлігін көздің қарашығындай сақтау керектігін айтты. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәифей Әбдіхалиль бұл ойды қуаттаса, облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі Руслан Исмазов ауыл тұрғындарын қазақ тілін белсенді меңгеруге шақырды.

Бердібек Сапарбаев «Super-pharm» бір реттік медициналық бұйымдарды өндіру зауытында болды. Кәсіпорын медициналық халат, бинт, бір реттік бахилдер, медициналық бетперделер, төсеніш сияқты 300-ге жуық өнім түрлерін шығарады. Алайда, «Super-pharm» ЖШС директоры Қайрат Қаймолдаев доллар бағамы мен инфляцияның өсуін ескере отырып, өнімнің бағасын көтеру, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның зауыт өніміне шекті бағаны бекітуге қатысты қолдауға зәру екендігін білдірді.

Аса ауылында орналасқан «Амангелді ГӨЗ» ЖШС Тараз филиалы мұнай өндеу зауытының директоры Оралбай Исақаев кәсіпорын 18 өнім түрін, оның ішінде үш маркалы бензин мен мазут, төрт дизель отыны мен авиакеросин шығаратынын атап өтті. Алайда, шикізат тапшылығынан зауыт қолда бар қуаттың 10 пайызымен ғана  жұмыс істеуге мәжбүр болып отыр. Зауытқа айына 15 мың тонна мұнай қажет, бірақ газ өңдеу кәсіпорны шикізатты жеңілдетілген бағамен сатып ала алатындар тізіміне енгізілмеген. Сондай-ақ, экспортқа рұқсаттың болмауы да зауыттың жұмысына кедергі келтіруде екен. Бердібек Сапарбаев қалыптасқанжағдайды шешу жолдарын қарастыру үшін жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Бердібек Сапарбаевтың аудандағы жұмыс сапары М.Төлебаев атындағы өнер мектебінде қорытындыланды. Актив жиынында Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаев алдағы жоспарлар туралы баяндады. Ал, Бердібек Сапарбаев ауданның әлеуеті, адами капиталы мен табиғи ресурстары облыс бойынша алдыңғы қатардан көрінуге зор мүмкіндік беретінін атап өтті.

Бердібек Сапарбаев Т.Рысқұлов ауданында да болып, құландық көпшілікпен кездесті. Әуелі Құмарық ауылындағы Болтай батыр орта мектебіне барды. Аудан әкімінің орынбасары Бейсенбек Әлпейісов аудандағы білім беру саласының жай-күйін баяндады. Алайда, Болтай батыр атындағы мектеп салынған 1991 жылдан бері қарай жөндеу көрмеген. Бердібек Сапарбаев тоғыз жолдың торабында орналасқан ауыл мектебін күрделі жөндеуден өткізу мәселесін қарастыратынын айтты. Сондай-ақ, Бейсенбек Әлпейісов аудан орталығы Құлан ауылындағы мектептің орын тапшылығы туралы әңгімеледі. 730 орындық мектепте қазір 1600 бала оқиды екен. Ал, ауылдық мәдениет үйінде әкіммен кездескен жұртшылық өздерін мазалап жүрген біраз мәселелерді жеткізді. Құмарық ауылының тұрғыны Мамыт Рахимов балабақша қажеттілігін айтса, ағайынды Марат, Жандос Жазықовтар ауылда мал жаятын жердің жоқ екенін, бәрінің жекешеленіп кеткенін және 33 адамның жер үлесінің жоқ екенін айтты. Бердібек Сапарбаев пайдаланылмай жатқан жерлердің мемлекет меншігіне қайтарылатынын жеткізді. «Ешкімнің әкесінің тастап кеткен жері жоқ. Жерді тиімді пайдалану керек. Болмаса қайтару керек», деді әкім.

1

Бердібек Сапарбаев Құмарық, Көкдөнен және Құлан ауылдарына барғанда да негізінен көптің тілегі жер, баспана, көгілдір отын, ауызсу мәселелері туралы болды. Аудан әкімі Ерболат Садырқұлов та «Аудан үшін тұрғын үй мәселесі өзекті. Ауданда осы уақытқа дейін тұрғын үй құрылысы жүргізілмеген. Айына екі рет тұрғындарды қабылдаймын. Мен үшін ең ауыр сұрақ осы баспана мәселесі», деді. Бұдан кейін Рахманәлі Әбдіхадыров Жаңатұрмыс, Қарақыстақ ауылдарында газ тартыла бастап, кейіннен тоқтап қалғанын айтса, көпбалалы ана Жауһар Жұматаева мүмкіндігі шектеулі бір баласының бар екенін айтып, облыс әкімінен тұрғын үй алып беруге көмек сұрады. Сонымен қатар, Үмбет Жанаділов Қарақат ауылында он жылдан бері ауызсу жоқ екенін жеткізсе, көпбалалы ана, кәсіпкер Сәуле Қабылбекқызы Құлан ауылындағы Әлихан Бөкейханов атындағы мектептің дене тәрбиесі пәні мұғалімінің тәртіпсіздігі туралы, жалпы, аудандық құқық қорғау органдарының жұмысының төмен екенін әкімге жеткізіп, оларға тиісті шара қолдануды сұрады. Өз сөзінде Бердібек Сапарбаев жер, тұрғын үй сияқты халық тарапынан қойылған барлық сұрақтарға жауап беріп, мәселелердің барлығы да заң аясында, уақытымен шешілетінін жеткізді.

 

Жамбыл облысы

Соңғы жаңалықтар

Жасанды интеллект жәрдемі

Технология • Бүгін, 07:58

Аң-құсқа да қамқорлық қажет

Оқиға • Бүгін, 07:55

Жаңа аудандағы жасампаз іс

Аймақтар • Бүгін, 07:53

Ауылдағы сервистік әкімдік

Аймақтар • Бүгін, 07:48

Әлемді қызғылт сары етейік

Қоғам • Бүгін, 07:37

Елбасы және Қазақстан ғылымы

Елбасы • Бүгін, 07:27

Мұғалім жасаған сабын

Ғылым • Бүгін, 07:09

СКА-ға есе жіберді

Хоккей • Бүгін, 07:09

Абайдың 180 өлеңін жатқа айтады

Аймақтар • Бүгін, 07:08

Ұқсас жаңалықтар