Аймақтар • 22 Қазан, 2020

Хромтау ауданында жұмыссыздар кәсіп ашты

136 рет көрсетілді

Соңғы жылдары кәсіпкерлік негіздеріне оқып, мемлекеттен қайтарымсыз грант пен арзандатылған несие алған бірнеше хромтаулық тұрғын өз кәсіптерін кеңейтіп, бірнеше  жұмыс орындарын ашып үлгерді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Солардың бірі – үшінші топ мүгедегі  Ұлдай Темірбекова. Бұрынғы балабақша тәрбиешісі көзінің көруі нашарлаған соң жұмысын ауыстыруға шешім қабылдап,  "Атамекен" кәсіпкерлік палатасының Хромтау аудандық филиалында  оқып, сертификат алған. Содан  жеке кәсіпкер ретінде тіркелген соң  2018 жылдың желтоқсан айында "Еңбек" бағдарламасы бойынша "Даму" қорынан 6 миллион теңге несие алып, кондитер цехын ашуға кіріседі.

"Хромтау қаласындағы көп қабатты үйдің бірінші қабатынан  иесіз қалған  шағын орынды әзер тауып, 4 миллион теңгеге сатып алдым. Бірақ  құжаты дұрыс болмағандықтан, оны реттеуге, күтімсіз ғимарат ішін   жөндеуге көп уақытым кетті.  Жақындарым да көмектесті. Сөйтіп, осы орынды ретке келтірген соң тәтті тағамдар пісіретін пеш  жабдықтарын алдырдым. Бірте-бірте тапсырыстар қабылдап, жұмысымды кеңейттім. Қазір үш адамды жұмыспен қамтып отырмын", дейді Ұлдай Темірбекова.

14

Сол сияқты  төрт баланың анасы  Рысжан Күлетенова  "Бизнес-бастау" бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқып,  550 мың теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткізген. Жас ана  осы қаржыға бірден шаштараз құралдарын сатып алып, жұмысқа кіріседі. Ол  хромтаулық көп балалы аналармен бірлесе отырып, орынды жалға алып, сән салонын ашады. Бір жылдың ішінде   шеберлігін шыңдаған Рысжан қазір тәжірибелі шаштаразшы.  Оның айтуынша, жұмыссыз келіншектердің ең басты мәселесі –іштегі үрей мен тәуекелге бара алмаушылық. Адам өз бойындағы қорқынышын жеңіп, алға ұмтылғанда ғана  мақсатына жетеді дейді ол.

42

Қылмыстық жазасын өтеп келген хромтаулық жас жігіт Александр  Ивашенко жарамсыз темір-терсектерді қайта жөндеп, түрлі тұрмыстық бұйымдар жасап шығаруды қолға алған. Ол бұл кәсіпті түрмедегі кәсіптік бағдар беру  курстарында оқып  үйренген. Қазір ол жұрттың жарамсыз болып қалған темір-терсектерін жинап, қақпа, қоршау жасайды. Тапсырыс көбейген соң  хромтаулық бір тұрғынды жұмысқа алған. Бірақ сонда да үлгере алмай жатыр. Александр болашақта ағаштан түрлі тұрмыстық бұйымдар жасауды қолға алмақшы.

Сондай-ақ ауданда тігін цехтары  көбейіп келеді. Мәселен, Құдықсай ауылдық округіне қарасты "Нұр" шаруа  қожалығы цигей тұқымды қойлар өсіріп, оның жүндерін өңдеп, көрпе тігіп сатуға шығарып  отыр.

Хромтау аудандық  жұмыспен қамту бөлімінің басшысы  Ұлан Жаналиннің айтуынша,  2020 жылы "Еңбек" бағдарламасы бойынша   аз қамтылған, көп балалы  90 хромтаулық тұрғын қайтарымсыз грантқа қол жеткізсе,  71 адам "Еңбек" бағдарламасымен жылдық мөлшерлемесі 6 пайыздық несие алған. Қайтарымсыз грант алған  ауылдық округ тұрғындары осы қаржыны жол бойында наубайханалар ашуға, құс өсіруге, қой-ешкі сатып алуға жұмсаған. "Құжаттарды тезірек рәсімдеуге жұмыспен қамту бөлімінің қызметкерлері араласса, шаруа тез шешіледі.  Біз көбіне кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін көп балалы ананың  анықтамаларды электрондық жүйеде алуына көмектесеміз. Бұл жерде ең бастысы –кәсіп бастағысы келген жұмыссыз азаматтың мойнында несие қарыздары болмауы керек. Сөйтіп, бір айдың ішінде жеңілдетілген несие немесе қайтарымсыз грант алуына тезірек ықпал етеміз", дейді Ұлан Жаналин.

 

Ақтөбе облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Әскерилер қан тапсырды

Аймақтар • Бүгін, 12:33

Ұқсас жаңалықтар