Аймақтар • 22 Қазан, 2020

Қауіпті індет қайта көбейді

23 рет көрсетілді

Атырауда күн сайын қауіпті індетті жұқтырушылар көбейіп барады. Науқастардың әсіресе Жылыой ауданындағы Теңіз кеніші мен Атырау қаласында артқаны байқалып отыр. Мәселен, екі тәулікте 21 адамның коронавирус инфекциясына шалдыққаны анықталды. Облыстық денсаулық басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 19 қазанда Теңіз кенішінің 9 жұмысшысы коронавирус жұқтырып еді. Бір күннен соң олардың қатарына тағы да 3 науқас қосылды. Ал Атырау қаласында соңғы екі тәулікте 9 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны белгілі болды.

Осыған орай облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов ден­сау­­лық сақтау саласындағы ор­ган­дардың басшыларымен кеңес өткізіп, коронавирустың екінші толқынына қатысты сақтық шараларын күшейтуді тапсырды. Өйт­кені соңғы кездегі ахуал осындай қадам жасауға себеп болып отыр. Сондықтан аймақ басшысы бұған дейінгі тәжірибені ескеріп, шілдеден бері рейд жүргізетін 114 мобильдік топтың жұмысын жандандыру қажеттігіне назар аударды.

– Біз үшін әр азаматтың сау­лы­ғы мен қауіпсіздігінің ма­ңызы зор. Дәрігерлердің нұсқауына сәйкес, медициналық мас­ка тағуға бейжай қарауға болмай­ды. Арақашықтықты, бас мем­ле­кеттік санитарлық дәрігер қол қойған қаулының қағида­ла­рын сақтау басты талап екенін ұмыт­пау керек. Өйткені коронавирус инфекциясының қаупі әлі сейілген жоқ. Сол себептен бізге қазір босаңситын емес, кері­сін­ше қауіпсіздікті күшейтетін уа­қыт келді, – деді облыс әкімі М.Досмұхамбетов.

Әкімнің пікірінше, мобильдік топтар тұрғындарға да, кәсіп­кер­лерге де коронавирус инфек­циясының қаупі туралы түсіндіруді жалғастыру керек. Ал шектеу талаптарын өрескел бұзатындар болса, тиісті жазаға тартылуы тиіс.

– Қазір пандемияның екінші толқынына дайындық күшей­тіл­ді. Алайда тұрғындар мен кә­сіп­керлер арасында өңірдің бас са­нитарлық дәрігері бекіткен қау­лының талаптарын бұзу жайттары кездесіп отыр. Қауіпті вирус салғырттықты көтермейді. Сондықтан әр тұрғын санитарлық талапты толық сақтағанда ғана қауіпті инфекцияның таралуын толық тоқтата аламыз. Бұл – елдің қауіпті індеттен аман шығуының жалғыз жолы, – деді облыс әкімі.

Әкімнің айтуына қарағанда, өңірде құрылған 114 мобильдік топ 5 шілде-17 қазан аралығында 3 315 тексеріс жүргізіпті. Тексеру кезінде карантиндік шектеу талаптарын бұзудың 477 дерегін анықтап отыр.

Өңірде қауіпті індеттің тара­луы­ның алдын алу үшін Х.Дос­па­нова атындағы халықаралық әуежайда шетелден ұшып ке­ле­тін жолаушылар жедел тек­се­рі­леді. Облыстық тауарлар мен көр­сетілетін қызметтердің сапа­сы мен қауіпсіздігін бақылау депар­та­менті таратқан ақпаратына сүйен­сек, мұнайлы өңірге шет мем­лекеттерден 19 қазанда бес әуе рейсі ұшып келіпті. Халықаралық әуе рейстерімен жеткен 523 жолаушының 64-інде ПТР-тест қорытындысы болмай шығыпты. Сол себептен жолаушылар каран­тиндік стационарларға жатқы­зыл­ды. Алайда барлық жолаушыдан алынған сынаманың зерттеу қорытындысы теріс нәтиже көрсетті. Қауіпті инфекция анық­тал­мағандықтан, жолаушылар үйіне жіберілді.

Сондай-ақ өңірге Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нис­трлігі сатып алған 100 жыл­жымалы диагностикалық меди­ци­налық зертхананың бесеуі жет­кі­зілді. Облыстық денсаулық сақ­тау басқармасы басшысының мін­де­тін уақытша атқарушы Асхан Байдуәлиевтің айтуынша, мобильді диагностикалық медициналық кешен Индер, Исатай, Қызылқоға Мақат және Махамбет аудандарына берілді. Бұған дейін дәл осындай жылжымалы зертхана Жылыой және Құрманғазы аудандарына жеткізілген. Осылайша об­лыс­тың жеті ауданы мобильді диагностикалық медициналық кешенмен қамтылып отыр.

– Медициналық кешен арқылы аудандардағы тұрғындардың созылмалы инфекциялық емес ауру­­­­ларын ерте анықтауға мүмкіндік береді. Енді тұрғындардың ден­сау­лық жағдайын кешенді тексеру үшін жылжымалы диагностикалық зерттеулердің кең спектрін жүр­гі­зу­ге болады. Жылжымалы кешен арнайы лифт-пандуспен жаб­дықталған. Онда мүмкіндігі шек­теу­лі адамдар үшін жеке кіру есігі қарастырылып отыр, – деді А.Байдуәлиев.

Оның айтуынша, бұдан былай медициналық кешенде бір күнде 150 адам терапевт, кардиолог, хирург, эндокринолог, оториноларинголог, окулист, уль­тра­ды­быстық зерттеу және рент­ген мамандарының қызметіне жүгі­не алады. Бұл кешеннің көме­гі­мен 60-тан астам ауруға диагноз қоюға мүмкіндік бар.

 

Атырау облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Желаяқ Джонсон

Жеңіл атлетика • Бүгін, 07:35

«Қауіпті сынап» акциясы өтті

Аймақтар • Бүгін, 07:18

Комиссия отырысын өткізді

Саясат • Бүгін, 07:10

Өңірлік форумда бас қосты

Оқиға • Бүгін, 07:02

Байден формуласы

Әлем • Бүгін, 06:48

Жаяуға да жаза бар

Қоғам • Кеше

Ұқсас жаңалықтар