Экология • 22 Қыркүйек, 2020

Ел тілегі ескерілді

25 рет көрсетілді

Шығыс Қазақстандағы экологиялық проблемалар арнайы Жол картасы аясында шешілетін болады. Бұл туралы таяуда өңір тұрғындарының қатысуымен өткен онлайн жиында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты. Бейне байланыс арқылы өткен кездесуде аймақтағы өзекті мәселелер көтерілді.

Жол картасы арқылы алдағы жылдары Риддер металлургиялық кешенінде өндіріс орындарынан ауаға шыққан қалдыққа мониторинг жүргізудің автоматтандырылған жүйесін енгізу, жеке секторды орталық жылумен жабдықтау жүйесіне қосу, облыстағы қалаларда ластаушы заттарға сараптама жасайтын заманауи зертханалар салу, сол секілді ағаш отырғызу көлемін арттыруға бағытталған 30-ға жуық іс-шара жоспарланған.

«Жергілікті халық қоршаған ортаның жағдайына байланысты атқарылып жатқан жұмыстар туралы білуі тиіс. Сондықтан Жол картасын бірлесіп дайындауға шақырамын, біз барлық ұсыныстарды тыңдап, ескеруге дайынбыз. Жол картасы мазмұнды, нәтижелі болуы керек. Өңірдегі проблемалар ондаған жылдар бойы жиналып қалғаны мәлім. Сондықтан олар бірден шешіле қоймайды. Дегенмен өндірістік өңірдегі қоршаған ортаның жағдайын жақсарту үшін бар күшімізді салуымыз қажет», деді М.Мырзағалиев.

Жол картасы ұсыныстар қабылданғаннан кейін қоғам өкілдеріне қайта таныстырылады.

Онлайн жиында қоғам бел­сен­ділері мен ғалымдар атмосфе­ралық ауаның ластануы, оған қатысты қабылданып жатқан шара­ларға қатысты сауалдарын жол­дауға мүмкіндік алды. Аймақ тұр­ғын­дары экологиялық мониторинг бекет­те­рінің санын көбейтуді сұрады. Ведомство басшысы Экологиялық кодек­сте нақты қадамдар көрсетіл­ге­німен өңірдегі қоршаған ортаның ахуалын реттеуге байланысты шұғыл әрекеттер қажет екенін айтты.

«Еуропа «Озық қолжетімді технологиялар» (ОҚТ) арқылы экологиялық ахуалды жақсартуға 15 жыл жұмсағанын білеміз. Біз Экологиялық кодексте бұл мерзімді де ескердік. Бірақ жылдар бойы күтіп, қарап отыра алмаймыз. Барынша тезірек әрекет етуіміз керек. Халық және жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бас қосып отырғанымыз да сол», деді министр.

М.Мырзағалиевтің айтуынша, былтыр өндіріс орындары табиғатты ластағаны үшін 90 млрд теңгедей төлеген. Оның 40 млрд сомасы елдегі экологиялық жағдайды жақсарту шараларына бағытталды.

 

Соңғы жаңалықтар

Әскерилер қан тапсырды

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар