Білім • 22 Қыркүйек, 2020

Шежірелі білім ордасы

36 рет көрсетілді

Сыр өңіріндегі тарихы терең білім ордаларының бірі – И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжі. Құрылғанына 90 жыл толып отырған оқу орны сан мыңдаған түлек тәрбиелеп, әр саланы білікті мамандармен толықтырды.

Суретті түсірген Нұрболат Нұржаубай

Осы жылы колледж күрделі жөндеуден өтіп, оқу орнына есімі берілген мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері, соғыс ардагері И.Әбдікәрімовтің ғимарат ал­дын­дағы ескерткіш бюсті қай­та жаңғыртылды. Осыған орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқа­да­мов қатысты. Ал тарихы 1930 жылдан бастау алатын оқу орны әр дәуірде түрлі атауға ие болып, дайындалатын мамандық аясын да кеңейтіп отырыпты. Осы жылдар аралығында 12 мыңнан аса түлегі ұшырған іргелі оқу орнында ма­те­риалдық-техникалық база жа­ңарып, білікті педагогтер жүйе­сі қалыптасты. Қазақстан Республикасы Министрлер Каби­нетінің 1997 жылғы 8 ма­мыр­­дағы №814 қаулысымен өңір­дегі ауыл шаруашылығы, поли­техникалық және темір жол колледждерін біріктіру арқы­лы Қызылорда аг­рар­лық тех­никалық колледжі болып құ­рылды. Ал 2003 жылы колледжге осы оқу орнының танымал түлектерінің бірі, қоғам қайраткері И.Әбдікәрімовтің есімі берілді.

Жаңақорған ауданында ту­ған Исатай Әбдікәрімов 18 жа­­сында соғыс сарбазы атана­ды. Май­даннан оралғаннан кейін соғыст­ан тұралаған ел тұрмысын түзеу үшін еңбек етті. Аудан, об­лыстық партия комитетін бас­қарды. Жет­пі­сін­ші жылдар соңына қарай Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Прези­диумы­ның төрағасы болып тағайын­далады.

Қазір тарихы терең оқу ордасында екі мыңға тарта студент 30 мамандық бойынша білім алуда.

– Білім ошағы 2015-2019 жылдарға арналған индус­триал­ды-инновациялық даму мем­ле­кет­тік бағдарла­ма­сы­ның сұра­ны­сына сай Білім және ғылым министрлігі мен «Кәсіпқор» холдингі АҚ анық­таған еліміздегі білікті маман даярлайтын үздік он колледждің қатарына енді. Өңір­ге қажетті мамандықтар даяр­лауда колледждің орны ерекше екендігін атап өткен жөн. Мысалы, 2013 жылы Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми зерттеу институтымен жасалған келі­сімшарт негізінде, аймақта алғаш рет колледжде «Агро­но­мия» мамандығын дуальді оқыту жүйесі енгізілді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарба­ев­тың бастамасымен Жастар жылында қолға алынған «Жас маман» жобасын өңірімізде жүзеге асыратын 9 колледждің қатарына енгізілген бұл оқу орнының материалдық-техни­ка­лық базасын заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін қажетті қаражат республикалық бюджеттен бөлінді. Жастардың кәсіптік білім алуына жасалған осы мүмкіндікті оқу орнының бас­шылығы игілікті іске айналдыра білгені қуантады. Ғасырға жуық тарихы бар оқу ордасына бұдан да биік белес тілейміз. Мерейтой қарсаңында қайта жабдықталған оқу орнының бүгінгі келбетіне сай демеушілер көмегімен гранит тас­пен қапталып, қоладан құйылған И.Әбдікәрімов ескерткіші де жа­ңар­тылып отыр, – деді облыс әкі­мінің орынбасары.

 Жиын барысында ғалым, профессор Қазыбай Құдайбергенов қандай биік қызметте жүрсе де ақи­қаттан аттамай өткен азамат Исатай Әбдікәрімов туралы ес­те­лік айтса, қызы Шәмшия Исат­­айқызы ұжым басшылығына алғы­сын жеткізді. Мұнан кейін жиналған көпшілік «Жас маман» жобасы бойынша жабдықталған зерт­ханалармен танысып, «Ше­жі­­ре­лі білім ордасы» атты салтанатты кешке қатысты.

 

 ҚЫЗЫЛОРДА

 

Соңғы жаңалықтар

Адасқан балықшы аман табылды

Аймақтар • Бүгін, 17:06

Ұқсас жаңалықтар