Аймақтар • 22 Мамыр, 2020

Байзақ ауданында жол жөндеу жұмыстары жүйелі жүргізілуде

49 рет көрсетілді

Бүгінгі таңда жалпы Байзақ ауданы бойынша республикалық 56, облыстық 134,75, аудандық мәндегі 132,07 шақырым автомобиль жолдары, он сегіз ауылдық округке қарасты 43 елді мекенде ұзындығы 421,1 шақырым болатын 434 көше бар. Аудандық әкімдіктің мәліметінше, облыстық маңызы бар «Тараз – Сарыкемер – Түймекент – Ақшолақ» автожолының 3,4-14,4 шақырым аралығын, «Тараз – Жетібай – Тегістік – Ойық» автомобиль жолының 1,7-7 шақырым аралығын қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланған.

Өткен жылы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен мердігер мекеме «КазакДорСтрой» ЖШС арасында бірінші нысан бойынша 2 159,4 миллион теңгеге, екінші нысан бойынша 698,887 миллион теңгеге келісімшарт жасалып, қайта жаңғырту жұмыстары басталған. Жобаны іске асыру 2019-2020 жылдарға жоспарланған.

Сондай-ақ, өткен жылы 315,1 миллион теңгеге аудандық мәндегі 23,5 шақырым жолға орта және ағымдағы жөндеу  жүргізіліп, оның ішінде 15,9 шақырым жол жақсы жағдайға жеткізілген. Сонымен қатар, 57,88 шақырым жол бойындағы ойықтарға 2150 шаршы метр жамау  салынып, тегістелген. Елдімекендер көшелерінің 219,8 шақырымы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Ал, аудандық мәндегі жолдардың бойындағы көпірлер мен темір бетон құбырларын орта жөндеуден өткізуге жұмсалған қаржы 31,1 миллион теңгені құрайды. Ауданның 6 елді мекенінде тағы 4,5 шақырым көше жөндеуден өткізілген. Өткен жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша аудан орталығы Сарыкемер ауылында 5 көшеге орташа, 5 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Соңғысында 43264,5 шаршы метр  жол ойықтары жамалып, тегістелсе, екі елдімекенде 3,1 шақырымға шағалтас төселген.

Ағымдағы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында ауданда автомобиль жолдарын  жөндеуге республикалық бюджеттен 1 миллиард 573 миллион 314 мың теңге бөлініп отыр екен. Бұл қаражатқа 122 шақырым жолға орта және ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Ал, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде жөндеу жұмыстарына республикалық және  облыстық бюджеттерден қаралған 395 миллион 681 мың теңгеге жалпы ұзындығы 27,5 шақырым жол жөнделмек. Сол сияқты облыстық және аудандық бюджеттен 50/50 паритеті бойынша бөлінген 129,3 миллион теңге 4 елді мекеннің 8,4 шақырым жолына  жұмсалатын болады. Қосымша «Аумақтарды дамыту жоспары» бағдарламасы аясында 4 жоба арқылы аудандық маңызы бар 8,4 шақырым жол жөнделуде.

 

Жамбыл облысы

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар