Аймақтар • 20 Қаңтар, 2020

«Батыс» ӨҚ-да әскери жекпе-жектен ашық чемпионат өтті

70 рет көрсетілді

Атырау қаласында Ақтөбе, Ақтау, Атырау гарнизондарының әскери қызметшілері мен Ұлттық Ұлан, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі әскери қызметшілерінің қатысуымен «Қазақ жауынгері» жарыстары өтті. Бұл туралы «Батыс» ӨҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Жарыс Атырау қаласының Орталық дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің базасында өтті. Чемпионатқа Атырау, Ақтау және Ақтөбе гарнизондарынан 10 команда 100-ге жуық спортшы жауынгерлер қатысты.

Чемпионат 9 түрлі салмақ дәрежесі бойынша өткізілді, олар 55 кг дейін, 60 кг дейін, 65 кг дейін, 70 кг дейін, 75 кг дейін, 80 кг дейін, 85 кг дейін, 90 кг дейін, 95 кг дейін және 95 кг жоғары салмақ дәрежелері.

Өңірлік қолбасшылықтың әскерлері қолбасшысы полковник Нұрлан Алдияров «Бүгінгі күні әскери жекпе-жек Қорғаныс министрі генерал-майор Нұрлан Байұзақұлы Ермекбаевтың жетекшілігімен үлкен жетістіктерге жетіп, әскери және азаматтық ортада зор қолдау көруде. Бұл тенденция жылдан жылға Әскери жекпе-жек сайысын Қарулы Күштердің басты спорт түріне айналдырып, қарыштап дамитынына сенемін. Бүгінгі боз кілемге шығуға бел буған, ержүрек жауынгерлерге кездесулерде барын салып, таза, әрі әділ ұрыс көрсетуді тілеймін» деді өз сөзінде.  

Чемпионаттың қортындысы бойынша жалпы есептегі бірінші орынды Ақтөбе қаласының 30238 әскери бөлімі, ал екінші және үшінші орындарды Атырау қаласының 41433 және 2016 әскери бөлімдері еншіледі. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен қоса грамота және медальдермен марапатталды. Ендігі кезекте, жеңімпаздар құрамынан өңірлік қолбасшылықтың құрама командасы жасақталып, олар ақпан айында Алматы қаласында өтетін Қарулы күштердің чемпионатына дайындалатын болады.

Әскери жекпе-жек ұрысы классикалық жекпе-жек ұрысынан өзінің экипировкасымен ерекшеленеді. Әскерилер үстіне жаздық далалық костюм мен қорғаныс сауытын киіп ұрысады. Оның техникалық арсеналы қол, аяқ, және тіземен жасалатын соққылардан құралған. Әдетте спортшылар самбо мен ұлттық күрестің лақтыру әдістерін, каратэдегі аяқ және бокстағы қол соққыларын, сонымен қоса тұншықтыру және ауырту әдістерін қолдану арқылы ұрысты жүргізеді.

Соңғы жаңалықтар

218 адамның ахуалы нашар

Медицина • Кеше

Ұқсас жаңалықтар