Аймақтар • 01 Желтоқсан, 2020

Мемлекеттік қызметте кадрлық әлеует маңызды

79 рет көрсетілді

Атырау облысында Тұңғыш Президент күніне орай іс-шаралар ұйым­дас­тырылуда. Соның бірі – «Ұлт көшбасшысы және заманауи мемле­кет­тік аппараттың келбеті» атты ғылыми-тәжірибелік конференция. Онлайн фор­мат­тағы басқосуда облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов аталған кон­фе­рен­ция­ның маңызына тоқталды.

– Қазіргі заманға сай мықты мемле­кеттік аппарат құру ісі Тұңғыш Пре­зидент – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың есімімен тығыз байланысты екені даусыз. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында алдымызда сын-қатерлер тұрды. Осыған орай Елбасы жаңа жағ­дайларға төтеп беретін мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыруды көз­деді. Өйткені Тәуелсіз Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыруда мем­ле­кеттік аппараттың кадрлық әлеуеті маңызды рөл атқаратынын жақсы тү­сін­ді. Мемлекеттік аппараттың сапасы кез келген елдің даму процесінде шешуші факторға ие. Сондықтан бұл елдің стратегиялық басымдықтарының тиімді орындалуын қамтамасыз етуі тұрғысынан ерекше маңызды болды. Елбасының саяси ерік-жігерінің нәтижесінде Қазақстан посткеңестік елдер арасында осы бағытта алғаш болып жүйелі қадамдар жасады, – деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

Әкімнің атап өтуінше, өңірде мем­лекет­тік қызметшілерге әлеуметтік-эко­номикалық тұрғыдан қолдау жасалып отыр. Жыл басында жергілікті атқарушы органдар факторлы-балдық шкалаға негізделген еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне көшті. Қанатқақты модель­дің енгізілуі жергілікті кадрлар арасындағы жұмыс ауыстырудың азаюына септігін тигізді. Мәселен, мемлекеттік қызметшілердің ауысуы былтырғыдан 2,6%-ға дейін азайды. Бұл мемлекеттік аппараттағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар жалақы мөлшерінің өсуі мемлекеттік қызметке деген қызығушылықты арттырды.

– Бос лауазымдарға жарияланған конкурстарда бір орынға қатысушылардың саны 50%-ға өсті. Соның нәтижесінде мемлекеттік аппарат білікті кадрлармен толығып отыр. Қазір облыс әкімдігіндегі мемлекеттік қызметкерлердің сапалық құрамы да артты. Мемлекеттік қыз­мет­керлер қатары 1 ғылым докторы, 2 ғылым кандидаты, 3 PhD докторы және «Болашақ» бағдарламасының 3 түлегімен толықты. Ал бос лауазымдардың саны өткен жылғыдан 4,1%-ға дейін азайып отыр, – дейді облыс әкімі.

Тұңғыш Президент күніне орай­лас­ты­рылған конференцияда төрт өзекті мәселе талқыға түсті. Қа­тысу­шы­лар мемлекеттік аппараттың ілгері дамуы, ауылдық округ әкімдерінің мәр­тебе­сі сынды мәселелер аясында ой бөлісіп, пікір алмасты.

Екінші шара – Мемлекеттік қызмет­ші­лер аллеясы. Бұрын Атырауда мұн­дай орын болған емес. Мемлекеттік қыз­мет істері агенттігі Атырау облысы бо­йынша департаментінің басшы­сы Салауат Мүксімовтің айтуынша, ал­леяда әйнектен жасалған 11 стендте елі­міз тәуелсіздік алған кезден бері мемлекеттік қыз­метті дамытудың ма­ңызды үш кезеңі қамтылып отыр. Сондай-ақ мем­ле­кеттік қызметтің ашық­тығы мен транс­па­ренттілігінің кө­рінісі сипатталыпты.

– Бұл аллея «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруға үлес қосып жүрген мемлекеттік қызметшілердің еңбегін ұлықтау үшін ашылды. Мұнда әйнектен жасақталған стендтер мен мемлекеттік қызметке жа­­ңадан келген қызметшілердің ашық ас­пан астында ант қабылдауына арналған алаң бар, – дейді С.Мүксімов.

 

Атырау облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар