Ақиық ақын Ғафу Қайырбековтен сөз қалған ба, десейші. «Ішіне оқиғаны тиеп-сықап, Тарихтың қойып кеткен арбасындай», – деп туған Торғайының ғасырлар бедерлеген таланы мен талайын көркем өрнектеп, кестелеген екен. Өз аузынан: «Торғайым – ашық аспан астындағы мұражай ғой», – дегенін де естіп едік.
Сол Торғайда бес мұражай барына көңіл шаттанады. Осылардың төртеуі «Торғайдың Жанкелдин мұражайлар кешені» мемлекеттік мекемесіне қарайды.
Суреттерде: мұражайға Гүлнәр Міржақыпқызы тапсырған жәдігерлердің бір парасы
Ұлылардың ұлағаты ойға тамызық болып, рух серпілісін үдете түседі ғой, әманда. Көкейімізден Міржақып бабамыздың «Оян, қазақ!» ұраны бір ажыраған емес десек, артық айтқандық болмас. Шүкір, қазақ елінің жарқын болашағы әр жүрекке нұр себезгілейді. Тәуелсіздігіміздің баяндылығы жолындағы әр адамның жанкештілігі күткендегідей нәтиже берері анық қой. Ол үшін жас ұрпақ бойына отансүйгіштік қасиетті қастерлеп сіңіре білгенге не жетсін.
Осы тұрғыда біз Жанкелдин мұражайлар кешенінің жетекшісі Гүлбану Сәрсекемен кеңінен әңгімелескен едік.
Аудан орталығында 5 мұражай бар. Шақшақ Жәнібек батырға, Алаш арыстары А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлына, Ы.Алтынсаринге, Ә.Жанкелдинге арналған мұражайлар және халық ақыны Н.Ахметбековтің музей-үйі.
Әрқайсысында тарих қойнауының тылсым сырлары тұнып жатыр. Оның алғашқысы Ә.Жанкелдин музейі 1984 жылы ашылса, төрт жылдан кейін Ы.Алтынсарин мемориалды-педагогикалық мұражайы келушілерді қабылдады. Тәуелсіздік жарияланған жылы Алаш арыстары А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлының әдеби мұражайының тұсауы кесілді. 1993 жылы Шақшақ Жәнібек батырға арналған рухани шаңырақ пайдалануға берілді.
Әліби Жанкелдиннің мұражайы даңқты жерлесіміздің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылған. Оның «Жол саяхаты», «Балалық шағы», «Этнографиялық бөлім», «Шалқар сапары және Ұлт-азаттық көтеріліс», «Қызыл керуен», «Коллективтендіру дәуірі», «Ұлы Отан соғысының отты жылдары», «Тың және тыңайған жерлерді игеру», «Бүгінгі Торғай – түлеген Торғай» сияқты бірнеше бөлімі бар. Бір ерекшелігі, қызықтаушылар легі еш толастамайды. Жұртшылық аңсарын аударып тұрады.
Оның ұйымдастырушысы атақты педагог, кейін дін қайраткері атанған Ғазез Әмірханов еді. Өзі соған бес жыл жетекшілік жасады. Сөйтіп жаңа үлгідегі мұражай қалыптастырып, одан кейінгілеріне де ақыл-кеңесін айтудан жалықпаған асыл азамат еді.
Торғай жерінің әр пұшпағын ізгілік сезімінсіз аттап, баса алмайсыз ғой. Өзгелерін былай ысырып, бір ғана Ыбырайдың табаны тиген жер еді десек, жетіп жатқандай ма? 1864 жылы салынған Торғайдағы тұңғыш Ыбырай мектебі түлектерінің үндеуінің арқасында 1988 жылы білім ошағы қалпына келтіріліп, мемориалды-педагогикалық мұражай болып ашылды. Музей мынадай бөлімдерден тұрады: мұражай тарихы; Шығыс жұлдыздары; Далалық оқу мен мұсылманша сауаттану; Ыбырайдың ата-тегі. Балалық шағы мен білім алған ордасы; Ыбырай ағартушы-педагог, баспагер және оның достары; Ыбырай ашқан мектептер тарихы, ізбасарлары мен шәкірттері; Ыбырайға тағзым, құрмет; т.б. Ұстаздық көрігі осы жерден басылып, ұлан-байтақ еліміздің түкпірлеріне білім ұшқынын шашқан бұл өңірдегі аталмыш мұражай түзілімі болашаққа қалтқысыз қызмет жасап жатқандай.
Тағы бір мұражай тәуелсіздігімізді алып, етек-жеңімізді жия бастаған тұста, кешегі жаугершілік заманда қазақтың төрт тірегінің бірі болған Шақшақ Жәнібек бабамыздың 300 жылдық мерейтойы қарсаңында, Торғай халқының өз қаражатымен ашылған. Бұл мұражай ХVІІІ ғасырдағы жоңғар шапқыншылығы кезіндегі «Алқакөл сұлама, Ақтабан шұбырынды» қасіретін көз алдына әкелетін «Аңырақай шайқасы» диарамасы мен Жәнібек бабамыздың өмір жолы, жазған хаттары, бабасы Шақшақ баһадүр ұстаған тудың қиындысы, «Тархан» атағын алғандағы жарлық пен зират басынан әкелінген топырағы, батыр жөнінде жазылған кітаптармен толықтырылған.
Кешегі өткен сойқан кезеңдерде елдік үшін күрескен, қуғын-сүргінге ұшырап, тоталитарлық жүйенің қылбырауына түскен, тұтас ұлттың қос арысы А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлына арналған музейде қос тұлғаның өмір жолы, білім алған кезеңдері, тұтынған заттары, жасаған еңбектері көрсетіледі. Торғайдан түлеп ұшып, бүкіл әлемге танылған ірі ғалымдар, ақындар мен жазушылар, өнердің хас шеберлері, сазгерлер, әнші-жыршылар және қоғам қайраткерлерінің өмір деректері де осында.
Заман талабына лайықты қадам жасау қандай бір істі де болсын көркейтеді ғой. Соған лайық болуға қам жасалуда. Мұражай қызметкерлері ғылыми іздестіру, зерттеу, қор жұмысы, мәдени-ағарту, баспа ісі бағытында шығармашылықпен, бастамашылдықпен көзге түсуде. Мақсаттары – ұлттық құндылықтар мен мәдени мұрамызды, ел тарихын сақтап, насихаттап, келер ұрпаққа бүкпесіз жеткізу. Осы орайда облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі байқаулар мен ғылыми конференцияларға қатысып, тиісті марапаттарға ие болып жүр. Мысалы, 2011 жылы «Мұражай – тарих пен бүгінгі күннің феномені ретінде» атты халықаралық мұражайтанушылар форумы аясында өткізілген «Үздік ауыл мұражайы» байқауының жеңімпазы атанып, зор абыройға бөленді.
Мұражай жабдықтау күрделі жұмыс қой. Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының тұтынған заттары мен еңбектерінің түпнұсқалары туыс-туғандарынан арнайы барып жинақталды. Ахаңның «Қырық мысал» (Қазан, 1909 ж), «Маса» (Орынбор,
1911 ж) кітаптары 1937 жылы киізге оралып, жер астына көмілген екен. Сол баға жетпес мұраларды 1990 жылы қазып алып, мұражай қорына табыс еткен Смағұлов Ерден ақсақал еді. Оған кезінде әкесі: «Балам, Ахаң халық жауы болуы мүмкін емес, түбі ақталады. Кезінде ақ келінді елге алып келгенде қос кітапты сыйға тартып еді, есіңде болсын түбі ақталғанда осы жерден қазып аласың», – деп өсиеттепті. Араға жылдар түскенде Ерден атамыз аманатқа қиянат жасамай мұражайға әлгі қазынаны табыстапты. Осылайша жәдігерлер тұс-тұстан жиналып бас құрады.
Шолпан Ахметқызы мен Гүлнәр Міржақыпқызы Ахаң мен Жақаңның ақталуына байланысты 1991 жылы Торғайда өткен республикалық ғылыми-теориялық конференцияға арнайы келіп қатысқанда, қасында жүріп қызмет етіп едік. Сол кісілердің де мұражайға сыйы молынан болды. Ең кереметі қос арыстың нақты тұтынған заттары мен шығарған кітаптарының сирек кездесетін нұсқаларын сыйлауы – баға жетпес құндылық еді. Мына мысалды айтсақ, көзсіз ерлікке пара-пар оқиғаға тәнті боласыз. Гүлнәр апамыз қиын-қыстау кезде әкесінің дүниелерімен қатар, атасы Ахметтің 4-кітабының түпнұсқасын Орынбордан Мәскеуге көшіп бара жатқан татар көршісіне аманаттап табыстаған екен. 52 жыл бойы оған алыстан ақысын жіберіп отырып, 1990 жылы ғана Алматыға алып келіп, келесі жылы Торғайдағы мұражайға өткізді. Сондай-ақ Ахаңның үйішілік қолданыстағы – жез леген, шифонер, ағаш диван, сағаты, жорнал үстелі, патефоны, т.б. мұражайдың көзқұртына айналған.
– Сырт көруші түгілі, отыз жыл осы саланың сенімді қамқоршысы, жетекшісі боп жүрген өзім де мұражай табалдырығын аттаған сайын жүрегім атша тулап, арыстармен сәлемдесе бастағандай ыстық бір күй кешетінімді айтсам, әсте әсірелеу болмас деп ойлаймын, – деген Гүлбану сөзінен мол сыр ұғуға болатын секілді.
Ал Жақаң тұтынған заттарға келер болсақ, ас үстелі, тумбасы, қол жуғышы, шай әбзелдері, кестелі атлас көрпесі, бұның бәрі шешеміз Ғайнижамалдың төркінінен келген дүниесі болса, тар жолтайғақ кешу жылдарында қапаста отырып өзіне тіккен қазақы аяқталмай қалған тақиясы мен қызы Гүлнәрға жасаған фоторамасы, 10 жасында дүние салған баласы Әлібекке жасатқан қайыстан жасап күміспен шекелеткен белбеуі, жолға ұстаған партплеты мен Алаштың кейуанасы атанған Гүлнәр апамыздың оранған жөргегі, Ғайнижамалдың тұтынған қобдишасы мен қайшысы, балаларының шашын алған машинкасы мен өзіне тоқыған жағасы – осының бәрі Гүлнәр апамыздың мұражайға табыс еткен жәдігерлерінің бір парасы ғана. Осының бәрі мұражайдағы құнды дүниелер.
Міржақыптың сүйегін Карелиядан елге әкелер кезінде қорымнан алынған бір уыс топырақ жайлы білгеннің артығы болмас. Сол топырақты апамыз өмірінің соңына дейін төсегінің басында сақтап, дүние салар алдында баласы Ерлан Сатыбалдыұлына «қабірімнің ішіне, денеме жартысын себерсіңдер, қалғанын Торғайдағы музейге, Гүлбануға табыс етерсің» деп аманат етіпті. Ана өсиетіне адал Ерлан нағашы атасы Міржақып қабірінің сол топырағын музей қорына табыстады.
Енді бесінші мұражай туралы да қысқаша таныстыра кетейік. Ол Торғайдың топжарғаны, айтыс дүлдүлі Нұрхан Ахметбековтің музей-үйі 1983 жылы ақынның 70 жылдық мерейтойында ашылып, бүгінге дейін халыққа қызмет етіп келеді. Әне бір жылы ұрпақтары мен жерлестерінің жинаған қаржысына ғимарат күрделі жөндеуден өтті.Торғай мұражайлар кешенінің қызметкерлері тақырыптық жоспарын, жаңадан экспозициясын жасауға көмектеседі.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өлкетанушылардың, географтардың, оқушылардың қатысуымен Торғай елінің қасиетті жерлеріне экспедициялар ұйымдастырылып тұрады. Сонымен қатар «Қазақстанның киелі жерлері» арнайы жобасы бойынша жұмыс тобының құрамымен тұрғындар арасында кездесулер мен семинарлар өткізіп, мұражай қызметкерлері баяндамалар оқиды.
Биыл әлеуметтік желілер арқылы «Қазақстанның киелі жерлері картасына» біздің ауданнан енген 7 нысан туралы мағлұматтар берілді. Атап айтсақ: Албарбөгет бөгеті – Көкалат ауылы, Міржақып Дулатұлы кесенесі – Бидайық ауылы, Баймырза әулие кесенесі – Қалам-Қарасу ауылы, Қазыбай әулие мазары– Аралбай ауылы, Тілеп әулие мазары – Жыланшық бойы, Ахмет Байтұрсынұлы үйі – Ақкөл ауылы, 1916 жылғы Татыр шайқасы белгісі – Жаркөл ауылы. 2019 жылы киелі орындар қатарына Шұбалаң ауылындағы Бейсен батыр кесенесі енгізілді. Сонымен қатар «Туған өлке тұлғалары» көрмелер жобасы, Жеңістің 75 жылдығына «Торғайлықтар соғыс майданында» циклы да көрермен назарына ұсынылуда.
Былтырғы бір ауқымды іс-шара жұрт көкейіне қонақтап қалғандай екен.
«Қазақстанның рухани киелі жерлері» бағдарламасы аясында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізу мақсатында Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев университеттен профессорлар, студенттер мен магистранттар, сондай-ақ Мажарстан профессорларынан құралған экспедиция өлкеміздің тарихи орындарына саяхат жасап, мұражайларды аралап, ел тарихымен танысты. Олардың зерттеу нәтжелері мол қайтарымымен қуантуда.
Сондай-ақ Абай мерейтойына, тағы басқа айтулы күндерге торғайлықтардың қосқан үлесі де қомақты болғаны байқалады. Індет кеселіне байланысты іс-шаралар әлеуметтік желілерде, онлайн түрде жалғастырылды.Тікелей эфир арқылы мерейтой иелеріне арналған іс-шаралар өткізілді. Карантин уақытында барлық аймақтардағы музей қызметкерлері ұйымдастырып жатқан онлайн конференцияларға, семинарларға қатысуды үзген емес. Сонымен қатар ұжым қызметкерлері сәуір айында Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейі мен Қазақстан музейлерін ақпараттық-әдістемелік қолдауға арналған біліктілік арттыру курсынан өтіп, сертификатқа ие болды. «Музейге сый» акциясы аясында қор бірнеше құнды жәдігермен толықты. Ел арасында елеусіз жатқан, қолданыстан шығып қалған тарихи маңызы бар мұралар жинастырылды. Жетекші Г.Сәрсекенің өзі Атырау қаласында «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасына арналған ІІІ республикалық форумда «Үздік өлкетанушы» төсбелгісімен марапатталды. Былтыр Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлы музейінің ұжымын қос арыстың өмірі мен шығармашылығын насихаттаудағы еңбектері үшін Алғыс хатпен марапаттады.
– Алдағы уақытта кешен қорындағы жәдігерлер мен құжаттарды цифрлы жүйеге көшіріп, экскурсияларды үнтаспаға жазуды көздеп отырмыз. Сондай-ақ «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы аясында Алтын орданың 750 жылдығы, Ұлы Абайдың 175 жылдығы, Торғай бекінісінің 175 жылдығы, Алаш арысы М.Дулатұлы мен Гүлнар Міржақыпқызының мерейтойларына арналған іс-шаралар да сәтімен жүзеге асты. Әрине, кейбіріне мына індет қолбайлау болғаны да белгілі. Осы ретте облыс басшыларының, аудан әкімі Ш.Оспановтың жұмысымызға деген ілтипатты қамқорлығына рахмет айтуды парыз санаймын,– дейді Г.Сәрсеке.
Гүлбану қарындасымыз туған жерге туын тігіп, саналы ғұмырын талантты марқұм ағасы, жазушы Қоғабай Сәрсекеге ұқсап, халқына ұлтжандылықпен қалтқысыз еңбек етіп келе жатқан тұлға. Осы орайда оның көңіл толқытарлық бір әңгімесін еске сала кеткеннің артықтығы болмас
– «Әркімнің туған елі – Мысыр шаһары» демекші, Торғай мен үшін жердің жәннаты деп білемін. Торғай туралы жырламаған ақын жоқ. Ертеректе болған мына оқиғаны айта кеткім келіп отыр. Биыл өмірден өткен ел перзенті, қоғам қайраткері, академик Кенжеғали Әбенұлы Сағадиевтің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында келетін қонақтар тізімін оқып отырғанымда көзім «Әбіш Кекілбаев, жұбайымен» деген сөзге түсіп, көңілім алаңдап қалды. «Бұл қалай болады екен, ол кісі келе ала ма?» деген сұрақ туындады. Себебі жақын арада ғана қабырғасы қайысып, бауыры мен баласынан айрылғанын естіген едік. Осы сұраққа жауапты кеш барысында білдім. Сөз кезегін Әбіш ағаға бердім. Ортаға шыққан абыз ағамыз былай деп еді: «Қан жұтып, қаралы болып отырсам да, мұнда келуімнің себебін айтайын. Ахаңның кіндік қаны тамған, табанының ізі қалған қасиетті Торғай жерінен рухымды биіктетіп, рухани қазына алуға келдім», – деген Әбекеңнің жан тебірентерлік сөзін еске алып еді Гүлбану.
Кезінде Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» десе, Елбасы «Ел болашағы – жастар» деп үнемі айтып жүр. Бүгінгі таңда жастар ешқандай жалған ұрансыз, айқайламай, даңғырлатпай, жылдағы дәстүр бойынша «Жүрегімнің дүрсілі – Торғай» атты декада ұйымдастырып, жұдырықтай жүректері арқылы елге, жерге деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезімдерін көрсетіп жатыр екен. Ал ондай іргелі істің бастауында Торғай мұражайлар кешені тұр.
Қайсар ӘЛІМ,
газет ардагері, Жанкелдин ауданының Құрметті азаматы
Қостанай облысы
Әлемге танымал үш ірі компания Беларусьтегі әлем чемпионатынан бас тартты
Әлем • Бүгін, 11:03
Ауа райы • Бүгін, 10:56
Көлсай мен Қайыңдыда коньки тебуге бола ма?
Экология • Бүгін, 10:48
Су тасқыны кезеңіне дайындық жоспарлы түрде жүріп жатыр - Қазсушар
Экология • Бүгін, 10:47
ШҚО-да зейнеткердің сандығына ұры түсті
Аймақтар • Бүгін, 10:35
ХҒС Қазақстанның ғарыштан түсірілген фотосын жариялады
Қазақстан • Бүгін, 10:33
Сирияда лаңкестердің шабуылынан екі сарбаз қаза тапты
Әлем • Бүгін, 10:28
Әлемде 95 миллионнан астам адам коронавирус жұқтырды
Әлем • Бүгін, 10:18
Елімізде 1000-нан астам жүргізуші жауапқа тартылды
Аймақтар • Бүгін, 10:12
ЕАЭО елдері өсімдіктер карантині саласындағы заңнаманы жаңартуды жоспарлап отыр
Экономика • Бүгін, 10:09
Ресейліктер жаппай вакцина салғызып жатыр
Коронавирус • Бүгін, 09:52
Нұр-Сұлтанда жаңа емхана ашылады
Елорда • Бүгін, 09:49
Жамбыл мектептерінде 222 оқушы қашықтан оқып жатыр
Білім • Бүгін, 09:35
Коронавирус жұқтырған 300-ге жуық науқастың жағдайы нашар
Коронавирус • Бүгін, 09:32
Пневмониядан 2 адам қайтыс болды
Коронавирус • Бүгін, 09:23
Өткен тәулікте 468 адам коронавирустан айықты
Коронавирус • Бүгін, 09:18
«Самұрық-Қазына» басшысы «Қазатомөнеркәсіптің» 2020 жылғы алдын ала қорытындыларын тыңдады
Экономика • Бүгін, 09:10
Қазақстанда өткен тәулікте 1003 адам коронавирус жұқтырды
Коронавирус • Бүгін, 09:01
«ДАЛА BATTLE»: Көрерменге жаңа жоба жол тартты
Оқиға • Бүгін, 08:27
Аймақтар • Бүгін, 08:16
Шалқар көлін сақтап қалудың басты жолы
Аймақтар • Бүгін, 08:12
Саяси модернизация кезеңі келді
Пікір • Бүгін, 08:10
Пікір • Бүгін, 08:09
Мәжіліс комитеттерінің құрамы бекітілді
Парламент • Бүгін, 08:06
ҚазҰУ: Жер учаскелерін иеліктен шығаруға өтініш берілген емес
Қоғам • Бүгін, 08:04
Меркельдің орнына Лашет келе ме?
Әлем • Бүгін, 08:03
Коронавирус қайта өршіп келеді
Қоғам • Бүгін, 08:02
Руханият • Бүгін, 07:54
Құрылыс саласындағы инновациялар
Қоғам • Бүгін, 07:49
Ұлттық банктің болжамы қандай?
Қаржы • Бүгін, 07:47
Спорт • Бүгін, 07:36
Ұлттың жаңа болмысын қалай қалыптастырамыз?
Қоғам • Бүгін, 07:32
«Қайрат» қарымды, «Ақтөбе» алымды
Футбол • Бүгін, 07:30
Оқиға • Бүгін, 07:28
Білім саласын басқару жүйесі өзгерді
Қоғам • Бүгін, 07:25
Басты мақсат – Қазақстанды қуатты елге айналдыру
Саясат • Бүгін, 07:23
Премьер-Министрдің кандидатурасын ұсынды
Үкімет • Бүгін, 07:20
Мәлім де беймәлім Байсуфиновтер
Спорт • Бүгін, 07:18
Ұлы сарынның сарқыты – Жамбыл жырау
Руханият • Бүгін, 07:15
Таным • Бүгін, 07:13
Қаперге алмаған қатерге ұрынады
Қаржы • Бүгін, 07:10
Команда көбейгеннен тартыс күшейе ме?
Футбол • Бүгін, 07:08
«Барлығына қарсы» пікірі де ескеріледі
Пікір • Бүгін, 07:07
Бокс • Бүгін, 07:02
Қарағандыда үстел теннисінен ел чемпиондары анықталды
Аймақтар • Кеше
Полицейлер аязда жолда қалған Түркия азаматына көмектесті
Аймақтар • Кеше
Алматыдағы карантинге қатысты Бекшиннің жаңа қаулысы шықты
Қазақстан • Кеше
Қостанайда 5-11 сынып оқушылары қашықтан оқуға көшті
Аймақтар • Кеше
Атырауда жедел жәрдем көліктері жаңарды
Аймақтар • Кеше
Димаш Құдайбергеннің алғашқы онлайн-концерті өтті
Қазақстан • Кеше
G7 саммиті маусым айында өтеді
Әлем • Кеше
Мейрамбек Бесбаев коронавируспен жансақтау бөліміне түсті
Қазақстан • Кеше
Қазақстанның ЕАЭО елдерімен өзара саудасы 9,6% төмендеді
Экономика • Кеше
Шетелден 431 азамат ПТР анықтамасыз ұшып келді
Қазақстан • Кеше
Пневмонияның 94 жағдайы және 4 өлім жағдайы тіркелді
Қазақстан • Кеше
Еліміздің 5 өңірі «қызыл» аймаққа енді
Аймақтар • Кеше
Несиелендіру деңгейі артып келеді
Қазақстан • Кеше
Қазақстанда коронавирустан айыққандар саны 153 мыңнан асты
Қазақстан • Кеше
Бір күнде мыңға жуық адамнан коронавирус анықталды
Коронавирус • Кеше
Нұр-Сұлтанда спорт кешенінің бассейнінен қыздың мәйіті табылды
Аймақтар • 16 Қаңтар, 2021
UBS стратегтері крипто-инвесторларға барлық ақшаларын жоғалту қаупі туралы ескертеді
Экономика • 16 Қаңтар, 2021
Бірнеше облыста боран соғып, аяз болады
Қазақстан • 16 Қаңтар, 2021
COVID-19 ауыр ағымын алдын-ала болжаудың әдісін тапты
Коронавирус • 16 Қаңтар, 2021
“QI-Trade Kazakhstan” қаржылық пирамидасының екі директоры ұсталды
Қазақстан • 16 Қаңтар, 2021
Соққан жел нысандарды қиратқан
Аймақтар • 16 Қаңтар, 2021
Батыс Қазақстанда 15 мектепке шағын автобус берілді
Аймақтар • 16 Қаңтар, 2021
Ұқсас жаңалықтар