Оқиға • 23 Қараша, 2020

Ерте дәуірдің ері табылды

546 рет көрсетілді

Іргесі 1888 жылы қаланған, дүние жүзіне танымал «National Geographic» атты журнал бар. Бұл басылым – ғалам назарын аударған мәдени мұралар, археологиялық жаңалықтар, жан-жануарлар әлемі мен мұхит түбіндегі тіршілік иелерінің өмірі секілді тақырыптарды қаузайды. Сонымен қатар түрлі-түсті фоторепортаж жариялайды. Журнал әлем халықтарының бірнеше тілінде жарық көреді. Құрылтайшысы – АҚШ-тағы Ұлттық география қоғамы.

Өткен жылы аталған жур­налдың америкалық және ре­сейлік нұсқасында бірнеше жыл бұрын Моңғолияның Қобда аймағы Мыңғыт сұмын жеріне жүргізілген археологиялық бар­лау кезінде Қызыл сиыр тауы­ның теріскей бетіндегі жартас үңгірінен аса құнды дүниелер табыл­ғаны жайлы жаңалық жарық көрді.

Атап айтсақ, үңгірден табыл­ған құнды артефактілер қата­рында жылқының мумияланған бүтін денесі, күзен терісінен тігіл­ген ішік, иленген тері, шапан және шалбар, етік, жебе толы қорамсақ, садақ, тұтқалы ағаш ыдыс, мүйіз сапты темір пышақ, мүйіз өзекті темір ауыздық, т.б. Осылардың ішінде әлем археологтерінің назарын айрықша аударып отырған дүние – ағаш ер. Табылған жә­дігерлер қазір Ұланбатыр қала­сын­дағы Моңғолия Ұлттық му­­зей­інің (National museum of Mongolia) «Көне жәдігерлер таны­мы» қо­рына сақтауға табыс­тал­ған көрі­неді.

Бұл бұйымдар қай кезеңге тән жәдігерлер екенін Жапония елінің Акселератор институты лабораториясы радиокарбондық (С14) тәсіл арқылы анықтапты. Жапондық мамандардың айтуына қарағанда, бұл бұйымдар біз­дің дәуірдің 243-357 жылдары­на тән екендігі 91,1 пайыз нақтылықпен дәлелденіпті. Бұл уақыт – Сяньби ұлысының (93-234 ж.ж) соңғы ке­зеңі мен Жужан (Нирун) мем­лекетінің алғашқы дәуірі. Одан кейін 550 жылдары дәл осы өл­кеде Жужан мемлекетін құла­тып, көк Түркілер қағанаты орна­ғаны белгілі.

Кәсіби тарихшылар жақсы біледі, Сяньби-Жужан-Түркі ұлыс­­тарының қай-қайсысы да б.з.д 145-86 жылдары өмір сүрген Ғұн империясының құрсағынан шық­­қан ұлыстар. Ал ғұндар тілі – ежелгі түркі тілі екені және ел бас­қару мәдениеті мен әс­ке­ри-шаруашылығы ешқан­дай өзге­ріссіз бірінен біріне көшіп отыр­ғаны – күллі әлем оқымыс­тылары мойындаған шындық. Оның бер жағында қазба табылған өлке – Х-ХІ ғасырларда Таян хан билеген Найман ұлысының ұйық мекені болғаны айдан анық.

Ендеше, күллі әлем тарихында ең көне мұра ретінде мойындалып отырған ағаш ерді біздің ата-бабаларымыздан қалған жәдігер деп айтуға толық хақымыз бар. Өйткені көне бұйымның құры­лымына қарасаңыз, пошым-пішіні біз білетін қазіргі қазақ ері­нен аумай қалған. Алдыңғы және артқы қасы, қос қапталы, белдік ағашы кәдімгі өзіміздің күнде көріп жүрген дүние.

Осы орайда, қазба жұмысына қатысқан топтың жетекшісі, археолог Жамсраны Баярсайхан мырзаға онлайн тілдесіп, ежелгі дәуір жәдігерлері қалай, қайдан табылғаны жайлы пікір алмастық.

– Сіз басқарған археолог­тер тапқан жәдігерлер халық­аралық баспасөзде тың жаңа­лық ретінде бағаланып жатыр. Әсіресе мумияланған жылқы денесі аталған өлкеден алғаш рет табылып отыр делінуде. Артефактілер сақталған нысан бұған дейін белгісіз бе еді?

– Ұлттық музейге Қоб­да ай­­­мақтық полиция басқар­ма­сы­ның адамдары хабарласты. Бір топ тұрғын өз беттерімен тау үңгіріндегі ескі қорымды қазып жатқанда қолға түсіпті. Олар тауы­п алған дүниелер полиция тарапынан тәркіленіпті. Сөйтіп, маман археологтер ашылған қорыммен танысып, артефактілерге ғы­лы­ми тұрғыдан баға беруге ат­тан­дық. Әуелі полиция қолын­дағы зат­тармен таныстық. Бұл жәдігер­лердің бүлінбей жақ­сы сақталғаны байқалды. Ор­ганикалық заттардың бұлай бүлін­бей сақталуы қазылған қорым ашық далада емес, күн сәулесі түспейтін суық райлы орында екені анық болды. Ра­сын­да, солай болып шықты. Жә­дігерлер терең үңгір ішіне жерленген қорымда сақталған екен.

– Үңгірге бардыңыздар...

– Бардық. Жабайы тонаушы топ үңгірдің аузына жылқының бүтін мумияланған денесін шы­ғарып тастапты. Жануардың басы, мойыны, төрт аяғы, құй­рық-жалы сол қалпында екен. Жәдігерлер өте көне заман мұра­лары екені бірден аңғарылды. Тонаушылар көп дүниені ретсіз шашып тастапты. Әсіресе тері шапан-тонның қиқымы аяқ ас­тында жатыр. Үңгірге бас сұқ­қанымызда, адамның кеуіп қал­ған мүрдесі, ағаш табыт, екі был­ғары дорбаға салынған тағы бірдеңелер көзге шалынды. Ашып көрсек, бір былғары дорбаға ағаш ойыншықтар салыныпты. Екіншісінде, сұйық зат сақталған сияқты, қатып-семіп қалыпты. Бұл не зат екені әлі анықталған жоқ. Лабораториялық сараптау­да жатыр. Сөйтіп, полиция қолын­дағы жәдігерлермен қоса, үңгірге жерленген дүниелерді орталыққа алып келдік.

 * * *

Маман осылай деді. Ал жо­ғарыдағы журналдың жазуына қарағанда, бүгінгіден 1700 жыл бұрын адамдар пайдаланған заттардың басты ерекшелігі – жақсы сақталғандығы және рес­таврациялауға болады. Шапан, тон, табыт, т.б. заттарға жаңғыртып, жаңалау жұмысы жүріп жатқан көрінеді. Бұлардың қандай форма, қандай үлгідегі зат екені кешікпей анық­талады. Ал жылқы денесі вакуум­далған түрде музей қорына беріліпті.

Бұл арада айта кетерлік жа­ңалық – табылған дүниелерді стильдік және жасалу мазмұнына байланысты біраз зерттеуші бү­тіндей «түркілер мұрасы» дегенді айта бастапты.

Жалпы, адамзаттың өткен өмір тарихына қатысты жәдігерлер мәңгі мұздақта немесе суық райлы үңгірде жерленген жағдайда жақсы сақталары анық. Мысалы, Таулы Алтай жеріндегі «Пазырық қорғандары» мен Үкөк даласынан табылған «Алтай ханшайымы». Осы жәдігерлердің ар­қасында әлем руханиятына «Пазырық мәдениеті» деген тіркес қосылып, жинақталған деректер Еуразия аумағында ірі құбылысқа баланса, мына «Қызыл сиыр» тауының теріскей үңгірінен табылған жыл­қыға генетикалық сараптама жасау арқылы оның түр-түсін, жасын, сол дәуірдегі атқа міну мәде­ниетін білуге толық негіз бар дейді мамандар.

Соңғы жаңалықтар

Келешегі өрісті өндіріс орны

Аймақтар • Бүгін, 08:16

Ұтымды ұсыныстар жасалды

Пікір • Бүгін, 08:09

Шарын балуан

Руханият • Бүгін, 07:54

Оберхофтағы сәтсіздік

Спорт • Бүгін, 07:36

Генерал киген китель

Оқиға • Бүгін, 07:28

Енді ешкім дауласа алмайды

Таным • Бүгін, 07:13

Соққан жел нысандарды қиратқан

Аймақтар • 16 Қаңтар, 2021

Атырауда қанша қайыршы бар?

Аймақтар • 16 Қаңтар, 2021

Сочиде сайысқа түседі

Спорт • 16 Қаңтар, 2021

Ақтөбе облысында базар жанып кетті

Аймақтар • 16 Қаңтар, 2021

Ұқсас жаңалықтар