Аймақтар • 16 Қазан, 2020

Гүлшара Әбдіқалықова құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтады

39 рет көрсетілді

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Азаматтық қорғау органдарының құрылғанына 25 жыл толуына орай және 19 қазан "Құтқарушылардың кәсіби күні" мерекесі қарсаңында аймақтағы құтқарушылар мен сала ардагерлерін құттықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Өңір басшысы алдымен №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне келіп, заманауи құтқару жабдықтары мен техникалардың жағдайымен танысты. Одан соң салтанатты шараға қатысып, халықтың тыныс-тіршілігі мен аумақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде құтқарушы мамандардың маңызы ерекше екендігін атап өтті.

"Бүгінгі күні азаматтарды табиғи құбылыстар мен техногендік сипаттағы апаттардан қорғау, зілзалалардың қауіп-қатерін азайту мәселесі мемлекеттің басты назарында. Құтқарушы мамандығының ең басты міндеті - адам өмірін құтқару, бұл жоғары және жауапты миссия. Апат айтып келмейтіні рас. Тосыннан болған апат кезінде азаматтарға бірінші болып көмекке келетін төтенше жағдай қызметінің құтқарушылары. Бұл іс кез келгеннің қолынан келе бермеуі мүмкін. Өйткені, оған мықты жүрек, машық және тәжірибе керек. Қиын да күрделі қызметтеріңізге табыс, дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға құт-береке, амандық тілеймін! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен және Азаматтық қорғау органдарының мерейлі күнімен құттықтаймын!" - деді облыс әкімі Г.Әбдіқалықова.

Мерекелік жиында Азаматтық қорғау органдарының ардагерлері Қорғанбек Қайруллаев, Мұрат Мұсаев, Сұлтан Шынтаев, "Волонтеры Кызылорды" қоғамдық қорының жетекшісі Ольга Чебакова, Азаматтық қорғау аға сержанты, Қазалы ауданы № 9 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі Оңталап Жолмаханов, Азаматтық қорғау старшинасы, Сырдария ауданы № 12 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіру автокөліктерінің жүргізуші-қызметкері Мақсұт Мырзағалиев және Азаматтық қорғау прапорщигі, Жалағаш ауданы № 11 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Шыңғыс Тайшаев облыс әкімінің "Алғыс хатымен" марапатталды. Сондай-ақ аймақ басшысы жергілікті бюджет есебінен алынған 2 өрт сөндіру автокөлігін №1 және №7 өрт сөндіру бөлімдеріне табыс етті.

Шарада сөз алған Азаматтық қорғау органдарының ардагері Қорғанбек Қайруллаев пен Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері Ақмарал Сермағамбетова мемлекеттің қолдауы арқасында құтқару саласының әлеуеті едәуір өскендігін айтты. Соның арқасында өңірде орын алған оқыс оқиғалар мен төтенше жағдайларды дер кезінде жою мүмкіндігі артты дейді. Құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, еңбекті елеген аймақ басшысына алғысын жеткізді.

Соңғы үш жылдың өзінде өңірдің өртке қарсы қызмет бөлімшелері, жедел-құтқару жасағы мен апаттар медицинасы орталығының құтқарушылары 2 мыңнан аса апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізіп, 200-ге жуық адамды аман алып қалды. Сондай-ақ мыңнан аса өрт сөндірілген. Айта кету керек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздегі төтенше жағдайлар мен оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында ағымдағы жылдың 9 қыркүйегінде Төтенше жағдайлар министрлігі қайта құрылды.

Соңғы жаңалықтар

Адасқан балықшы аман табылды

Аймақтар • Бүгін, 17:06

Ұқсас жаңалықтар