Таным • 13 Қазан, 2020

Мебиус синдромы

123 рет көрсетілді

Бізде осы күні не жымиғаны, не жыла­ғаны белгісіз бір бет-бейнелер пайда бол­ған. Былайша айтқанда эмоциясы екі бетінен ешқашан білінбейтін типтерді жиі кездестіреміз. Бірте-бірте күлмейтін кісілер көбейіп келе жатқандай. Жалпы, жалпылдап күле беру жақсы әдет емес. Қазақ оны «Әйелдің қары, еркектің қоры күлегеш» деп кесіп айтып қойыпты. Дегенмен, біздің бұл күлкіміз басқа күлкі. Тіпті, күлкі деуге келе ме? Күлкі дегеннен гөрі қоғамдағы, өнердегі, әдебиеттегі, мәдениеттегі көңіл күй дегенге көп келің­кірейтін сияқты.

Бір қарағанда бәрі дұрыс. Бірақ «біз неге күлмейміз?» деген ой қайтсе мазала­май қоймайды. Тура осы мәселеде әңгімені үнемі күліп жүретін жандар мен ешқашан күлмейтін келбеттердің контрасынан бастаған жөн. Жалғанда, үнемі күліп, көңілді жүретін адамның әлдебір күні бетіндегі әлгі жып-жылы жымиысын жинап алғанынан қорқынышты дүние жоқ сияқты. «Енді мұның жылағанын есітпей-ақ өлсемші» (Мұқағали) дегендей, ондай жандардың ренжігенін көргенше, көзім неге соқыр болмады деп ойлайсың...

Сондай-ақ түсі суық, өңі өңменіңнен өтіп, өмірі жылып көрмеген адамдардың жымиғаны жаман. Ол жымиып, әлгі күлкі канондарын қайта қайырғанша арқаңнан суық тер саулап, өзің жылап жібере жаздайсың. Бәрі ештеңе емес, кейде сол суық жүздердің сұрғылт күлкісін жалғызсыратпай қосыла жымиған қиын!..

Медицинада Мебиус синдромы деген диагноз бар. Бұл бірен-саран адамдарда туғаннан пайда болатын аномалия екен. Бас-ми жүйесінің дұрыс дамымауынан адамның бетіндегі мимика мүлдем жоғалып кетеді. Бетін аулақ қылсын, Мебиус синдромы бар жандар ешқашан күле алмайды. ХІХ ғасыр аяғында анықталған және оның даму себептері әлі күнге дейін белгісіз синдром бізді басқа ойларға жетелейді.

Бұл синдром біздің әдебиетке де әлдеқашан таныс деп ойлаймыз. Қаламгерлердің бір-біріне қуана алмауы, жақсы шығарманы оқи тұрып жымия алмауынан ауыр дерт жоқ шығар. Өткенде замандастарымыздың бірі талантты ақынға тамаша сөз арнап, Таласбек Әсемқұловтың «Оқығам жоғын» ортаға тастады. Қайран Тәкең «Қазақтың «оқығам жоқ» деген жаман әдеті бар, жақсыны жақсы деп айта алмайды. Қазақтың қаламгерi, жазушы болсын, журналист я басқа болсын, iзденедi, тер төгiп жазады, жазғанын түрлi амалмен газетке, журналға басады, кiтап қылып шығарады. Содан соң әлеуметке қарайды. Ал әлеумет… ләм-мим демейдi. Қазақтың аспаны мақтадан жасалған сияқты. Дыбысты жұтып алады да, тұнжырап үнсiз тұра бередi. Басымыздан талай өткен нәрсе. Iзденесiң. Жазасың. Жариялайсың. Дыбыс жоқ».

Осындайда Виктор Гюгоның «күлкісі» («Человек, который смеется») еске түседі. Сырты – күлкі, іші – күл-қоқыс. Сырты­нан жымияды, ішінен жылап тұрады. Гю­го­ның бас­ты кейіпкері Гуинплен – езуі жы­рық, еріксіз күліп тұратын адам. Біздің жоға­рыдағы күлкіміз кейде Гюгоның осы бір кейіп­керінен айнымай кетеді. Десек те бұл кейіпкер белгілі бір шарттарға сәйкес бәрібір күліп тұр ғой. Біз мүлде мылқау мимика жайлы айтып отырмыз. Бұл өте қорқынышты қоғамның келбетін көрсетеді.

Не күліп тұрғаны, не жылап тұрғаны бел­гісіз дегеннен еске түседі, әлемді әлі күн­ге де­йін жұмбақ жымиысымен «жынды қылып» келе жатқан сұлу Джоконданың картинадағы көңіл-күйін де тап басып тану қиын. Мона Лиза – ол бір ракурста күліп, бір ракурста жылап тұратын құбылыс. Тіпті француз жазушысы Стендальді сол құпия эмоция үрейге салған деседі.

Табиғаттың таразысы тең болғанға не жетеді? Күлетін жерде күліп, күрсінетін жер­де күрсініп, аһ ұратын жерде аһ ұрып алғаннан артық не бар?

Достоевскийдің «Жеткіншек» («Подрос­ток») деген романда күлкі жайлы: «Егер адамның ішкі дүниесін көргіңіз келсе, оның үнсіздігіне немесе сөз мәнеріне, зар еңіреуіне баса назар аударудың қажеті шамалы. Ең дұрысы – оның күлкісін байқау керек. Күлкі – адам жанының ең сенімді сынақшысы» деген ғажап жолдар бар.

Шынында да күлкі адамның келбетіндегі көңіл күйдің ғана барометрі емес, адамның ішкі жан дүниесінің де айнасы сияқты ақиқат.

Ал енді кейде жаназада тұрғанда жаның­дағы біреу бірдеме деп қалып, сонда келетін жөнсіз, «жын қысқан» күлкі туралы әңгіме тіпті бөлек.

Бір-бірімізден жылы сөзімізді аямайық.

Жымиып жүрейік.

Күлкі – кісіліктің кілті. Әрине, дарақы, пасық, сұрқия күлкіден Құдай сақтасын!

Соңғы жаңалықтар

Әскерилер қан тапсырды

Аймақтар • Бүгін, 12:33

Ұқсас жаңалықтар