Үкімет • 01 Қазан, 2020

Үкіметте "100 нақты қадам" Ұлт жоспарын іске асыру барысы қаралды

10 рет көрсетілді

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен және ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің қатысуымен өткен Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның селекторлық отырысында «Тұңғыш Президент – Елбасы Н. Назарбаевтың бес институционалдық реформасын іске асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын және Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Жолдауын орындау барысы қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атқарылып жатқан жұмыс барысы туралы ұлттық экономика министрі Р. Дәленов, қаржы министрі Е. Жамаубаев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов, ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров, білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов, денсаулық сақтау министрі А. Цой, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б. Мусин, Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік төрағасы – «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қ. Келімбетов және т. б. баяндады. 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі өз Жолдауында Ұлт жоспары мен Бес институционалдық реформа аясында Елбасының реформаларына салмақты серпін беру қажеттігін атап өтті. Биыл бірқатар бағыт бойынша барынша күш-жігер салынып, Ұлт жоспарының 5 қадамы толық жүзеге асырылды. Қазіргі кезде 33 қадам іске асырылу үстінде», — деді А. Мамин.

Қазіргі уақытта «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» бағыты бойынша 15 қадамның 13-і орындалды, «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету» бағыты бойынша барлық 19 қадам, «Индустрияландыру және экономикалық өсім» бағыты бойынша 50 қадамнан 20 қадам, «Біртектілік пен бірлік» бағыты бойынша 6 қадамнан 3 қадам, «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» бағыты бойынша 10 қадамнан 9-ы орындалған.

Отырыста сүт және ет өндірісін және қайта өңдеуді дамыту үшін стратегиялық инвесторларды тарту, туристік және инновациялық кластерлерді кеңейту, кедендік және салық жүйелерін интеграциялау, жобалау алдындағы және жобалау-сметалық құжаттамаға сараптама жүргізуге мемлекеттік монополиядан кезең-кезеңімен бас тарту, мемлекеттік басқару, білім беру және денсаулық сақтау жүйелерін жетілдіру, мемлекеттік органдар мен өңірлер әкімдіктері жанындағы қоғамдық кеңестердің рөлін күшейту мәселелері қаралды.

Үкімет басшысы Ұлт жоспарын толық әрі сапалы жүзеге асыру бойынша белсенді жұмысты жалғастыруды тапсырды. Инвестициялар тарту көлемін, бірінші кезекте, тұрақты, «сапалы» жаңа жұмыс орындарын құруды қамтамасыз ететін экономиканың басым секторларындағы жаңа ірі жобаларға арттыру жөніндегі тармақтарға ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ отырысқа қатысушылар ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру бойынша — табиғи монополистердің тауарлары мен қызметтерінің бағалары мен тарифтерін көтеруге, нарықтардағы бағалық сөз байласуға қарсы күресті күшейту, тариф белгілеу тәсілдерін ретке келтіру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының (ЖҰЖ) 31-тармағының орындалуын қарастырды. Мемлекеттік органдардың тарифтер мен бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша жоспарлы жұмыстар атқарып жатқаны атап өтілді.

Жыл басына қарай тарифтер мен бағалардың өсуі орта есеппен 0,5%-ға тежелді, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіру және сату нарығында бағалық сөз байласуға жол берген 600-ден астам субъектінің іс-әрекеті анықталып, тоқтатылды.

Соңғы жаңалықтар

Оралда 198 отбасы баспаналы болды

Аймақтар • Бүгін, 18:28

Доллар қымбаттап жатыр

Экономика • Бүгін, 15:54

COVID-19: Қартаюды жақындатуы мүмкін

Коронавирус • Бүгін, 14:43

Күзенді қырған COVID-19

Әлем • Бүгін, 13:14

Қыстың бірінші күні үсіп қалған

Аймақтар • Бүгін, 12:18

Алтайлық аналар баспаналы болды

Аймақтар • Бүгін, 11:20

Ұқсас жаңалықтар