Таным • 29 Қыркүйек, 2020

Мәншүк Мәметова ғұмырнамасын зерделеудің кейбір тұстары

47 рет көрсетілді

Мәншүк Ұлы Отан соғысы басталған кезде 19 жаста екен. Ол майданға сұранып, қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, ашпаған есігі, қақпаған терезесі қалмаған еді. Белді мекемелерді, беделді басшыларды мазалап біткен оның өтініші ақыры қанағаттандырылған болатын. КСРО Қорғаныс министрлігінің мұрағатында сақталған Мәншүктің арызының берілген мерзімі 1941 жылдың 27 тамызы екенін айғақтайды және оның қысқаша мазмұнын берсек, ағасы да, әпкесі де жоқ болғандықтан фашистерді жоюға өзін жіберуді сұраған.

Сөйтіп, 20 жастағы Мәншүк 1942 жылдың тамыз айында өз еркімен Кеңес Армиясы қатарына қабылданып, Алма­тыда құрылған 100-атқыштар брига­дасының құ­рамында майданға аттанды. Осы кезден бастап қаршадай қазақ қызы­ның жауынгерлік жолы бас­талды. 1418 күнге созылған Ұлы Отан соғысының 418 күні Мән­шүктің еншісіне бұйырып, 21 жас­қа толғанына екі апта өткенде Не­вель қаласын азат ету үшін бол­ған ала­пат шайқаста ерлікпен қаза тапты. КСРО Жоғарғы Кеңесі Пре­зидиумының Жар­лығы бойынша 1944 жылдың 1 нау­рызында Мәншүк Жиенғалиқызы Мәме­товаға Кеңес Одағының Батыры атағы бе­­рілді. Міне, аталған тарихи оқи­­ғамен сабақтасқан оның даңқты өмір жолы бү­гінгі күнге дейін жал­ғасын табуда.

Мәншүктің өмірбаянына қа­тыс­ты жинақ­талған мағлұмат­тарды шартты түрде төмендегідей буындарға бөлуге бола­ды; бірін­шіден, Қазақстан тарихы бо­йынша кеңестік кезеңде және тәуел­сіз Қазақстанда жарық көрген оқу­лық­тар мен оқу құралдарында, әртүрлі және әр жылдардағы энци­клопедиялар және т.б. оқу-әдістемелік кешендерде бе­рілуі. Мұн­дай ресми басылымдардағы М.Мәме­­тованың ғұмырнамасы нақтылы да қыс­қаша мағлұматтар беру желісінде құрас­тырылған.

Екіншіден, Мәншүктің өмі­ріне жаңа нақыштар мен рең бе­ріп, оның болмысына бойлай түсуге мүмкіндік жасайтын ес­теліктер болып табылмақ. Қол­дағы бар мәліметтерден бағам­дай­тынымыздай, естеліктер бар­шылық, олардың негізі мақа­лалар деңгейінде көрініс тапқан. Естеліктердің өзін топтауға болады, бірін­шісі – Мәншүктің соғысқа дейінгі өмірін қамтитын оқи­ғалар тізбегі, екіншісі – майдан­дастарының (ол қатардағы жауынгер, болмаса әскери шенділердің) журналистерге берген сұхбаттары немесе авторлардың өздері қалам тартқан толғаулары. Солардың ішінен мәселен, Е.Қуатайұлымен болған кездесуі барысында елі­міз­дің қайсар қызы Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанова «...Мәншүк екеуміз қуыршақ ойнап бірге өстік...», – деп бала­лық шақтан хабардар етсе, жас­тық дәуірдің куәгері Лидия Афа­насьевна Койшигулова 1940 жылдағы Мәншүкке «...Маншук была скромная, работящая, сим­па­тичная, с очень красивыми ко­сами. Любила книги, с книгой она не расставалась. Очень любила природу, любила фотографироваться, одевалась скромно ... » сынды сипаттама беріп, досы туралы ойын ортаға салған-ды.

Майдан шебінде Мәншүкпен қысқа мерзімде жүздес болған немесе онымен бір әскери құрамада соғысқан қа­ру­ластарының айт­қан­дары деректік мағ­лұматтар тұрғысынан маңызды да құнды. Егемқұл Тасанбайұлының 1942 жылғы 25 қарашадағы Молодой путь өзенінің арғы бетіндегі жау шебіне шабуыл өрбіген тұста ауыр жараланғанын, оны ажалдан Мәншүктің құтқарғанын баян­дайтын естелігін жаңғыртып қай­таласақ артықтық етпес: «...Кейін­нен білдім ғой, өлі мен ті­рінің арасын­да арпалысқан шақта алақанымен маң­дайымды сипаған да, қанатымен су сепкен қарлығаш та мейірімі мол Мәншүк екен. Оқ жарқыншағы тиген кеуде мен жа­ралы сол қолдан қан кетіп, ес-түс­сіз жатқан маған құятын қан табылмай, дә­рігерлердің амалы таусылған тұста жағдайдан құлақтанған Мәншүк жанұшыра жетіпті. Ол өзі қан беріп қана қой­май, екі тәулік бойы жаным­нан бір елі ажырамай, күні-түні қас-қабағыма қарапты. Мәншүктің берген қасық қанынан кейін өмірім қайта құралды...».

Мән­шүкпен майданға кірген жауынгер Дүйсекенов, оның көз жұмар соңғы ұрысына қатысты мәлімет берген кіші лейтанант Б.Ахметжанов, дивизия коман­дирі А.Рахматуллин, батальон комиссары Сақтаған Бәйішев (соғыстан кейін белгілі ғалым, ҰҒА академигі), әскери командир Петр Андреевич Теренков, соғыстан аман оралып, ел құрме­тіне бөленген халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов және тағы басқа азаматтар естеліктерін ор­таға салған болатын. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 40 жыл­дығына орай аяулы қызымыз Мән­шүкті ұлықтап жауынгер досы, 100-дербес атқыштар бри­­гада­сының байланысшысы болған Алек­сандра Прокопенко көлемді естелік кіта­бын оқырманға ұсын­ды. Біздер, қазақ халқы, оның азаматтық әрекетіне тағзым етіп ризашылығымызды білдіреміз.

Үшіншіден, Мәншүктің ер­лігін қа­лың бұқараға, соның ішінде өскелең жас ұрпаққа насихаттаудан талмаған, әрине тарихшылар қауымы. Мәншүктің жекебастық ғұмырнамалық мәсе­лесін ғылыми тұрғыдан зерделеуде айтарлықтай орын алған академик М.Қозыбаевты, тарих ғылымдарының докторы, профессор Т.Көл­баев­ты атауға болады. Қазақстан Пре­зиденті Н.Ә.Назарбаевтың 1998 жылды Халық бірлігі және ұлттық тарих жылы деп аталуына сәйкес тарих ғылымдарының кандидаты, доцент М.Құр­манованың Мәншүктің өмі­рін саралауға бағытталған мақа­ласы жарық көрген-ді. Зерт­теуінде автор «Мәншүк қай жерде туған, Мәншүк қалай пуле­метші болды?» сынды сұрақтарды көтере отырып, оның соғысқа ат­та­нуының және көзсіз ерлі­гінің астарын айғақтауға атса­лы­сады. Ұлы Отан соғысына қа­тыс­қан қазақ қыздарының өмірін ғы­лыми тұрғыдан жан-жақты зерттеу жұ­мыстарын жүр­гізген тарихшылардың орта­сынан тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Бақтылы Сан­сызбайқызы Боранбаеваның шоқтығы биік. Көпжылдық табанды ең­бегінің (мұрағаттардан деректік құ­жат­тарды іздеп тауып алғаш рет ғылыми айналымға енгізген, олар туралы жазылған материалдарды оқып-зерделеген, бүгінгі күнге жеткен майдангер-аналарды және бұл өмірден бақи­лық болғандарды көзі көрген майдандастарын республика кө­ле­мінде іздеу салып тауып ті­келей сұх­баттас­қан) тамаша нәти­жесі – Батыс Қа­­зақ­­стан қазақ қыз­дарының соғысқа қаты­су туралы жазған туындысының жарық көруі.

Төртіншіден, Қазақ КСР және тәуелсіз Қазақстанның Мемле­кеттік Орталық мұражайының директоры қызметін ұзақ жылдар атқарған, республикада мұрағат ісін дамытуда ерен еңбек сіңірген азамат Марат Хасанаев құжаттық мағлұ­маттарды негізге ала отырып, Мәншүк­тің ғұмырнамасына айнымас айғақтықты, нақтылық пен анықтылықты сыналай кір­гізіп, оның өмірбаянын толымды етуге өзіндік үлес қосты. Бұл үрдіс әсіресе май­дандағы Мән­шүктің жауынгерлік болмысын сомдауда айқын көрініс тапқан.

Бесіншіден, республиканың кеңестік дәуірі және Қазақстан Республикасы жа­рияланғаннан бері бұқаралық басылым бет­те­рінде жарық көрген ұшан-теңіз мақалалар тізбегінің бір легі М.Мәм­е­­тованың туғанына 50, 55, 60, 70, 75, 80, 90 жыл толуына орайластырылған, соны­мен қа­тар оның ерлікпен майдан даласында қаза табуының 10,15, 20, 25, 30 жылдығына арналған. Сө­зіміз дәлелді болу үшін осындай жинақталған мақа­лалар шо­ғырының соңғы уақытты жа­рыққа шыққан кейбіреуіне ғана сілтеме жасалық. Мақалалардың айтарлықтай бөлігі адам жанын құлазытар Мәншүктің ащы қазасының түйткілі Невель қа­ласы үшін болған шайқастағы Жеңістің 20, 25, 40, 50, 65, 70 жыл­дығына бағытталған. Бұл тарихи оқиға Мәншүктің өмірінің үзілген тұсы, сондай-ақ оның бүкіл саналы ғұмырының ша­рықтау шыңы, МӘНШҮК МӘҢ­ГІЛІГІНІҢ бастауы болды. 1943 жылы қазан айының басында 100-атқыштар бригадасына Невель қаласын азат ету міндеті жүктелді. Невель  Белоруссия, Балтық жағалауы, сондай-ақ Ле­нинград бағытындағы темір жол торабы бойынша орналасқан стра­­тегиялық маңызды қала бо­ла­тын. 1943 жылдың 15 қа­занын­да Калинин майданында 3-ар­мияның құрамындағы 21-гвар­диялық атқыштар диви­зияның пулеметшісі аға сержант Мәншүк Мәметова Псков об­лысындағы Невель қаласы үшін болған кескілескен шешуші ұрыста фашистердің шабуылына қайсарлықпен тойтарыс берді, сөйтіп ержүректігімен, өжет­тілігімен көзге түсті (басынан жа­ралы қыз бес сағат бойы жау­мен арпалысып, 70-ге жуық фашисті жер құштырды). Невель үшін болған шайқас қатыгез ай­қастардың қатарынан орын алады. Әскери құжаттар оның 15 сөткеге созылғанын және 27 мыңға жуық кеңес жауынгерінің сол жерде көз жұмғандығын пайымдайды. Бұл герман фашистерінің ауыр же­ңілістерінің бірі болған деп бұлтартпасыз тұжырым жа­салған. Гитлер қаланы тас­тап шыққандығы үшін екі генералын ату жазасына бұйырғандығы туралы да дерек бар. Міне, 1943 жылы 15 қазанда осы шабуылда М.Мәметова ерлікпен қаза тауып, атын өшпестей етіп тарих қойнауына қалдырды.

Алтыншыдан, ел тәуелсіз­дігі­мен қанаттаса Мәншүктің адами тағдырын зерделеу бағытында кейбір түйткілді тұстарын анық­тауға әрекеттер басталып, жалғасын табуда. Олардың ішін­дегі алғашқылардың бірі болып көтерілген мәселе – Мән­шүктің туған жерін анықтау. 1995 жылғы «Приуралье» газетінде қарашаның 23 жұлдызындағы кезекті санында тарихшы-ғалым И.Кежалиевтің «Где родилась Маншук?» атты мақаласы жарық көрген-ді. Автордың мұндағы айт­пағы – осы күнге дейін құжат­тарда Мән­шүктің туған жері Орда деп келгендігі, ал шындыққа жү­гінсек басқа аймақ екендігін алға тартты: «...Неспроста поэтому в музее медицины Минздрава рес­­пуб­лики я и встретил копию личного листка по учету кадров, заполненного рукой самой М.Ма­метовой в 1941 году. Там в графе «Место рождения» записано: «Западно-Казахстанская область, Джаныбекский район, Камыстинский аулсовет». Оқыр­манға түсінікті болу мақсатымен И.Кенжалиев нұсқасының маз­мұнын ұсындық.

Аталған газет бетін­де жарияланған жоғарыдағы мақа­лаға В.Ярлов үн қосып («Где родилась М.Маметова?»), өз тарапынан жүргізілген ізденістерімен бөліскен-ді: «...Однако некоторые исследователи, с которыми пришлось беседовать, утвеждают, что Маншук и сама могла не знать точного места своего рождения, так как ее аул, видимо, постоянно кочевал из Урдинского в Джаныбекский район и обратно, а сама Маншук рано потеряла родителей». Автор өз ма­қаласын былайша түйіндейді: «...Проблема, конечно, есть. Но так ли уж важна она сейчас? М.Ма­метову помнят и почитают не толь­ко в Урде и Джаныбеке, но и во всем Казахстане, и в далеком российском Невеле, под которым она погибла. Это для нас, наверное, главное. Хотя, ко­нечно, для исторической науки важен каж­дый достоверный факт». Бұл сұраққа қа­тысты қалам тартқан автордың бірі – Д.Ва­сильевті атап өтпесек, әділетсіздік болар.

Екінші және маңыздырағы – батыр қыздың ата-анасына байланысты қойылған тың мәселелер-тін. Перзент сүймеген Ахмет және Әмина Мәметовтар Мәншүкті өз әке-шешесі Жеңсігәлі мен То­йымшадан бес-алты жасында сұрап алып, бауырларына басқандығы әрбір қазаққа белгілі жайт. Тек көңіл аударар мәселеміз – кеңестік тоталитарлық тәртіптің қандыбалақ құрығына ілінген әкесі А.Мәметовтің қияметті тағ­ды­рымен байланысты Мән­шүк­тің өз ғұмырын әкесін ақ­тап-арашалау миссиясына бағынд­ырғанын бағамдау. Ең алдымен, Ахмет пен Жеңсігәлінің ту­ыс­қандық буынын ажыратып алалық, бұл түйінді шешуде Ермек Зәңгіровтің дерегіне жүгінелік: «...Ауыл қарттары ...«Тойлыбайдың тоғызынан» деп отырады екен. ...Тоғыз ұлы­ның жетеуінің аты аптаның жеті күніне сәйкес аталыпты да, қал­ған екеуінің аттары Төребай жә­не Қошаман деп аталыпты. ...Төребайдан – Телғара туады. Ал Телғарадан Әлі мен Мамыт туады (кімнің атап кеткені белгісіз Мамытты кейін Мәмет деп атап кетеді. Әліден Жеңсігәлі, ал Ма­мыттан (Мәметтен) Ахмет пен Қанат туады». Ахмет Мәметов – Са­ратов университетінде оқыған алғашқы қазақ зиялысы. Ол осы күнгі Батыс Қазақстан облысының Орда ауданындағы Мешітқұм ауылында 1896 жылы дүниеге келіп, 1938 жылдың 11 ақпанында жаппай қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Ол талантты та білімді дә­рі­гер, ұйымдастырушы, бел­гілі қоғам қайраткері, тамаша ақын болған-ды. А.Мәметовтің ғұ­мыр­намасын қарастыруды мін­дет етіп қоймағандықтан, тек айтарымыз – бұл адамның Мән­шүк өмірінде алған орны ерек­ше болғандығы. Мәншүктің дәрігерлік мамандықты таңдауы­ның өзі-ақ көп нәрсені аңғартады. Ол балауса қыз үшін өміріне үлгі етер жаны, өмірлік бағыт ұстар қазығы мен діңгегі болғандай. Міне, осы аяулы адамына Кеңес өкіметі «халық жауы» деп жала жапқанда, балалық борышын өтеуге іштей бекінгендей. Бұл жерде не айтқымыз келіп тұр? Май­данға, соның ішінде алғы шепке, табандылықпен сұрануының себептерін айғақталық. Мән­шүк ғұмырнамасына қалам тартып жүрген Қазбек Құттымұрат­ұлы­ның сөзіне құлақ асалық: «...Мән­шүктің майданға баруға неге сонша ынтық болғаны жөнінде бір қисынды әңгіме айтылып жүр: Әкесінің еш жазықсыз, жаламен ұсталып кеткеніне кәміл сенген Мән­шүк оны ақтап алу үшін өзін құрбан етуге даяр болған» десе, енді бір авторлар тобы: «...Настойчивость Маншук объяснялась не только горячим желанием защищать Родину. Были и личные мотивы: в те годы среди населения был упорный слух о том, что, если дети репрессированных лиц добровольцами уйдут на фронт и проявят героизм, то родителей могут освободить из застенков НКВД. Маншук в это верила и мечтала о свободе для приемного отца Ахмета Ма­метова». Бұл біріншіден, ал екіншіден, әкесін 1938 жылы-ақ атып тастағандығынан бейхабар Мәншүк үш рет майданнан Сталинге әкесін босатуды өтінген хат жолдаған болатын. Үшіншіден, 1943 жылдың 7 тамызында анасы Әмина Сүлей­менқызына жазған хаты бұл пікірімізді растай түсетіндей: «Әп­кетай, мен сізді өте сағын­дым, тірі қалсам, соғыстан соң елге келсем деп армандаймын. Ме­нің тағдырым бірақ шатқаяқ, бас­қаша айтқанда сау қаламын деу қиын ...Егер қаза болсам, Отан үшін, әкем үшін және сіз үшін...». Төртіншіден, Мән­шүк өмірінің соңына дейін әкесінің адалдығына шүбә келтірмей, оның ақтығына сенімді болды. Бесіншіден, отбасында бойына сіңген көргенді де ибалы тәрбие қаршадай қызды елін сүйген ержүрек, намысты да жігерлі етіп шығарғаны даусыз.

Жетіншіден, Мәншүктің жа­уын­герлік сүрлеуін айғақтай­тын және оның жан дүниесінен сыр шертетін деректің тағы бір көзі анасы Әминаға және Кеңес Одағының Батыры М.Мә­метова туралы Ә.Мәметоваға жолданған хаттар болып табылады. Аталған хаттарды қарас­тырған жекелеген авторлар бар және қазақстандық Кеңес Одағы Батырларының хаттары топтасқан өз алдына шыққан жинақтар да жарық көрген. Солардың ішінен Мән­шүктің анасына жазған бес хатын талдап зерделеген Т.Әліп­қалиды атап өткен жөн.

Сегізін­шіден, Мәншүктануда оның ерлігін жырға қосқан поэмалық шығар­малар мен прозалық туындылар айрықша орын алады. Мәншүк туралы Великие Луки тү­біндегі сұрапыл шайқастан соң-ақ әскери газет беттерінде очерктер жазыл­ған-ды. Ал ол қаза болған кезде жас батыр қыз туралы мектептер мен мекемелерде, өндірістерде оның ерлігі жөнінде айтылып, газет және журналдарда мақалалар шығып, әңгімелер жазыла бастады, радиодан барлық тілдерде соңғы арпалыс шайқас туралы хабар шартарапқа тарады. Павлодар облысының Баянауыл ауданы «Теңдік» колхозшы әйел­дерінің батыр қазақ қызының атымен танк колоннасын жасауға шақырған тамаша қозғалысы туралы «Қызыл ту» газетінің 1944 жылдың 5 сәуірінде хабарланды және бұл бастама өз жалғасын тапты да. Сонымен 1943-1944 жылдардың өзінде-ақ Мәншүктің бір атымен байланысты материалдар жарияланған болатын. Сәбит Мұқанов Мәншүк туралы қалам тартса, Мариям Хакімжанова «Мән­шүк: Советтер Одағының Батыры Мәншүк Мәметова туралы поэма» (Алматы: Қазақтың біріккен мемлекет баспасы, 1945, 43б.) туындысын жазды, Күләш Ахметова жыр жолдарын арнады.

Тоғызыншыдан, Мәншүк есімін мәң­гілік етуде мұражайлардың (Орал қала­сындағы М.Мәметова атындағы мемо­риалдық музей (1962), Семей медици­налық уни­вер­ситетінің жанын­дағы М.Мә­­метова музейі, М.Мәме­това атын­дағы Алматы қала­сының №28 техни­калық ли­цейінің Даңқ залы, Ресейдің Не­­вель қаласындағы Тарих му­зейі, С.Ж.Асфендияров атын­ды­ғы ҚазҰМУ-дің музейі) орны баға жетпес. Мұражай қыз­мет­керлерінің өздері әдеттегі насихат жұмыстарымен қоса, барынша, әр жыл сайын экспонат­тар қатарын жаңғыртып то­лықтыру, Мәншүктің жорық жол­дарын басып өту акцияларын ұйымдастыру, мақалалар жазу және т.б. сынды игі істерді қатар алып жүруде.

Оныншыдан, «Мән­шүк» күйі қар­шадай қыздың тағдырына бойлатар болса, 1969 жылы Андрей Михалков-Кон­чаловскийдің сценарий бойынша даңқты 100-атқыштар бригадасында Мәншүкпен бірге болған кейінде танымал режиссер Мәжит Бегалин «Мәншүк туралы ән» көркем фильмінде қайсар қызымыздың образын тамаша етіп сомдап шықты.

Он біріншіден, Орда, Жәнібек, Невель, Сайхин, Алматы қалаларындағы Мән­шүк­ке арналған ескерткіштер бүгінде біздерді ерлікке, еңбекке ша­қы­руда.

 

Күләш ТӨЛЕНТАЕВА,

тарих ғылымдарының кандидаты

 

АЛМАТЫ

 

Соңғы жаңалықтар

Алдағы күндері аяз болады

Аймақтар • Бүгін, 11:25

Елордада STEM олимпиадасы өтті

Аймақтар • Бүгін, 10:30

Пневмонияның 43 жағдайы тіркелді

Коронавирус • Бүгін, 09:10

Саңлақтар сыр бермеді

Күрес • Бүгін, 08:28

Білім мен рухани бірлік алаңы

Руханият • Бүгін, 08:23

Ел чемпионатында топ жарды

Спорт • Бүгін, 08:20

Ой түбінде жатқан сөз...

Қоғам • Бүгін, 08:17

Аңыздар айқасы тең аяқталды

Кәсіпқой бокс • Бүгін, 08:15

Тәжікстаннан да төмен тұрмыз

Футбол • Бүгін, 08:07

Алға ұмтылған Ақмола

Елорда • Бүгін, 08:02

Көреген көшбасшы

Елбасы • Бүгін, 07:45

Әлемнен алғыс алған тұлға

Елбасы • Бүгін, 07:33

Құрметті отандастар!

Қоғам • Бүгін, 07:30

Елбасы және Сыр елі

Аймақтар • Бүгін, 07:28

Қылмыс азайып келеді

Қоғам • Бүгін, 07:22

Ұқсас жаңалықтар