Пікір • 29 Қыркүйек, 2020

Қоғам қасіретін арқалаған туынды

32 рет көрсетілді

Бір данышпан айтқан екен «Екі рет оқуға тұрмайтын кітап бір рет оқуға да тұрмайды» деп. Ал мен бұл кітаптарды (Тұрысбек Сәукетайдың «Қилы тағдыр» романдар циклі. 6 кітап) екі, үш, бәлкім, одан да көп оқыған шығармын. Менің бұл кітапты оқуым – құмды шөлді ұзақ шарлап, кенезесі кепкен адамның кенет тас­тай тұмаға бас қойғанындай болды. Қомағайлана, тойымсыздана оқыдым. Оқымадым – сімірдім, сіңірдім. Өзім де сол әлемге сіңіп, еріп жоғалдым. Өзім – өзім емес, кітап кейіпкерінің біріне айналдым. Өз еркімнен тыс кейіпкер тағдырын, кейіпкер тауқыметін, мақсат – мұратын қабылдадым. Тіпті бұл кітапта мен бармын деп ойладым. Кез келген оқырман осы күйге түсер еді. Өйткені кітап кешені емес, ертеңді емес, дәл осы кезді, осы заманды, осы қоғамды, осы адамды, біз бен сізді, жазып отыр. Өз кейіпкерімнің кейінгі тағдырына алаңдағаным соншалық – авторды іздеп барып, әлі басылып шықпаған қолжазбасын оқыдым. Неге дейсіз ғой.

Себебі бұл кітап – тұнып жатқан тұң­ғиықты астан-кестен еткен тас­кесек.

Себебі бұл кітап – тұмса дүние шаранасын дар айырып, дүниеге ерте келген шақалақтың шарылы...

Себебі бұл кітап – оқыдым деуге жүрек керек, оқымадым деуге ұят керек кітап.

Себебі бұл кітап – кем дегенде жар­ты ғасыр кейін жазылу керек еді. Бірақ бұл кітап бүгін жазылды. Міне, осынысымен де құнды. «Нағыз қаламгер кешені емес, ертеңді емес, бүгінді жазу керек» депті Пушкин. Бір білгені бар. Бүгінді жазу оңай ма? Оған жүрек керек, «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген жанпидалық керек. Әсіресе, заманды көшкен соң, билікті құлаған соң, билеушіні өлген соң ғана «сазайын» беріп, «жау кеткен соң қылышымызды боққа шауып» үйренген басымыз бұған ашық күнде аспаннан жасын түскендей шошына, кіржие қарадық. Қабылдай алмадық. Шынында, қабылдауға қорықтық. Көрмеген, естімеген боп отырғанымыз да содан. Көргендеріміз бірден «пәлеңнен аулақ» деп, ат бо­йымызды ала қашып, «эклектика» дедік, «иссидент» дедік, «бұл заманнан жылтыраған жақсылық таппай, тек жамандай беріпті дедік. Абайға да осылай дегенбіз. Өз заманымыздың тамаша ақыны Ақсұңқарұлы: «Абай – рентген. Кеудеңе тоссаң, күллі ит­тігің көрінеді» депті. Сол айтқандай Тұрысбек Сәукетайдың бұл туындылары рентген. Егер оған қоғам мен билік кеудесін тосса, күллі иттігі, тыр­жалаңаш бейнесі көрінеді.

Бұл кітап – осы күнге дейін бо­йымыз үйренген көне қыпшақтың қыш қорғандарынан жеткен күңгір-күңгір қо­ңырау үні де, сардалада жо­сылған жор­туылдар үні де емес. Не болмаса сұлулық пен гармонияға, махаббат пен сезімге бөктіріп, қуанышты күр­сініспен аяқтап, оқырманды әженің әл­диіндей ұйқыға жетелейтін кітап емес.

Бұл – кітап, керісінше, «ұйықта, қазақ, баю-баюмен» қалғып жат­қан, тоғышарлық қанағатын місе тұтқан, жаныңды сілкіп, жүрегіңді жұл­қып, тамырыңда қалған тамшы қаныңды қайнатып, өзіңнің ұлт екеніңді, тіпті адам екеніңді ес­ке салады. Осы өзіңе де беймәлім бойыңдағы бір бұла сезім бас көтеріп, ұй­қыдағы арыстандай жалыңды күдірейтіп, ақ пен қараның, жауыздық пен жазықсыздың, билік пен әлсіздің күресіне еріксіз араласып кетесің.

Автор шеберлігі – ғажап. Бас кейіпкердің тұлға, тұрпат, кескін-келбет, іс-әрекет, мінез-құлық сипаттарын молынан пішіп, сомдап жонғандай кесек катарсистік образ жасап, оқырманды оған «ғашық» етеді. Оқырман енді одан бір сәт айырыла алмайды. Сан қилы тағдырдың, шытырман оқиғалардың, күрделі де қызықты сюжеттердің, мөлдіреген сезімдер мен тұнып тұрған тіл шұ­райының ләззатына малтығып жүріп, бір сәт бас кейіпкерден көз жазбайды, іздейді. Әккі автор оқырман үмі­тінің торығып, үзілер шағында бас кейіпкерді күтпеген жерден жарқ ет­кізеді. Олақтық жоқ. Бас кейіпкерді оқиғаның алтын қазығы етіп, сан салалы сюжеттерді тоғыстырып әкеп, небір эпизодтық шегіністер мен лирикалық көріністер, шешендік иірімдер, де­тальдық символдар, жұмсақ юмор, тылсым мистика арқылы байланыстырып отырады. Бірақ, бас кейіпкер ғұмыры аяқталмайды. Аяқталса, ке­лесі кітаптың оқырманға қажеті де болмас еді. Біз әдетте жазушылар­ды «пәленшенің образын керемет сомдаған» деп мақтаймыз. Ал біздің автордың сомдаған, бірде-бір қасиет – сипатын қалдырмай ашқан образы – ол қоғам, заман образы, бейнесі. Оқырман өз заманын, өз ортасын, өз замандасын, өзін көреді.

Қарапайым халыққа алаң­да топырлап жүрген топ ретін­де ғана жылына бір мәрте көрсе­тіліп қоятын суреттен басқа біз Желтоқсанның қай сырын біліп­піз? Сол Желтоқсанның нағыз бейнесін, оның туу себептерінің жария болмаған құпиясын, сұрқия шови­низмнің жасырын әрекетін, сая­сат пен идеологияның жал­тақ, жағымпаз, екі жүзділігін көре­міз. Ел тағдырын сеніп тап­сыр­ғандардың да байлық пен билік, бақ пен тақ жолындағы қырқысын көреміз. Элита деп аталатын топтың халық көзінен тасадағы масқарасын көріп жағаңды ұстайсың. Транзиттік тұлғалардың (басқа ұлт болса да) саясат пен биліктегі «ойын­дарын» аймандай ашып береді. Заманымыздың генетикалық құна­ры – зиялы қауымның да бет-пер­десі сыпырылып, ақ пен қарасы, шын­дық пен жаласы жарқ ете түседі. Та­ри­хи тұлғалар: Қонаев, Тәшенов, Сүлейменов, Колбин, Горбачев т.б. тек көшбасшылық – көсемдік сипаты ғана емес, адам, азамат, тіпті қарапайым пенде ретіндегі астамшылығы мен тайсақтығы, өкініші мен күйзелісі қандай ашылған. Әсіресе, Қонаев осы кітаптан соң ғана халқына, қазағына жақындай түседі.

Көркем шығарманың құдіреті көркемдігінде ғой. Бәрінен бұрын көз алдыңызда қимылдап тұрған мына тірі суреттерге не дейсіз?

– Ұлы шаһар екі өкпесі қысылып, ыңыранып жатыр.

– Алаңда басына жүген-ноқта кимеген бұла жастық шарқ ұрып жүр.

– Таң бозын басына киіп боздаған пойыздың ішінде азаттық аңсап бұл­қын­ған қазақтың жас жүрегі өзінің бұлыңғыр болашағына қарай зымырап бара жатты.

– Жастық қуатпен тепсінген сер­пімді дене ақ төсектің үстінде уызға малған алтын қасықтай дір-дір етіп жарқырап жатты.

Ал сіз уызға малған алтын қасықты соңғы рет қашан көріп едіңіз?

 

 Әмина ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ,

сыншы

 

Соңғы жаңалықтар

Қару ұстауға бақылау күшті

Қоғам • Бүгін, 18:11

Ұқсас жаңалықтар