Аймақтар • 03 Желтоқсан, 2020

Медициналық жабдықтар жаңарды

4 рет көрсетілді

Жұқпалы індетке шалдыққандар үшін емдеу мекемелерінің тиімділігі едәуір артты. Облыста 40 инфекциялық стационар дайындалып, толық жабдық­талған 6 мыңнан астам төсектік орын ұйым­дастырылды.

Биыл ақпаннан бері науқастарға арналған төсектік орын саны 12 есеге, реа­нимациялық төсектік орын саны 10 есеге артқан. Облыстық денсаулық сақ­тау басқармасы мамандарының мәлі­метінше, инфекциялық бөлімшелердің барлық пациенті оксигенотерапиямен толық қамтамасыз етілген. Бүгінде ауыр науқастар үшін иммундық плазманың 3 мыңнан астам дозасы дайындалды. Өзгенің өмірін құтқарып қалу үшін плазма тапсыруға ниет білдіріп жатқандар да көп. Әзірленген плазмадан 150 пациентке 309 доза құйылған екен.

Сонымен қатар дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныс құралдарының тұрақ­тандыру қоры құрылды. Емдеу­дің тиімділігі үшін коронавирус инфек­ция­сының жеңіл және орташа ауырлығы бар 6 200 науқасты осы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету есебінен фавипиравир препараты сатып алынды. Препарат 12 қарашадан бастап пациенттердің келісімімен облыс ауруханаларында қол­данысқа енген. Тәулік бойы және дема­лыссыз 15 компьютерлік томограф жұмыс істеп тұр. 1 желтоқсаннан бас­тап қосымша 3 жаңа КТ аппараты пациент­терді диагностикалауды бастайды.

Айта кетерлігі, ауыл тұрғындарын уақтылы медициналық көмекпен қам­тамасыз ету үшін жұмыс істеп тұрған 6 жылжымалы медициналық кешенге тағы 10 жаңа кешен қосылды. Жоспарға сәйкес медициналық жабдықтармен толық жинақталған жедел жәрдем көлігінің паркі 216 автокөлікпен толы­ғуы тиіс. Оның 88-і қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр, қалған 128 көлік 10 желтоқсанға дейін жеткізіледі. Жалпы, өңірдегі жедел жәрдем көліктерінің саны 2,5 есеге көбейді.

Коронавирус жағдайын бақылауда ұстау үшін КВИ ошақтарын оқшаулау орталығы құрылды. Аталған орталық бес цифрлы модульды біріктіріп, мед­эпид­бригадалардың жұмысын үйлестіреді. Мұндай жүйе инфекцияның таралуына қарсы күрес бойынша шұғыл шаралар қабылдауды жеделдетуге, жұқтырған және байланыста болған адамдар туралы ақпараттар алуға, емдеу барысын және карантиндік шектеулердің сақталуын қадағалауға мүмкіндік береді.

Шығыс Қазақстан ПТР зертхана­лардың саны бойынша жетекші облыс­тардың қатарында. Пандемия бас­тал­ғалы ПТР әдісімен 350 мыңнан астам адам тексеруден өтті. COVID-19 виру­сын уақтылы диагностикалау үшін жер­гілікті бюджет есебінен қуаттылығы тәулігіне 7 мың сынамаға дейін жететін қосымша 7 зертхана ашылған.

Жалпы, пандемиямен күрес кезінде өңірдің денсаулық сақтау саласына қажетті жабдықтар сатып алуға және негізгі құралдарды жаңартуға 22 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды.

 

Шығыс Қазақстан облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар