Қоғам • 28 Қазан, 2020

Алаяққа алданатындар әлі көп

117 рет көрсетілді

Жуырда Қызылорда облыстық Полиция департаменті осы жылдың 9 айындағы жұмы­сын қоры­тындылады. Жыл басынан бері тіркелген қылмыстық құқықбұзушы­лық былтырғы жылдың осы кезеңімен салыс­тырғанда 36 пайызға төмендеген. Қоғам­дық орындар мен көшелерде жасалған қылмыс­тардың да азайғандығы байқалады. Топ болып, сонымен қатар мас күйінде тәртіп бұза­тындар да сиреген.

Облыс полицейлері қылмыстық істі электронды форматта жүргізу жөнінен республика бойынша алғашқы орында тұр. Істі ашық жүргі­зудің барлық талаптары сақталады. Осы саладағылардың арасынан сыбайластыққа немесе теріс қылыққа жол бергендерге қатысты қатаң шаралар қолданылады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен адамның жеке басына қарсы жасалған қылмысқа, мал ұрлығы мен кейбір басқа да қылмыстарға жаза күшейді. Осыған дейін біреудің мүлкін ұрлаған немесе малын қолды еткендер залалын өтеп, құтылып кетіп жататын. Заң талабы қатайғасын, ұрылардың да аяғын тарта бастағаны байқалады.

– Былтыр облыс орталығындағы белгілі кәсіп­кер­дің үйіне қарақшылық шабуыл жасағандар толық ұсталып, биыл оларға қатысты сот үкімі шықты. Қарақшылар салған дене жарақатынан үй иесі қайтыс болды. Қазақстанның әр түкпіріне бой тасалап кеткен қылмыскерлер толық ұстал­ды. Келтірілген материалдық залал өтелді. Қарақ­шылар алды 24, соңы 4 жылдан арқалап кетті. Осы істі тергеп-тексеру барысында департамент тергеушісі А.Жәуенов кәсіби шеберлік танытқанын айрықша айтқымыз келеді, – дейді департамент бастығының орынбасары, полиция полковнигі Байжан Байгелді.

Жалпы, қылмыстың төмендегені байқал­ғаны­мен кейбір жекелеген түрлері жиілеп тұр. Депар­­таменттегілер әсіресе алаяққа алданатын­дар әлі де көп екендігін айтады. Ескерту, алдын алу жұмыстары жүйелі түрде атқарылып жат­қа­нымен интернет алаяқтардың қақпанына түсе­тіндер азаймай тұр.

Техника дамыған сайын жұртты алдап, табыс табатындар да әдіс-айласын жетілдіріп келеді. Мысалы, қазір әлеуметтік желіде «Банк пен шағын несие ұйымдарының кредитін жа­уып беремін» деген жарнама толып тұр. Соларға сеніп, айтқан ақшасын аударып, алданып қалып жатқандары қаншама. Туыстары мен таныстарының атына онлайн несие рәсімдеп, оларды миллиондаған қарызға батырып жатқан­дар да кездесіп қалады.

Солардың бірі облыс тұрғынына «Балаңды «Қазақмыс» мекемесіне жұмысқа орналастырып беремін» деген уәде берген. Әрине, тегін емес. Екі арадағы делдалдық қызметі үшін 7 мил­лион теңгеге жуық ақша алған. Танысының айтқан уақыты ұзап бара жатқасын ақша берген тұрғын полицейлерге арыз жазып, сол бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілген. Оқиғаның мән-жайы анық­талуда.

Қазан айының басында қалалық Полиция басқар­масының кезекші бөліміне облыс орталы­ғының тұрғыны алаяқтық фактісі туралы арызданып, онда көктемде бір танысына 5 245 000 теңге бергенін жазады. Әлгі танысы осы ақшаға қол­жетімді бағамен баспана сатып алуға, сіңлісін университетке түсіруге көмек көрсететінін айтып ант-су ішіпті. Жедел-іздестіру шаралары барысында облыс орталығының бұрын сотты болған 28 жастағы тұрғыны ұсталды. Алаяқ­тардың арасында арзан пәтер алып беру­ге, жұмысқа орналастыруға, жеңіл табыс табуға шақыратындар көп. Өзін полиция қыз­меткерімін деп таныстырып, біреудің телефо­нын алып кеткен де оқиға кездескен. Әрине, жұртты жер сипатып кеткендердің бәрі жаза­сын алды. Биыл «Гарант 24 ломбард» ЖШС-нің осындай қаржылық пирамидасының қақпанына түскендердің саны 2242 адамға жетіпті. Департамент тергеушілері осы істі мұ­қият қарап, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүр­гізілуде.

Әлеуметтік желіні жұртты алдауға пайдаланатын пысықайдың бірі былтыр «Whats App» мессенджері арқылы «Айлуна Голд» деген атау­­мен бірнеше топ ашады. Сол арқылы қысқа мерзім­де аз ақша салып, қомақты қаржы табуға болатыны туралы жарнама таратады.

– Қаржы айналымынан сәл де болса хабары бар адам 1 аптаның ішінде салған қаржысын 60 пайыз үстемақымен қайтарамын дегенге күдік­пен қарайды ғой. Бізде соған имандай сенетіндер көп екен, айналдырған 2 айдың ішінде оңай олжадан дәмелі 345 тұрғын «Qiwi Кошелек» пен «Kaspi Gold» банкомат картасы арқылы әлгі азаматшаға 534 млн теңгеден астам қаржы ауда­рып берген. Бұл қылмыс та ашылып, ісі сотта қаралды. Бірақ жеңіл ақшадан дәмелілердің десі сонда қайтпай тұр, – дейді департамент бас­тығының орынбасары.

Полицейлер бұл бағытта түсіндіру жұмыс­тарын жүргізіп келеді. Олардың айтуынша, алаяқ­т­ардың құрбаны болмас үшін жаңа таны­сыңыздың іс-әрекеті немесе сөзі күдік тудырса, ең алдымен оның кім екендігін анықтауға тырысқан жөн. Куәлік, сенімхат, сертификат секілді құқық белгілейтін құжаттарын көрсетуін талап ету де артықтық етпейді. Істің мән-жайын анықтағанға дейін оған ақша бермеген және ешқандай құжатқа қол қоймаған дұрыс. Тұрғындар алданып қалғанның өзінде дереу құқық қорғау органдарына хабарласқаны абзал. Оны кешіктірсеңіз күмәнді іспен айналысатындарды анықтау қиынға түседі.

– Сонымен қатар құжаттарды рәсімдеуде, несиелер мен тұрғын үй, әлеуметтік көмек алуда күмәнді қызметтерін ұсынатын бейтаныс адамдарға құлай сенудің қажеті жоқ. Оның орнына аталған мәселелерді шешудің заңды жолын қарастыру керек,– дейді сұх­баттасымыз.

Әрине, құқық қорғаушылар құқықбұзушы­лықтың алдын алуға, қылмыс жасалған жағдайда шара қолдануға міндетті. Бірақ алаяққа жем болмау ең алдымен өзімізге байланысты. Құқықтық сауатымызды көтеріп, қай нәрсеге де сергек қарасақ әркімге алданатындар да, барын соларға беріп, бәрінен баз кешкендей күйге түсетіндер де азаяр еді. 

 

Қызылорда

 

Соңғы жаңалықтар

Әскерилер қан тапсырды

Аймақтар • Бүгін, 12:33

Ұқсас жаңалықтар