Аймақтар • 22 Қазан, 2020

Алматы ХҚО-ларында "Жүрегіңді ізгілікке үйрет" марафоны жүріп жатыр

22 рет көрсетілді

Бүгінгі пандемия кезіндегі, адам тағдыры ұстара жүзінде тұрған тұрлаусыз уақытта, әр жүрекке мейірімділік шуағын ұялатып, адамдар арасындағы махаббат пен достықты, адалдық пен шыншылдықты, ақпейілділік пен дархандықты нығайта түсетін шаралар қажет-ақ.

Мұны «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалыкүнделікті жұмыс дағдысына айналдырған.Тоқтаусыз тіршіліктің көшінде қоңырқай күй кешкен жандарға бір сәт болса да жылулық сыйлап, жанын жадыратар бақытты сәттермен қуантуға тырысуда.

Ұжымдағы «Жылулық сыйлаймыз» тұжырымдамасы аясында өткізіліп жатқан игі шаралардың қатарында, филиал психологы ұйымдастырған «Жүрегіңді  ізгілікке үйрет» марафонын айтуға болады.

«Адам кей уақытта өзіне деген сенімін жоғалтып, күйзеліске ұшырайды, солай дегенмен де, өмірге деген сенімін, құштарлығын жоғалтпай, тоқтамастан тек қана алға ұмтылу керек екенін ұмытпауы тиіс. Қандай жағдай болмасын, бар күш жігерін жинап, алға ұмтылса ғана барлығын жеңіп, жүрегінде де, жан-дүниесінде де тыныштық орнайтынына, барлығы тек жақсы болатынына сенуі керек. Осы сенімді адам бойына ұялату үшін біздің психолог маманымыз бір ай бойы марафон жүргізіп отыр. Бұл дәл қазіргі уақытта қажет деп білеміз», - дейді филиалдың PR-менеджері Жаңыл Әпетова.

Адамның тұтыну құралдарының дамуы артқанымен, адам бойындағы асыл қасиеттердің құндылығы кеми түскен мына заманда, күн ұзағына пенделік қым-қуыт тірлікпен арпалысқан адам, бір сәт жабырқау тартқан жанына рухани қуат іздейді. Сол сәтте оның жағдайын түсініп, көмек қолын созатын адам психолог қана. Психологпен әңгімелесу сананы сілкіндіріп, тұнық ойлардың тұма көздерін ашары бүгінгі күні дәлелденген шындық. Бұл мамандық өте төзімділікті, шыдамдылықты, білімділік пен біліктілікті, мейірімділік пен талап қоя білуді керек етеді десек, ұжымы психологы Дариға Елтайқызы Сәрсен осы үдеден шыға білген маман. Оның «Жүрегіңді  ізгілікке үйрет!» марафоны барысында ұйымдастырған шаралары, талай адамның жанына ізгілік нұрын құйып, бойына сенімділік ұялатты.

Қазан айы бойы жалғасып жатқан марафон мақсаты – адамдардың эмоционалды-құндылық саласын дамыту,адамдардың қиын  психологиялық жағдайдағы әрекеттеріне дұрыс бағыт беру, эмоционалдық стресстен арылу жолдарын көрсету,  қоғамдағы мінез-құлық нормаларын қалыптастыру және бір-бірімен қарым-қатынас жасау және мәдени мінез-құлықты тәрбиелеу. Қызметкерлердің ұжымда жұмыс істей білу қабілетін арттыру, өзін-өзі көрсету үшін жағдай жасау арқылы өзін-өзі тану процесіне ықпал ету.

«Жүрегіңді ізгілікке үйрет!» айлық-марафоны барысында «Қиын психологиялық жағдайдағы қызметкерлердің әрекеттері», «Темперамент туралы түсінік», «Стресс кезеңдері мен белгілері», «Эмоционалдық стресс және одан арылу жолдары» және т.б. тақырыптарда семинарлар, «Тұлғаның сабырлылығын бағалау» тақырыбында сынақтар және Хасай Әлиевтің «Кілт» әдісі бойынша жаттығулар кешенін онлайн режімде жүргізеді.

Жаттығулар мен сабақтар, қарапайым, ыңғайлы және өте тиімді. Олар стресспен күресуге, жан тыныштығын табуға ғана емес, сонымен қатар проблемаларын  шешуге, стресстің теріс энергиясын жоя отырып, дененің сауығуына ықпал етеді. Қатысушыларға тұлға бойындағы қасиеттер жөнінде, темперамент типтері мен мінез түрлері туралы мағлұмат беріп, алған білімдерін кәсіптік қызмет барысында қолдана білуге үйретеді.

«Міне, бүгін тағы да жүздеген жанның ризалшылығына бөлендім. Кәсіби білімімнің арқасында айналама көтеріңкі көңіл күй сыйлау, әріптестерімнің жаңаша қырынан көрінуіне қолдау көрсету, шығармашылық ой-қиялдарына шабыт беру, менің күнделікті жақсы көріп айналысатын ісім. Бұл дегенің керемет емес пе?! Олай дейтінім, қазір мен Азаматтарға арналған үкіметтің Алматы қаласы филиалында психолог бола жүріп, әрбір күн сайын кездесетін қиыншылықтармен, проблемалармен бетпе-бет келіп, өз білімімді шыңдау, іздену үстіндемін. Адамдардың риза жүздерін көргенде еңбегімнің, жұмысымның жанғаны деп білемін», - дейді Дариға Елтайқызы.

«Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» – деп Ұлы Абай атамыз айтқандай, әрбір тұлға  жұмбақ. Сол жұмбақтың кілтін тауып, жүрек кілтін аша білу, әрбір жүректің құпия сырын оқи білу, ғажайып тылсым сырларына бойлай білу – психолог маманның білімі мен біліктілігіне байланысты.

«Психологтың марафон барысында біздермен жүргізген «Бала кезімдегі фотодан мені тап», «Менің сүйікті фильмдерім», «Менің отбасым» және т.б. тақырыптардағы онлайн жаттығулары біздерді жақындастыра түсті. Жанымызда жүрген жандарды жақын тани бастадық. Бір-біріміз туралы көбірек біле отырып, бір-бірімізге қызықты бола бастадық.Өзара ашық араласудан қысылмайтын болдық, жұмыстан тыс кезде қиын көрінген істеріміздің әріптестерімізбен бірге жасағанда оңайырақ болатынын байқадық», - дейді ХҚО қызметкері Айгүл Тұрлыбекова.

Алматыдағы ХҚО психологы Дариға СәрсенніңZoom платформасында онлайн режімде өтетін конференцияларына кез-келген адам қатыса алады.

Бұл күндері  «Ізгі жүректі жандар» айлық-марафонына 3 мыңға жуық адам қатысып үлгерді. 

 

 

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар

Әскерилер қан тапсырды

Аймақтар • Бүгін, 12:33

Ұқсас жаңалықтар