Аймақтар • 22 Қазан, 2020

Түркістандық дәрігерлер отаның жаңа әдісін ойлап тапты

28 рет көрсетілді

Түркістан облысының дәрігерлері жүкті әйелдердің босану немесе одан кейінгі кезеңде қан кетуін уақытша тоқтатудың жаңа әдісін ойлап тапты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Отаның бірегей әдісін енгізген үздіктер Ұлттық зияткерлік меншік институтының патентіне ие болды. Операцияның бұл түрін 1,5 жыл бойы зерттеген  топқа Түркістан қаласындағы №3-ші перинаталды орталығының бас дәрігері, онко-гинеколог Нұржан Махмудов басшылық еткен.

Медицина саласында 33 жыл қызмет атқарып жүрген білікті дәрігердің айтуынша, отаның жаңа тәсілі дүниежүзі бойынша алғаш рет қолданысқа енгізілуде. "Жүкті әйелдер арасында сәбидің плацентадан ажырауы - жиі кездесетін асқынулар. Көп мөлшерде қан жоғалту - ана мен бала өміріне де аса қауіпті жағдай. Жаңадан ойлап тапқан әдісіміз бойынша система арқылы жатырдағы қан тамырларын байлап қан кетуді уақытша тоқтатамыз. Бұл емдік шараны әрі қарай жоспарлауға, жедел көмек келгенше немесе шалғай аудандарға білікті хирург-дәрігер жеткенге дейін қанды жоғалтпауға мүмкіндік береді", дейді Нұржан Талғатбекұлы.  

Арнайы сарапшы-мамандардың талдауынан өткен бұл әдісті алдағы уақытта өңірдегі әріптестеріне егжей-тегжейлі түсіндіру мақсатында арнайы семинарлар ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар, дәрігерлер жатырға эндоскопиялық әдіспен ота жасаудың да жаңа тәсілін зерттеп, халықаралық патентке ұсынуды жоспарлауда. Айта кетелік, Түркістан облыстық №3-ші перинаталды орталықтың дәрігерлері бұл әдіс бойынша 10 рет ота жасаған. Барлығы да сәтті өткен.

 

Түркістан облысы

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар