Қоғам • 22 Қазан, 2020

Қазақтың келіні болғаныма разымын

2579 рет көрсетілді

Қазақстанда 1973 жылдан бері тұрып келемін. Өзім қазақтың келінімін. Аты-жөнім – Татьяна Алексейқызы Тасеменова. Мен Қазақстан тарихы, ата-бабаларымыздың ерлігі мен батылдығы туралы көптеген кітаптар оқыдым. Бұл оқыған кітаптарым менің қазақ халқына деген құрметімді одан сайын еселей түсті.

Қазір біз Шортанды кентін­де тұрамыз. Отбасымыз өте тату. Ағайын-туыстық байланысымыз мығым. Мен осы керемет қазақ отбасының мүшесі болғаныма разымын.

Жалпы, үлкендерге құрмет көрсету қазақ халқының, қазақ­стандықтардың қанында бар қасиет. Менің ойымша, біздің аталарымыз бен әжелеріміз, әкелеріміз бен аналарымыз, бү­гінгі үлкендер жағы қандай құр­метке болса да лайық. Біз­дің ел тарихының әр кезеңі халқымыздың, қазағымыздың жан дүниесіне аз қара дақ қал­дыр­ған жоқ. Азаматтық соғыс, ұжымдастыру, ашар­шы­­лық, қуғын-сүргін, Екінші дүние­жүзілік соғыс, соғыстан кейінгі ауыр кезең, тың игеру, бәрі-бәрі халқымызға оңай тимеді.

Мен зейнеткермін. Өткен ғасырдың алғашқы жарты­сындағы тауқыметті кезеңді көр­месек те 90-жылдардағы қиын­­дық­тарды жақсы білемін. Бүкіл елге қиын болды. Эко­номи­калық байланыстардың үзілуі, өндірістің, ауыл ша­руа­шы­лығының құлды­рауы халық­қа ауыр тиді. Адам­дардың санасына өмір туралы жаңа түсінік кір­ді. Бар­лық қиындықты хал­қы­­мыз ауыз­бір­шілігімен, ынты­мағымен жеңді.

Мен бүгін өзім келін болып түскен шаңырақтың үлкендері жөнінде аз-кем айтып өтуді дұрыс көріп отырмын. Өйт­кені, алдымен аруақтар разы болуы керек.

Ардақты қайын атам Бек­сұлтан Жәмішев Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген темір­жолшысы.

Қайын атамды алғаш көр­генім әлі есімде. Алғашқы кезде «отбасының бір тірегі, үміті, он перзентінің үлкені, тұңғыш баласы орыс қызына үйленіп келіп тұрса кім жақтырсын, болашақ қайын атам оңды қарсы алмас» деп ойладым... Бірақ қайын атам мені тыныш қарсы алды. Бұрын мал баққан, механизатор болған қайын атам мені айналып өтіп, бойыма, үсті-басыма барлай қарап тұрып: «кейде қанды да жаңартып тұру керек, бәрі жақсы», – деп еді.

Үлкен ұлдары Әубәкірдің үйлену тойын қазақ дәстүрімен өткіземіз деген жоспар жайына қалды. Қайын атам ақын жанды, тарихты жақсы білетін кісі еді. Балаларына ата-бабалары туралы үнемі айтып отыратын.

Қайын атамның әкесі Жәміш үш жасында жетім қал­ған екен. Бай малын 12 жасынан бастап баққан. 15 жасында ол жылқы жоғалтқаны үшін абақ­тыға түс­кен. Қазақ­станда Кеңес өкіметін ор­на­­туға атсалысқан. 1924 жылы Ленинді жерлеу рәсіміне қатыс­­қан. 1931 жылға дейін Ат­ба­­сар уезінде «Казгородок» болы­сы­ның Кеңес жұмысында болыс­тық атқару комитетінің төр­аға­сы болып жұмыс істеді. Кейін 58-бап бойынша Сібірге ай­дал­­ды. 1939 жылы қуғыннан оралды.

Әкесінің қуғынға түскен кезінде менің қайын атам төрт жасар болыпты, ал үлкен ағасы Ас­қар тоғыз жаста екен. Жәміш атам­ның төрт баласы болған. Бұл балалардың аналары 1932 жылы Никель ауылына киімін азық-түлікке ауыстырып қайту үшін жолға шығып, жолда үсіп өлген көрінеді. Балаларды ауыл адамдары, туыстары қолдарына алған.

«Халық жауының» балаларына деген көзқарас ол кезде жақсы болмаған. Бірақ, көретін жарықтары болып, төртеуі де аман қалған. 1939 жылы әкелері қуғыннан оралады.

Қайын атамның ағасы Асқар 1942 жылы әскер қата­ры­­на шақырылып, Сталин­град майданында қаза табады. Апа­лары өсті, өнді, тұрмысқа шықты. Қайын атам Бексұлтан 1947 жылы енем Бибігүлге үйленеді… Қайын атам Қима­дағы мектепті бітіріпті. Ол соғыс жылдарында  тракторист болып жұмыс істеген.

Үлкен атамыз Жәміштің әкесі Тас-Еменнің есімі Омбы мен Орынбор мұрағаттарында кездеседі. Ол кісі ресейлік отарлаушылар мен қазақ­тар­дың арасындағы жер мәсе­лесі­не қатысты құрылған бірлес­кен комиссияның мүшесі бол­ған. Отарлаушыларға есе жібер­меудің көптеген амалдарын жа­саған қазақтардың іс-әрекеті­не белсене атсалысқан. Бұл жөнінде арнайы зерттеу жүргізсе де артықтық етпейді. Бабам Тас-Емен араласқан оқиғалар ХІХ ғасырдың бас кезінде, осы ғасырдың шамамен 30-шы жылдарында болған деседі.

Жалпы, Тасеменовтердің от­басы өз тамырымен мақта­на­ды. Қайын атам өзінің барлық балаларының бойына ең жақсы адами қасиеттерді сіңіре білді. Қайын атам зайыбы, менің енем Бибігүлмен 56 жыл тату-тәтті өмір сүріп, бес ұл, бес қыз өсірді. Сегіз баласын жоғары оқу орнында оқытты. Олардан ұрпақ сүйді.

Тасеменовтердің бүгінгі ұр­пағы, біздер өзімізді арғы бабаларымыздың лайық­ты ұрпағы санаймыз. Бабалары­мыздың аруағы разы болсын.

 

Татьяна ТАСЕМЕНОВА

 

Ақмола облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар