Қоғам • 04 Желтоқсан, 2020

Әділдік – әр істің құдайшылығы

171 рет көрсетілді

Он бірінші сыныпқа көшер шағымыз. Алғаш рет жеке куәлігімді алуға барып, аудан басын дүрліктіргеніміз бар. Тиісті мекеме маңында он бес күн жүрдік. Қара­құ­рым халық, бітпейтін кезек. Ақыры ара­ға таныс полицейді салып, шаруаны сырт­ айналып тындырдық.

Содан алақанды уқалап алып, «Серпер» газетіне шағын бір мақаланы сойып жібер­мейміз бе?! Бас редактор – қызметтегі адам: жа­рия­лайын десе, басы екеу емес. Жа­рия­ламайын десе, батылсыздығы үшін, қар­шадай баладан ұялады. Ақырында «Төлқұжат алмай сенделген бір жұрт» деп аудан үнжариясының бетінен жарқ ете­ қал­дық. Дүние азан-қазан болып кетті. Аудан­дық миграция бөлімінің басшысы түнгі он екіге жиырма қалғанда үйге келіп есеп берді ме-ау, әйтеуір әжептәуір назар ауды... Өзіне тән емес жылдамдықпен жедел дайындалып жеткеніне куәлігім де таң қалған шығар. Кейін ғой естіп жүргеніміз: «Қорықпай, сый­лағаның құрысын!».

Даукестік қайбір абыройлы құбылыс дейсің. Дегенмен ұят та болса, тағы да қа­лам ұстауға тура келіп тұр. Тағы да жеке куә­лік­тің, паспорттың жыры. Елордадағы Ха­лыққа қыз­мет көрсету орталығы. Тура жұ­мыс басталар кез­де бардық. Соның өзінде біраз ел жүр. Осы тұс­та бұл жүйенің жұртқа қан­шалықты тиімді еке­нін де айта кету керек.

Қызметкермен әңгіме әп дегеннен күлкілі басталды:

– Қарындас, фамилиямыздан «-овты» алып тастау үшін, қандай құжат керек еді?

– Қандай фамилия еткіңіз келеді?

– Еткіміз келгенде, өзімдікі ғой, ықшам­дасам, қазақылансақ деген ниет еді.

– Сонда да қандай фамилия алғыңыз ке­леді?

...жауабына көңіліміз толмаса да, көңіл­деніп қалдым. Қисынында: ата-тегің кім екенін жазу үшін толтыратын құжат пен тө­ленетін қаражаттың айырмасы жоқ. Жа­райды, нақты сұраққа – нақты жауап, нақты мәселеге нақты шешім қажеті туралы әлі-ақ айтылар.

Келесі эпизод.

Тұрғылықты мекенжайымызды анықтау керек болды. Қас қылғанда, сайттағы элек­трондық тіркеу жүйесі сол күні істемей қа­лыпты. Алдыңғы күні де істемей тұрған. Ма­мандардың сондағы бізді жұбатуы: «Қапа болмаңыз, сізге дейін жеті адамға осылай болды». Бізге статистика емес, мәселенің шешімі керек екенін білдіріп көрдік. Сөз ұзай бастады. Несін айта­сың, сол жерде-ақ аққан судай қылуға болатын дүние екенін анық көріп тұрмыз... Обалы не керек, залда шыр-пыр болып шапқылап жүр­ген орындаушы аз емес екен. Тек дәл сол сәтте еститін есті құлақ табылмай қойды. Алды­мыз­дағы «жетеудің» әнін тыңдасақ... – шеттен енді көшіп келген; – қай құжатты қалай тол­тырудан бейхабар; ЭЦП дегенді естіп үр­пиіп жүрген қара көздер болып шықты. Сол кезде шарт кеттік. Бізді қойшы, ауыл-үй­дің ішін­деміз, қазір болмаса кешке немесе интер­неттен мәселемізді шешерміз амалдап. Ал алыс­тан келген немесе сауаты жетіңкіремей тұ­рған ағайынды емексітпей, ыждағатпен жөн­деріңді айтсаңдар қайтеді, құдай-ау?! Бұл біз кездейсоқ қана кездесіп қалған бірен-саран жайт шығар дей салдым әуелі. Бірақ көп жерге тән көрініс болса қайтеміз? Шағымданып, бі­реу­­дің қызметіне нұқсан келтіруден аулақпыз. Есе­­сіне, үнсіз қалып, жүз адамның шаруасын жеңіл­­детуге әрекеттенбесек, қайткеніміз? Келу­ші­лерді бөле-жармай, тең көру, мәселесіне ор­­тақ­тасу – мемлекет мекемелерінің басты мін­деті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев би­лік­ке келгелі көтеріп жүрген бір ұғы­мы ерек ұнайды. Себебі нағыз керек ұғым. Байқа­дыңыз ғой, еліміздің жаңа экономикалық бағ­дарындағы басты жеті қағидатының екеуін­де сөзбе-сөз қолданылған ұғым: Әділ­дік!

Ізгілікті, игілікті көпке ортақ қылғысы ке­летін ниеттен айналу қажет. Айналу болғанда, айналып-толғанумен іс бітпейді – іс басталады. Құр хошеметпен шектеліп, қол қусырып отырып алмай, іс жүзінде қоштай жөнелудің жөні бөлек. Ол Үкімет мүшелерінің ғана міндеті деген сөз емес. Шалғай ауылдағы әкімдіктің қызметкеріне дейін сезінуі тиіс бастама. Барлық қалаңа да, салаңа да ортақ ұстаным осы болуы тиіс: әлеуметтік әділдік. Халыққа қызмет орталығына да, миграция қызметкеріне де «бұдан тыс қал» деген ешкім жоқ. Әділдік дегеніміз – қазақша айтқанда, әр істің құдайшылығы.

Мемлекет басшысының биылғы Жол­дауын­дағы мұқият ұғып аларлық нақылдың бірі былай дейді: «Халық үніне құлақ аса­тын мемлекет» – бұл, шын мәнісінде, «Әді­летті мемлекет» құру тұжырымдамасы. Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажет».

 

P.S. Жоғарыдағы сөзімізді қаттап отырып, әлеуметтік желіден министр Бағдат Мусин Халыққа қызмет көрсету орталығына барғанын, тиісті тапсырмаларын бергенін білдік. Нәтижесін тез көруден ниеттіміз. 

 

Соңғы жаңалықтар

Теміржол билеттері қымбаттайды

Қазақстан • Бүгін, 11:19

Батыс Қазақстанда күн суытады

Ауа райы • Бүгін, 10:56

Пневмониядан 2 адам қайтыс болды

Коронавирус • Бүгін, 09:23

Келешегі өрісті өндіріс орны

Аймақтар • Бүгін, 08:16

Ұтымды ұсыныстар жасалды

Пікір • Бүгін, 08:09

Шарын балуан

Руханият • Бүгін, 07:54

Оберхофтағы сәтсіздік

Спорт • Бүгін, 07:36

Генерал киген китель

Оқиға • Бүгін, 07:28

Енді ешкім дауласа алмайды

Таным • Бүгін, 07:13

Ұқсас жаңалықтар