Қоғам • 04 Қараша, 2020

Корпоративтік рух үстемдігі

235 рет көрсетілді

Күннен күнге қанатын кең жая түскен жаңа технологиялар негізінде әлемнің өзгеріп бара жатқанын көріп отырмыз. Ол жаңа технологияларды негізінен компания­лар мен корпорациялар енгізуде. Себебі қазір­гі күні қаржының бәрі – солардың қолында. Олар бір-бірімен жанталасқан бәсе­­келестікке түсе отырып, жаңа идея­лар мен соларды жүзеге асыратындай әдіс-тә­сілдерді, ғылым жаңалықтарын іздес­тіреді. Содан кейін оны капиталдың күшімен көп қиналмастан бірден жүзеге асырады.

Жаңа технологиялардың кеңінен қанат жаюына ықпал етіп отырған негізгі күш те осы жағдайдан, яғни жанталасқан бәсекелестік пен қаржының корпорациялар қолына шоғыр­лануынан туындауда. Бұл бүкіл әлемде кор­порациялық рухтың үстемдік алуына әкелуде.

Бір ғажабы, осы мықты да мығым кор­порациялардың отбасылық тәртіп негізін­де дамитындығы байқалады. Оларда отбасындағы секілді әркімнің өз орны бар және ешқайсысын шетқақпай қылмайды. Әке отбасында әр баласын оның мінез-құлқы мен қабілетіне қарай пайдаланып, болашағын белгілесе, корпорациялардағы адамдардың даму мүмкіндігі де осыған ұқсас. Корпоративтік менеджмент, корпоративтік кодекс пен этика дегендердің өзі корпорациялар мен компаниялар ішінде өмір сүру заңдылықтарын білдіреді. Қарап тұрсаңыз, әрбір мығым компания мен корпорация өзі қызмет ететін мемлекет ішінде өмір сүре отырып, сол мемлекеттің заңдарына қайшы келмейтін өз заңдылықтарын жасап алған. Ол заңдылықтар оларда еңбек етіп жатқан адамдардың бір мақсат жолында жұдырықтай жұмылуына ықпал етеді.

Адамзат тарихында алғашқылардың бірі болып адамның кісілік тұлғасы туралы ой қозғаған қытайдың ұлы ойшылы Конфуций негізінен отбасылық құндылықтарды алға шығарған болатын. Себебі біз білмейтін бағзы замандардан бері қоғамның ең берік негізі отбасы болып келеді. Әлемде отбасы мүшелерінің бір-біріне деген жақсы көру сезімінен артық махаббат жоқ. Конфуций осының негізінде мемлекетті дамытуға болатынын байқап, мұны қытай халқына өсиет етіп, соңынан «билеуші – билеуші, ал бағынышты – бағынышты, әке – әке, ал ұлдың ұл болғаны дұрыс» деген сөз қалдырды. Біз қазір ұлы ойшылдың осы өсиеті әлемдегі мықты корпорацияларда жүзеге асқанын көріп отырмыз. Сонымен қатар қазіргі Қытайдың өзі, ол қаншама үлкен мемлекет болса да, бір мақсат жолында жұдырықтай жұмылған бір корпорацияға айналып, осы рухта қарыштап дамып келе жатыр.

Адамдардың бойында корпоративтік рухқа деген тартылыс қалай пайда болады? Менің ойымша, ол әуелі адам таңдаудан, адамның жеке тұлға ретінде кісілік қасиетіне мән беруден басталады. Мәселен, қазіргі күні елімізде жұмыс істеп жатқан мықты шетелдік компаниялар жастарды жұмысқа қабылдарда олардың қолындағы дипломымен қатар сыни ойлау қабілетіне бірінші кезекте мән береді. Сыни ойлау дегеніміз – бір сөзбен айтқанда, адамның миында не бар екенін тексеріп көру. Адам стандарттан тыс ойлай ала ма, бір проблеманың қанша шешімін таба алады деген секілді. Ал мұндай сұрақтарға жауап беру үшін қолда дипломның болуы жеткіліксіз, адамның бойында туа біте қабілет пен талант та болуы қажет.

Кезінде КСРО-ның бір дипломаты жазған кітапты оқыған едім. Сонда ол трансұлттық корпорациялардың Гарвард, Кембридж секілді әйгілі оқу орындарының студенттерін өздеріне қалай қызметке тартатынын жазған еді. Практикаға келген студент ұнайтын болса, онымен байланысты ол практикасын аяқтап, оқуына кеткеннен кейін де үзбей жеке шотына үнемі ақша салып отырады екен. Тіпті жүріп жүрген қызын ресторанға шақыруына жағдай туғызып, киіміне дейін тіктіріп беретін көрінеді. Былайша айтқанда, әкенің балаға жасайтын қамқорлығы. Осыдан студенттің бойында аталған корпорацияға деген сүйіспеншілік оянып, көңілін мақтаныш кернеп, өзін оның бір мүшесі ретінде сезіне бастайтын көрінеді. Әрине, бұл осыдан отыз-қырық жыл бұрын біздің түсімізге де кірмеген жағдай еді.

Әлемге әйгілі экономист Кьелл Нордстрем осыдан екі-үш жыл бұрын елордада жұртшылықпен кездесіп, «Facebook, Apple, Amazon, Netflix, Google компаниялары – бұлар жаңа шындықтың негіздері. Олар әлемде өз тәртібін орнататын болады». «Жоғары білім құндылығы жойылады. Университеттік жаңа әлемде сізге Гарвардта оқудың қажеті де болмай қалады. Өйткені білім жаңа технологиялар арқылы бәрімізге қолжетімді болады. Енді білім емес, адам қасиеті алға шығады» деген болжамдарын ортаға салған еді.

Міне, осылардың барлығы алдағы болашақ отбасы құндылықтарының негізінде дамып келе жатқан корпорацияларда екенін дәлелдейді.

Соңғы жаңалықтар

Пневмониядан 2 адам қайтыс болды

Коронавирус • Бүгін, 09:23

Келешегі өрісті өндіріс орны

Аймақтар • Бүгін, 08:16

Ұтымды ұсыныстар жасалды

Пікір • Бүгін, 08:09

Шарын балуан

Руханият • Бүгін, 07:54

Оберхофтағы сәтсіздік

Спорт • Бүгін, 07:36

Генерал киген китель

Оқиға • Бүгін, 07:28

Енді ешкім дауласа алмайды

Таным • Бүгін, 07:13

Соққан жел нысандарды қиратқан

Аймақтар • 16 Қаңтар, 2021

Атырауда қанша қайыршы бар?

Аймақтар • 16 Қаңтар, 2021

Ұқсас жаңалықтар