Аймақтар • 30 Қазан, 2020

Карантин талабы күшейе ме?

27 рет көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында карантин тәртібінің сақталуы қатаң қадағаланбақ. Облыс әкімі Ғали Есқалиев түнгі сағат 23.00-ден кейін көлік қозғалысына тыйым салуды ұсынды. Сондай-ақ жасырын той өткізуші мейрамханалардың есігі енді күшпен бұзылуы мүмкін.

Мұның себебі – Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырғандар саны көбейіп барады. Мәселен, соңғы аптада қатерлі дертті 47 адам жұқтырғаны анық­талған. Облыстың бас мемлекеттік сани­тарлық дәрігері Мұхамғали Арыспаев­тың айтуынша, Сovid-19 инфекциясын жұқ­тырғандар шетелден келгендер арасында көбірек кездескен екен. Алайда осы ап­тада науқас адаммен қарым-қатынаста бол­ғандардың ауру жұқтыруы арта түсіпті. Ауыр­ғандар арасында егде жастағылар көп. Тіпті балабақша қызметкерлері мен медицина саласының мамандары да бар. Бұл қатерлі індеттің одан әрі ел ішіне тез таралып, жаздағыдай төтенше жағдай туындатпай ма деп қауіптенеді мамандар.

– Коронавирустың көбейіп бара жатқаны – халық сақтық шараларына салдыр-салақ қарап кетті. Қазір анықталған науқастардың 40 пайызын біз емханадан, эпидемиялық қадағалау кезінде анықтап отырмыз. Нау­қастардың басым көбі үй жағдайында жұқ­тырғандар, – дейді М.Арыспаев.

Жаздағы қиын жағдайды – ауруханалар лық толып, дәрігер жетпей, дәрмек таппай сабылған қиын кездерді халық ұмы­тып кеткені ме? Қайтадан қатаң шара­лар енгізу керек пе? Міне, осы мәселе Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқа­лиев­тің төрағалығымен өткен коронавируспен кү­рес жөніндегі жедел штаб отырысында қы­зу талқыланды.

Шынында да қауіптенуге негіз бар. Бес губерниясымен шектесіп жатқан Ресей Феде­рациясында қазір күн сайын коронавирус жұқтырған адам саны 16 мыңнан асып барады екен. Орал қаласына тікелей ұшақ қатынасы бар Германия мен Түркияда да жағдай мәз емес. 6 қазаннан бері облыс аумағына ПТР-тестсіз кірген 679 адамның 15-інен коронавирус табылыпты. Бұл ретте әкім сақтық шараларын күшейту керек еке­нін баса айтты.

Індет іргеге келіп тұрса да халқымыз бая­ғы әдетінен қай­та қоймаған. Орал қа­ла­­сын­дағы мейрам­хана-кафелерде той-тома­лақ жасырын өтіп жатыр. Штаб отырысында карантин талаптарын бұзып, көпшілік жиын өткізген мейрамханалар мен кафелердің тізімі жария болды. Мәселен, «Grand Zodiak» мейрамханасы қазанның 2-сі мен 18-і күні жасырын той өткізіп, көзге түскен. «Альбина», Jaiyq Hall банкет залдары, Lemon, «Встреча» ка­фелері, «Юбилейный», «Жерұйық», Gold Chaihana, «Каспий», «Айзат» мейрамханалары да карантин талап­тарын бірнеше мәрте бұзған. Карантин тәртібін тексеретін мониторингтік топтың тізімінде Орал қаласындағы 50-ге жуық демалыс орын­дарының атауы бар.

Бір қызығы, тексерушілер тобы мен мей­рамхана иелерінің арасында кәдімгідей майдан жүріп жатқандай. Халық той өткізгенде жария болып қалмау үшін талай қитұрқы әрекетке, әдіс-айлаға барады. Тойға барғандар көлігін әр жерге жасырып қояды немесе таксимен барады. Той өте­тін залдардың терезесі тұмшаланып, есігі кілт­ке жабылады. Тексерушілер келгенде шыға қашатын қосалқы есік те алдын ала ойлас­­тырылған. Тіпті тексерушілер келген­де есігін ашпай, полицияның талабына да ба­ғын­­­байтын мейрамхана иелері аз емес екен.

Жиын кезінде өңір басшысы облыс прокуроры мен полиция департаменті басшысымен кеңесіп, мониторинг топ мүшелеріне қажет болған жағдайда жасырын той өткізіп жатқан мейрамханалардың есігін бұзып кіруді тапсырды.

Жақында ғана әлеуметтік желіде Ақ­жайық ауданындағы Ақжол ауылдық округі­нің әкімі ұлының тойын Орал қаласындағы мейрамханалардың бірінде ұлан-асыр тойлап жатқаны туралы ақпарат тараған болатын. Штаб отырысында бұл мәселе де айтылды. Ғали Есқалиев облыс әкімі аппаратының жетекшісіне бұл ақпарат бойынша қызметтік тексеріс жүргізуді тапсырғанын айтты.

– Қызметтік тергеу жасаңыздар. Егер бұл оқиға расталса, ондай адамға мемлекеттік қыз­метте орын жоқ. Ауыл әкімі ме, аудан әкімі ме, талап бірдей. Өзі халыққа үлгі болу­дың орнына осындай әрекет жасап жатса, бұл мемлекеттік саясатқа қайшы келеді. Егер мемлекеттік қызметкер осыны түсін­бесе, онда қарапайым халықтан не сұрай­мыз? – деді өңір басшысы.

Әкімнің айтуынша, коронавирус жұқтыр­ған науқасты емдеу үшін бір адамға бір күнде 33 500 теңге бюджет қаржысы жұмсалады екен. Бір адамның емдеу курсы кемінде 10 күнге созылады. Одан кейін науқас үйде емделеді. Міне, осының бәрін қосқанда бір адамды Сovid-19 індетінен құтқару үшін ша­мамен 500 мың теңге кетеді. Ғ.Есқалиев осын­дай жағдайда карантин тәртібін бұзу, вирус­тың таралуына жол беру мемлекетке, қо­ғамға жасалған үлкен зиянкестік деп санайтынын жеткізді.

Елімізде төтенше жағдай жарияланғалы бері Батыс Қазақстан облысында карантин тәртібі 2 813 мәрте бұзылған екен. Шектеу шаралары жеңілдетілген тамыз-қазан айларында 218 рет тәртіп бұзушылық тіркелген.

– Соңғы кезде жиілеп кеткен жол-көлік апаты мен жасырын той өткізудің алдын алу үшін сағат 23.00-ден кейін көлік қозғалысына тыйым салу қажеттігін ойластырамыз, – дейді облыс әкімі.

Әлеуметтік желіде де батысқазақ­стан­дықтарға коронавирустан сақтану жайлы үндеу жолдаған Ғ.Есқалиев өңірдегі кәсіп­орындар мен шағын бизнес басшыларына да өз қарауындағы азаматтарды сақтандыру үшін барлық жағдайды жасауды сұрап отыр.

Соңғы жаңалықтар

Пневмониядан 2 адам қайтыс болды

Коронавирус • Бүгін, 09:17

«Сочиді» тізе бүктірді

Хоккей • Бүгін, 08:07

ТОП-10 боксшының қатарында

Кәсіпқой бокс • Бүгін, 08:05

Қызыққа толы Премьер-лига

Футбол • Бүгін, 07:59

Сахна сардары

Өнер • Бүгін, 07:55

Тарихты таразылаған туынды

Руханият • Бүгін, 07:43

Кемел қазақтың келбеті

Таным • Бүгін, 07:40

Наурыздың ақша қарындай

Руханият • Бүгін, 07:30

Сарсаңға салған сараптама

Ғылым • Бүгін, 07:23

Өз балаң өзекке теппесін

Өнер • Бүгін, 07:23

Жас теннисшілер бас қосты

Теннис • Бүгін, 07:06

Ол кезде Надя отызда еді

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 07:02

Ұқсас жаңалықтар