Қоғам • 24 Қазан, 2020

Қазақстан табиғат қорғаушыларының тұңғыш премиясы табысталды

16 рет көрсетілді

Нұр-Сұлтан қаласында үздік инспекторларға, орманшыларға және табиғатты қорғауға атсалысып жүрген белсенді азаматтарға орман шаруашылығы мен жануарлар әлемін сақтау саласындағы “Елім-ай” сыйлығы берілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

"Елімізде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен тұңғыш рет орман шаруашылығы мен жануарлар әлемін қорғау саласындағы "Елім-ай" сыйлығын табыстау арқылы біз саладағы үздік мамандарды, жануарларға, жабайы табиғатқа, экологияға жаны ашып, өз еріктерімен қоғамдық істердің басында жүрген азаматтардың еңбегін атап өткіміз келді", - деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев іс-шараның ашылу салтанатында.

"Экология министрлігі "Елім-ай" сыйлығы шарасын дәстүрлі түрде жыл сайын өткізбек ниетте.

"Біздің министрлік алдына экология саласындағы қызметкерлердің, экобелсенділердің статусын көтеру міндетін қойып отыр. Сала мамандарының материалдық жағдайын көтеруге қатысты қадамдар жасалды. Браконьерлік үшін жаза қатайтылды. Өткен жылы ақбөкендерді қорғау жолында қорықшыларымыз – Ерлан Нұрғалиев пен Қаныш Нұртазиновтың браконьерлер қолынан қаза тапқанын ешкім ұмытқан жоқ. Бұл – инспекторлардың мәртебесін жоғарылату жолындағы белсенді жұмысты жалғастыруымыз қажеттігінің үлкен белгісі", - деп атап өтті министр.

Номинантттарға сыйлықты ҚР ЭГТРМ Мағзұм Мырзағалиев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, сенаторлар Бірғаным Әйтімова мен Нұртөре Жүсіп, Олимпиада чемпионы Василий Левит және басқа да қоғам қайраткерлері табыстады.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова 18 қазанда аталып өткен орман шаруашылығы қызметкерлерінің күнімен құттықтады.

"Төл мереке өз жалғасын бүгінгі күні де табуда. Бұл өздерінің табандылықтары арқылы еліміздің орман байлығын қорғап, көбейтіп  жүрген азаматтардың мерекесі. Еліміздің баға жетпес байлығы мен табиғаты арасында, Орман-тоғай – Жер-Ананың адамзатқа берген сыйының бірі. Сондықтан табиғатты аялау мен оның қадір-қасиетін сезіну – адамзатқа, ұрпағымызға парыз", - деді ол өз сөзінде.

"Елім-ай" сыйлығы 16 номинация бойынша берілді.

"Браконьерлермен күрестегі ерен ерлігі үшін" “Охотзоопром” Ақмола облыстық тірек пунктінің  инспекторы Нұрбеков Достай Балғабекұлы марапатталды. Ол 2016 жылы браконьерлермен бетпе-бет келіп, мойнынан пышақ жарақатын алып, ажалдан аман қалған еді. 

“Охотзоопром” ӨБ орталық аймақтық филиалының инспекторы Алиев Мұрат Қабиденұлы «Жануарлар дүниесін қорғауда «үздік инспектор» деп танылды.

Орман шаруашылығы саласында 30 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан "Самар орман шаруашылығы" Коммуналдық Мемлекеттік Мекемесінің директоры Қабдырғалиев Еркен Чаймұратұлы «Үздік орманшы» атанды.

«Орман шаруашылығын дамытуға барын салып атсалысқалы үшін» «Семей  орманы» мекемесінің Семей қалалық филиалы Батпаев орманшылығының жетекшісі Александр Трушин марапатталды.

«Орман шаруашылығына еңбегі сіңген ардагер» номинациясына «Көлсай көлдері» Мемлекеттік Ұлттық Табиғи Паркінің аға ғылыми қызметкері Ахметов Хамит Ағабекұлы ие болды. Биология ғылымдарының кандидаты 30-ға жуық ғылыми мақала жазған.

"TMT GROUP" ЖШС басшысы Тұрсынәлі Марлен Тұрсынәліұлы  «Үздік балық өсіруші» деп танылды. Ал «Карагандинский рыбопитомник» ЖШС «Үздік балық тәлімбағы» атанды. Басшысы - Денис Муштаков.

«Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі «Үздік ұлттық парк», «Барсакелмес» мемлекетті қорығы «Үздік қорық» аталымын алды. Сыйлық мекемелердің басшылары Дамир Малгелдиев пен Зәуреш Әлімбетоваға берілді.

«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының басшысы Ержан Еркінбаевқа «Экотуризмді насихаттау бойынша үздік жоба» номинациясы берілді.

«Тамыр» жабайы табиғатта серуендей мектебі экологиялық мәдениетті көтеру және адамдардың жабайы табиғаттағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін марапатталды.

Итбалықтардың қорғаушысы ретінде танылған Гидробиология және экология институтының ғылыми қызметкері Әсел Баймұқанова «Экологиялық насихат бағытындағы маман» аталымына ие болды.

«Аман пен ерік-жігер» аталымымен екі қолының жоқтығына қарамастан Ақмола облысында 18 мың ағаш отырғызып, үлгілі іспен өмірден өткен Александр Карповичтің еңбегі аталып өтілді. Сыйлық ұлына табысталды.

«Өлкетануға қосқан үлесі үшін» номинациясын «Баянауыл» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің инспекторы Құрманов Алтынбек Жұматұлы алды.

«Жабайы аңдарға жасаған қамқорлығы үшін»  “Сайрам-Өгем” мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің биолог-аңшысы Ақынбаев Нұржан Сайранбайұлы марапатталды.

Жануарларды қорғау қауымдастығының Президенті Лилия Сәрсенова «Үй жануарларын қорғағаны үшін» номинациясын алды. Ол жануарлар паналайтын орталық ашқан.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа биылғы Жолдауында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе екенін айтқан. Көгалдандыру ауқымын кеңейтіп, «Жануарларды қорғау туралы» заң жобасы қабылданатынын жеткізген. Ал 22 қазандағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі отырысында Ұлттық мемлекеттік табиғи парктерде экотуризмді белсенді дамыту қажеттігін тағы да тоқталды.

Соңғы жаңалықтар

218 адамның ахуалы нашар

Медицина • Кеше

Ұқсас жаңалықтар