Саясат • 27 Ақпан, 2020

Өзара ынтымақтастықтың жаңа белесі

50 рет көрсетілді

Қазақстан мен Еуропалық одақ (ЕО) арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім (КӘЫК) алдағы 1 наурызда күшіне енеді. Еуропалық одақтың барлық мүше мемлекеттері және Еуропалық Парламент ратификациялаған бұл Келісім Қазақстан мен ЕО қатынасында 1999 жылдан бері қолданылып келе жатқан Әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді алмастырады.

Кең өрісті әріптестік

Қазақстан-ЕО қатынасының ширек ғасырдан астам тарихы бар. Осы аралықта екіжақты әріптестік мәселелері жүйелі түрде талқыланып, көптеген игі іс жүзеге асырылды. Осы орай­да Кеңейтілген әріптестік және ынты­мақ­тастық туралы келісімнің маңызы ерекше. Бұл Келісімге 2015 жылдың желтоқсан айында қол қойылған кезден бастап, Ынтымақтастық комитеттері, Ынтымақтастық кеңестері мен кіші комитеттер отырыстарының және диалог алаңы барысындағы өзара әрекеттестік пен пікір алмасу арқылы Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы екіжақты ынтымақтастық ұдайы нығайып келеді. ЕО Қазақстанның бірінші сауда әріп­тесі және елімізге бағытталған тікелей шетел­дік инвестициялардың жалпы көлемінің жартысынан астамын қамтамасыз еткен бірінші шетелдік инвестор атанды.

2020 жылдың 20 қаңтарында Брюс­сель қаласында өткен Қазақстан-ЕО Ынты­мақтастық кеңесінің 17-отырысында Келісімнің бірқатар салада сәтті жүзеге асырылып жатқанына шолу жасалды. Олардың ішінде сауда мен кеден, қоршаған орта мен климат өзгерісі, энергетика салалары, сонымен қатар заң үстемдігі мен құқық саласындағы ынтымақтастық мәселелері болды. Бұл қос тараптың өзара қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға деген ниеттерін білдірудің керемет мүмкіндігі болды.

Келісімді заңды күшіне енгізу Қазақ­стан мен ЕО-ның ең маңызды басым­ды­лығы болып отыр. Енді бұған дейін Келісімнің уақытша қолданылуының аясында қамтылмаған салаларда ынты­мақ­тастықты нығайтуға кеңінен жол ашылмақ.

Келісімнің толық жүзеге асырылуы саяси реформалар, соның ішінде сөз бостандығы мен БАҚ бостандығын, ассоциациялар мен бейбіт жиналыстар еркіндігін одан әрі ілгерілету үшін берік негіз құрайтындығына сенім мол. Бұған қоса, шағын және орта кәсіпорындар, жұмыспен қамту, еңбек қатынасы, энер­гетика, зерттеулер мен инновациялар, өндіріс, қоршаған орта мен климат өзгерісі, денсаулық сақтау, білім беру мен кәсіби дағдылану, мемлекеттік қызмет, азаматтық қоғам, туризм, адамдар арасындағы байланыстарды кеңейту және мәдениет салаларында ынтымақтастықты одан әрі дамытуға жағдай жасалады деп күтілуде.

Аталған Келісім жөнінде Еуропалық одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі, Еуро­палық Комиссия төрағасының орынбасары Жозеп Боррельдің айтуынша, Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері ішінде бірінші болып Еуропалық одақпен Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойғаннан бері екіжақты қарым-қатынас айтарлықтай ұлғайған. «Еуропалық одақ Қазақстанның бірінші сауда және инвестициялық әріптесі, ал Қазақстан бүгінгі таңда Еуропалық одақтың Орталық Азиядағы ең ірі сауда әріптесі. Оның үстіне біз басқаруды жетілдіру, сот әділдігін қолдау және әлеу­меттік-экономикалық реформалар­ды жетілдіру мақсатында қомақты қара­жат бөлдік. Сонымен қатар «Eras­mus+» бағдарламасы аясында Еуро­паға оқу және тәжірибемен танысу үшін келетін қазақстандық студенттер­дің саны артты. Келісімнің күшіне енуі­нен кейін біз оның климат өзгерісімен күрес саласындағы ортақ іс-әрекеттер, эколо­гиялық таза энергия, тұрақты жаңғыр­ту мен байланыстарды кеңейту сияқты артық­шылықтарын пайдалану мүм­кін­дігіне ие боламыз. Біз ынтымақтасты­ғы­мыздың келесі парағын ашып, жаңа көп үміт күтерлік кезеңді бастаймыз», дейді Ж.Боррель.

Еуропалық одақ Келісімді толық әрі тиімді жүзеге асыру жолында азаматтарымыз бен қоғамның ортақ мүддесі әрі игілігі үшін елімізбен бұдан да тығыз жұ­мыс істеуге дайын екенін білдіріп отыр.

Келісімнің уақытша қолданылуы басталғаннан, яғни 2016 жылдан бері Қазақстан мен ЕО көптеген салада басым жобаларды сәтті жүзеге асыру жолында бірлесе жұмыс жүргізіп келеді. Бұған қоса, 2019 жылы қабылданған ЕО-ның Орталық Азия бойынша Стратегиясы да өңірдегі жаңа мүмкіндіктерді пайдаланып, ортақ сын-қатерлерге бірге төтеп беру және өңірлік ынтымақтастықты нығайту үшін іргелі негіз құрап отыр.

 Ықпалдастық аясы ауқымды

Жалпы, КӘЫК-тың уақытша қол­да­нысқа енгізілуі бойынша қол жеткіз­ген жетістіктер баршылық. КӘЫК шең­берінде 29 саладағы ықпалдастық аясы кеңейтілді. Енді солардың ішінде ең маңыздыларына тоқтала кетсек.

Сауда. КӘЫК мақсаты – Қазақстан тұтынушылары мен шағын және орта бизнес мүдделеріне жауап беретін әділ әрі ашық бәсекелестікті алға тарту. Келісімде «Сауда және орнықты даму» атты тарау бар. Аталған тарау Қазақстан қоғамының игілігі үшін орнықты экономикалық өсуді қамтамасыз ететін еңбек құқықтары мен қоршаған ортаны қорғау бойынша бірнеше ережені қамтиды. Келісімнің «Сауда» бөлімі толық заң үстемдігін арттыруға, бекітілген ережелер мен стан­дарттарға негізделген сауданы дамытуға жәрдемдесу ісіне арналған.

Статистикаға сәйкес, 2018 жыл Қазақ­стан мен ЕО арасындағы сауда және ин­вес­тиция ағыны бойынша сәтті жыл болды. ЕО-ның Қазақстанға экспорты 5,8 млрд еуроны құрап, 14 пайызға артты. Қазақстанның ЕО-ға экспортына келетін болсақ, мұндағы сома 20,8 млрд еуроны құрап, 18 пайызға ұлғай­ды. Осылайша, Қазақстан ЕО-ның Ор­талық Азиядағы бірінші сауда әріптесі, ал ЕО қазақстандық сауданың 40% үле­сін иеленіп, еліміздің бірінші сауда серік­тесі болды. Қазақстанның Ұлттық банкі ұсынған статистика бо­йынша, 2018 жылы ЕО-дан келген тікелей шетелдік инвестициялар жалпы ағынның 48%-ын құрады. 2019 жылдың шілде айын­да құрылған және экономикалық жә­не іскерлік мәселелер жөніндегі Қазақ­стан Үкіметі мен ЕО арасындағы жоға­ры деңгейдегі Іскерлік платформа­сы тараптар арасындағы инвестиция­лар мен сауданың маңыздылығын көрсетеді. Соңғы бірнеше ай ішінде осы плат­форма аясында санитарлық және фитосанитарлық мәселелер, валюталық реттеу және басқа да мәселелер талқы­ланды. Тақырыптардың мұндай кең ау­қым­дылығы – ЕО инвесторларының елімізге қызығушылығы жоғары екенінің көрсеткіші.

Білім беру. КӘЫК аясында Қазақстан мен ЕО адамдар арасындағы байланысты кеңейтуге міндеттенді, соның ішінде ғылым мен технологиялар, инно­вациялық даму, білім беру мен мәдениет салаларындағы ынтымақтастық пен ақпарат алмасу басымдыққа ие. «Eras­mus+» бағдарламасы бойынша Орта­лық Азиямен ынтымақтастық орнату мақсатында 115 млн еуро бөлінді. Бұл қаражат Еуропа мен Орталық Азия ара­сында 7 400-ге жуық студент пен оқы­тушының академиялық мобильділігін қамтамасыз етеді. Қазақстан осындай студенттер және оқытушылармен алмасудың шамамен 60%-ына қатысады (4 115 студент пен оқытушы). Ғылыми зерттеулер, солардың ішінде ғалымдардың ака­демиялық мобильділігі мен дайындығы, Қазақ­стан мен ЕО арасындағы ынтымақ­тас­тықтың тағы бір маңызды саласы. Ынты­мақ­тастықтың бұл саласы ЕО-ның «Гори­зонт-2020» бағдарламасы аясында қар­жы­ландырылады. Қазіргі таңда «Гори­зонт-2020» бағдарламасы шеңберінде ЕО-ның Қазақстанға бөлген жарнасы 300 3000 еуроны құрайды. Бағдарла­ма­ның ең белсенді қатысушысы – «Гори­зонт-2020» жобаларына бес рет қатыс­қан Назарбаев Университеті. Келісім­нің күшіне енуі Қазақстанның білім бе­ру мен дайындау жүйелерін жаңғыр­ту және үздіксіз білім беруді алға тарту мақ­сатында ынтымақтастық орнату мүмкіндігін ашады.

Қоршаған орта мен климат өзгерісі. ЕО Қазақстанның «жасыл» экономика моделіне көшуін толық қолдайды. Тараптар арасындағы екіжақты диалогтың негізгі басым бағыттары – су ресурстарын басқару, қоршаған ортаның басқа салалармен бірігуі, жасыл және циркулярлық экономикаға көшу мәселелері. Қазақстан – Қоршаған ортаны қорғау мен климат өзгерісі саласындағы ЕО-Орталық Азия сарапшылары жұмыс тобының белсенді қатысушысы.

КӘЫК-тың күшіне енуі Қазақстан мен ЕО-ға қоршаған орта мәселелері бойынша ынтымақтастығын нығайтып, аталған сала бойынша орнықты даму мен тиісті басқару ісіне үлес қосуға мүмкіндік береді.

Энергетика. КӘЫК аясында көмір­су­текті энергетика, жаңартылатын энергия көздері, энергия тиімділігі және энер­гия үнемдеу салаларындағы ережелер уақытша қолданысқа енгізілген. Қазақ­станнан Еуропалық одаққа бағытталған мұнай мен уран экспорты өте маңызды. Ол Еуропа континентінің энергетикасын әртараптандыруға өз үлесін қосады. Қазақстан ЕО-ның мұнайға деген сұ­ранысының шамамен 6%-ын және уранға деген сұранысының 21%-дан астамын қамтамасыз етеді.

ЕО Қазақстанның төмен көміртекті энергетика жүйесін ілгерілету, атап айтқанда 2050 жылға қарай электр қуаты­ның 50% төмен көміртекті көздерден өндіру бойынша мақсатын қолдайды. Келісім ЕО-мен жаңартылатын энергия мен энергия тиімділігі сияқты секторларда ынтымақтастық орнату мүмкіндіктерін ұсынады. Бұған қоса, Қазақстан мен ЕО Келісім аясында Энергетикалық хартияны жаңғырту мен оны қайта қарастыруға бірлесіп күш жұмсауда.

Көлік саласы. Бүгінгі таңда көлік саласындағы ынтымақтастық бойынша ережелер уақытша қолданысқа енгізілген. Қазақстан мен ЕО авиация қауіпсіздігі бойынша диалогін бастады. Қазақстан ЕО-ның ұшу қауіпсіздігі мен авиация қауіпсіздігі бойынша жобаларына, сонымен қатар теңіз қауіпсіздігі бойынша жобасына қатысады. Тараптар Темір жол ынтымақтастығы ұйымының (ТЖЫҰ) отырыстары аясында бірге жұмыс істейді.

Адам құқықтары. Келісімде Қазақ­станға реформа жүргізу мен жаңғыр­ту үдерістерінде қолдау көрсетіле отырып, демократия, заң үстемдігі, адам құқық­тары мен негізгі бостандықтар мәсе­лелеріне ерекше мән беріледі. Қазақстан жыл сайын ЕО бірге Сот әділдігі мен ішкі істер жөніндегі кіші комитет және Адам құқықтары жөніндегі диалог отырысын өткізеді. Адам құқықтары жөніндегі диалог отырыстарында адам құқықтарына байланысты кең ауқымды мәселелер талқыланады. Сот әділдігі мен ішкі істер жөніндегі кіші комитет отырыстары – заң үстемдігі, тиімді басқару мен сот жүйесін реформалау, заң саласындағы ынтымақтастық, ақшаның ізін жасыру және сыбайлас жемқорлықпен күрес, көші-қон, баспана құқығы мен шекара басқару, терроризмге қарсы күрес және зорлық-зомбылық экстремизмнің алдын алу мәселелерін талқылау мүмкіндігі.

Соңғы жаңалықтар

Музейлер, тарихи мұралар жаңғыртылуда

Аймақтар • 04 Желтоқсан, 2020

Бір түнде бес мас жүргізуші анықталды

Аймақтар • 04 Желтоқсан, 2020

Қазақстан Туын қайдан сатып алуға болады?

Қазақстан • 04 Желтоқсан, 2020

Ұқсас жаңалықтар