Технология • 30 Қазан, 2020

Интернетпен қаншалықты қамтыламыз?

23 рет көрсетілді

Қазақстанда 6 459 елді мекенде 18,7 млн халық тұрады. Оның ішінде 17,5 млн адам бүгінде интернетпен қамтылған. Саладағы соңғы деректерді жеткізген Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында көзделген тапсырмалардың орындалу барысы жөнінде айтып берді.

 

Ведомство басшысының айтуынша, «Ауылға талшықты-оп­тикалық байланыс желісін орнату» жобасына сәйкес, тұтас республика көлемінде 2,4 млн адам қамтылады деп жоспарланып отыр. Қазір елімізде 20 мың шақырым «оптика» төселіп, оған 3,5 мың мемлекеттік нысан қосылды.

«Талшықты-оптикалық байланыс же­лісі, яғни ТОБЖ – газ немесе су секілді инфрақұрылым желілерімен қамтамасыз еткенмен бірдей. Интернетті ауылға – мектептерге, ауруханаларға және әкім­діктерге жеткіземіз.

Ал әр үйге тарту – бұл «мо­бильді интернет» жобасы. 928 ауылдық және шал­ғай елді ме­кендерде антенді-діңгек құрылымдары, 601 мыңнан астам адамды қамтитын базалық стансалар орнатылды», деді Б.Мусин.

Ведомство басшысы ТОБЖ-ны салу арзанға түспейтінін, сондай-ақ елді­ мекендердің ерекшелігіне байланысты оны тартуда техникалық қиындықтар бар екенін жасырмады. Бірақ министрлік бұл мәселені шейринг келісімі арқылы шешуді көздемек. Министр ұялы байла­ныс операторлары келісімге кел­генін, атап айтқанда үш түрлі қон­дырғының орнына 3 оператор бір ортақ желіден бай­ланыс ұстап, тарататынын жеткізді.

«Байланыс операторларының жеке радиожиіліктерді пайда­ла­нуға лицензиялары бар. Бірақ бел­гілі бір жиіліктерді тек операторлар ғана сатып алуға немесе жалға алуға құқығы жоқ. Біз радио­жиіліктерді бөлу қағидаларын қайта қа­рауды және арттыруға мін­детті аукционды сауда-саттық енгізуді ұсындық», деді спикер.

Цифрлық даму министрлігі байланыс және интернет сапа­сын да бақылауды күшейтпек.

«Байланыс сапасына тоқта­лсақ, рет­теуші орган ретінде біз­де оның сапа­сын анықтауға мүм­кіндік беретін нор­мативтік-құ­қықтық актілер бар. Егер де байланыс белгісі байқалса, онда талапқа сәйкес – интернеттің ұстап тұрғанын, демек белгілі бір байланыстың бар еке­нін аңғартады. Әйтсе де оның сапалы жұмысына бұл байланыстың жет­кіліксіз еке­нін түсінеміз. Сондықтан екі проблеманың бар екені анық. Нақты айтқанда, интернеттің сапасы бойынша нақты талаптар жоқ. Екіншіден, қай жерде, қандай жағдайда, байланыс ұстай ма, әлде жоқ па деген­дей сұрақтарға қатысты сараптама жоқтың қасы», деді жауапты ведомство басшысы.

Десе де спикер аталған мәсе­ле­ні рет­теудің тетіктері бар екенін айтты.

«Бұл проблеманы шешіп, ғаламтор сапасын бақылау үшін екі жолды таңдадық. Біріншіден, Bailanys.bar халықтық ба­қы­лау қызметіне жүгіну арқылы. Қа­зір бұл қыз­мет жұмыс істеп тұр. Бір түймені басу арқылы кез келген пайдаланушы дерек­қор­ға жылдамдыққа байланыс­ты мәлі­меттерді жібере алады. Бұл өз ке­зе­­гінде республика аумағындағы қан­дай да бір елді мекеннің координаттары мен тарату жылдамды­ғын көрсетуге мүмкіндік береді. Сәйкесінше, осы деректерді ба­за­да жинақтай отырып, еліміздегі ахуал­ды және байланыс хабарламасы әл­сіз аймақтарды көріп отырмыз. Осы халық­тық бақылау қызметі кеңінен тарап, арнайы өлшеу құрылғыларымен бай­ла­ныстың әлсіздігін түзетуге және бел­гілі бір айыппұлдар салуға құқылы. Сол секілді өкілеттігі бар инспекторлары­мызды қайда жіберуге болатындығын бі­ле­тін боламыз. Бұл тұтынушылардың ша­ғым­дарына жауап беруге және осы ақпа­рат арқылы интернетке қатысты барлық мәселені шешу үшін жоспарлы жұмыс жүргізуге жол ашады», деді Б.Мусин.

Ведомство өкілдерінің сөзіне сүйен­сек, Bailanys.bar – сапаны жақсартудың алғашқы қадамы. Қазір оның көмегімен 50 мың­нан астам тексеру жұмыстары ат­қа­­рылып, тиісті деректер жинақ­талды.

Екінші қадам – заңнамалық деңгейде бірқатар өзгерісті талап етуге құқылы реттеушінің рөлін күшейту.

«Бақылауды күшейту мақса­тында интернет сапасына байланысты белгілі бір талаптарды күшейтіп, анықтауды жоспарлап отырмыз. Мәселен, операторлар ұсынуға тиіс интернет сапа­сының нақты көлемін көрсетуі қажет. Екіншіден, мүдделі тараптармен бірлесіп, радиожиіліктерді бөлу талаптарын бекі­тіп, әзірлейміз. Бұл байланыс сапасын таратуға кедергі келтіретін латифундизм­мен күресуге көмектеседі. Үшін­ші ұсы­ныс – байланыс оператор­ларына салынатын айыппұл мөл­шерін ұлғайту. Оған қарсылық та­нытқандар жоқ. Қазір заң жоба­сының тиісті мәселесін шешу бағы­тында жұмыс істеп келеміз», деді ведомство басшысы.

Сонымен қоса талшықты-оп­ти­калық байланыс желілерін тарт­пай тұрғын үй кешендерін пай­далануға беруге тыйым салы­на­ды. Қазір Индустрия жә­не ин­фрақұрылымдық да­му ми­нис­тр­лігімен тиісті уағда­лас­тық­қа қол жеткізілді. Саладағы тағы бір жаңа­лық Ақпараттық қауіп­сіздік коми­теті отандық IT жүйе­­лерін тұ­тастай тазартуды көз­дейтін 5 ба­ғытты ұсынып отыр.

«2010 жылы Халыққа қызмет көр­сету орталықтары деректер базасынан анық­тамалар бере бастағанда, олар жеке тұл­ғаға қатысты ақпаратты көре алады деген күдікке ілінгені есімізде. Сол кезде бұл мәселені әр адам электронды үкі­меттегі жеке кабинетіне кіріп, ХҚКО опе­раторының дерек­қорға кірген-кірмегенін бақылауға мүмкіндік алды. Енді мұндай талап басқа да мемлекеттік органдарға қатысты болады», деді министр.

Ақпараттық қауіпсіздік коми­тетінің мамандары «есептен шы­ғару» құқығын пайдалануды ұсы­­нып отыр. Демек, жеке мәлі­мет­терді интернеттен толық жою көз­делмек. Бұл әлемдік тәжірибеде бар үрдіс деп түсіндірді ведомство өкілдері.

«Ақпараттық қауіпсіздік ко­митеті бұл бағыттағы жұмысты қолға алды. Қазір комитеттің рұқ­саты берілген бір­неше өтініш бар. Оның ішінде жеке мәлі­мет­терді келісім негізінде пайда­ла­ну бойынша бастама қамтылған. Мы­са­лы, сіз банкке келіп, несие алғанда өз ақпа­ратыңызды өңдеу үшін белгілі бір ке­лісімге қол қоясыз. Әрине, несиені өтеп, банкпен байланысыңыз тоқ­тайды. Бірақ банк немесе бірінші кредиттік бюро қандай да бір алгоритмдерді жүргізу үшін және тағы басқа мақсатта сіздің ақпа­ратыңызды одан әрі өңдеуге құқылы. Сон­дықтан адамдарға жеке мәліметтерін пай­далануға берген келісімдерін кері қай­тарып алуға мүмкіндік бергіміз ке­ле­ді. Егер де 10 жыл бұрын қандай да бір құжатқа қол қойсаңыз, бұл жеке мәлі­мет­тердің өмір бойы өңделуі мүмкін дегенді білдірмейді», дейді министрлік өкілдері.

Сондай-ақ министрлік ақпа­раттық жүйелердің, атап айтқанда мемлекеттік органдардың осал тұстарын нұсқаған азаматтарға сыйақы төлеуді жоспарлап отыр. Б.Мусин мемлекеттік органдар­дың ақпараттық жүйелерін ретке келтіру үшін Инжиниринг және цифрлы трансформация орта­лығы құрылатынын жет­кізді.

«Қазір мемлекеттік органдар­да көп­теген ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Бұл жақсы да, жаман да үрдіс деп айту­ға келмейді. 15 жылда көптеген ақпа­раттық жүйені құрдық. Бұл БҰҰ рей­тин­­гінде белгілі бір жетістіктерге же­туге мүмкіндік берді. БҰҰ элек­­трон­ды үкіметті дамыту рей­тин­гінде үздік отыз­дыққа кіреміз. Алайда кейбір жүйе­лер ескірген, қолданыстан шыққан не­месе пай­даланушылардың қазіргі талапта­рына сәйкес келмейді. Сондық­тан осы орталықты құрып, мемлекет­тік орган­дардағы ақпараттық жү­йелерді құ­ратын компанияларға ықпал ету үшін ми­нистрлік пен «Зерде» холдингінің рөлін кү­шейтеміз. Осы арқылы барлық биз­нес үдерісі нақты жазылмақ. Яғни цифрландыру процестеріне сәй­кес келетін бірыңғай зама­науи IT архитектурасы мен келісімі қа­лыптасады», деді еліміздің бас цифрлы офицері.

Қала маңындағы елді мекен­дерді сапалы интернетпен қамта­масыз ету үшін құзырлы орган антенді-діңгекті құрыл­ғыларды орнатпақ ниетте.

«Нұр-Сұлтанда немесе басқа да үлкен қалалардың маңындағы елді мекендердегі жеке секторды оптикалық интернетпен қамту қым­батқа түседі. Сондықтан қазір мобильді интернеттің сапасын арттыру ба­ғытында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Мысалы, Қосшыда 3-4 ай бұ­­рын ан­тенді-діңгекті құрылғы­лар орнату жұ­мыстары басталды. 10-ға жуық құрылғы қойылып, қа­­зір бесеуі іске қосылды», деді министр.

Б.Мусиннің айтуынша, арнайы құ­рыл­­ғыларды орнату жоспарлары әр қа­ла бо­йынша бекітіліп, ведомствоның сайтында жарияланады. Ал «оптикалық» интернет­ті тұрғындар көршілермен бірі­гіп, опе­ратордың қызметін пайдала­ну арқылы өз қаржысы есе­бі­нен тартуға құқылы. Жауапты ми­нис­трліктің басшысы «Сергек» үл­гі­­сіндегі ақпараттық жүйелерді әкім­діктер мемлекет-жеке­меншік әріп­тестік негізінде жүзеге асы­ра­тынын айтады. Қазір бұл жүйе Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Шы­ғыс Қазақ­стан, сондай-ақ Шым­­кент өңір­лерінде қанатқақты жоба ретінде енгізілуде.

«Қазақстанның аумағына әке­лінетін жабдықтар қажетті тексеру іс-шара­ларынан өтіп, егер де қандай да бір қа­уіп туындаса, нақты санкциялар қол­да­­нылады. Бірақ қазір ондай жағдай тір­келген жоқ. Десек те мұндай ауқымды жо­баларды жүзеге асыру үшін тек қы­тай­­лық өнімдерді ғана емес, кез келген камераларды пайдалануға болады. Бұл ретте барлық ақпа­рат­тық жүйе Қазақ­станда жасалатынын және осы жұмысқа қытайлық бағдарламашылар тартылмайтынын айта кеткен орынды. Камера тек құрылғы ретінде ғана пайдаланылады», деп нақтылады спикер.

Министр бейнебақылау камерасы ны­санды суретке түсі­ріп, дерекқорда өң­деу үшін қолда­нылатынын жеткізді. Сол себепті алаңдауға еш негіз жоқ деді.

 

Соңғы жаңалықтар

Ауылда амбулатория ашылды

Аймақтар • Бүгін, 19:11

Ұқсас жаңалықтар