Қоғам • 24 Қазан, 2020

Ақтоты Райымқұлова "Хабар" агенттігін 25 жылдығымен құттықтады

43 рет көрсетілді

Бүгін Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова "Хабар" агенттігін 25 жылдығымен құттықтады, деп хабарлайды Egemen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Құрметті "Хабар" агенттігінің ұжымы! Еліміздегі тұғыры биік бұқаралық ақпарат құралының бірі - "Хабар" агенттігінің ширек ғасырлық мерейлі мерекесі құтты болсын! Бүгінде ақпарат айдынындағы беделді ұйым жаһандағы бар жаңалықтың жаршысы болып, халыққа қызмет етіп келе жатыр.

Агенттік ұйыстырып отырған төрттағандағы əр арнаның атқарып келе жатқан еңбегі ұшан-теңіз. Танымдық-сараптамалық сарындағы бағдарламалары басым "Хабар", тәулік бойы ақпарат ағынымен қамтамасыз ететін "Хабар 24", əлемнің əр түкпіріндегі ағайынның ыстық ықыласына бөленген "Kazakh TV", кино жəне театр əлемімен қауыштыратын "Ел арна" - əр жаңа маусым сайын көрерменін қуантудан жалыққан емес.

Жалпы түбі бір түркі елдеріне ғана емес, əлемге танылған "Хабар" пікір мен істегі бірлікті, бауырластықты нығайта түсуге ықпал етіп келеді. Лайым игі бастамасымен көпшіліктің көкейіндегі ойды дөп басатын агенттік басшылығына, күллі ұжымға Мəдениет жəне спорт министрлігінің атынан шын жүректен ризашылығымды білдіремін!Осынау ерекше сəтті пайдалана отырып, қажымас қайрат, толайым табыс, жемісті жұмыстарыңыздың сәтті жалғасуын тілеймін!"-  делінген құттықтау хатта.

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар