Сайлау • 03 Желтоқсан, 2020

Үміткерлер мен халықаралық байқаушылар тіркелді

13 рет көрсетілді

Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында Мәжіліс депутаттарының сайлауына Nur Otan партия­сының кандидаттарын тіркеу туралы қаулы қабылданып, халықаралық байқаушыларды аккредиттеу мәселесі қаралды.

Отырысты ашқан Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев Мәжіліс депутат­ты­ғына кандидаттардың пар­тиялық тізімдерін ұсыну мер­зімі 30 қараша сағат 18.00-де аяқ­талғанын еске салды. Ор­талық сайлау комиссиясына тізім­дерін бес саяси партия ұсын­ған. Саяси партиялардың, Бас про­куратураның, Әділет, Ішкі істер және Қаржы министр­лік­терінің, аумақтық сайлау комис­сияларының қатысуымен жиында екі мәселе қаралды.

Күн тәртібіндегі бірінші мә­селе бойынша баяндаған Орта­лық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов  «Сай­лау туралы» Конституциялық заң­ның 89-бабына сәйкес бір сая­си партиядан тізімге енгізілген адамдардың саны саяси партиялар арасында бөлінетін депутаттық мандаттардың бел­гіленген санынан отыз пайызға ас­пайтын бір ғана тізімді тір­кеуге болатынын айтты.

«Партиялық тізімде әйел­дер мен 29 жасқа толмаған адам­дардың саны оған енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде 30 пайызын құрауға тиіс. Nur Otan партиясының партиялық тізімінде 126 адам бар. 40 әйел және 29 жасқа тол­маған адамдар енгізілген. Бұл – тізімге енгізілгендердің жал­пы санының 31,7 пайызы. Уәкілетті органдар ұсынған мәліметтер негізінде Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін партиялық тізімге енгізілген адамдардың Конституция мен «Сайлау туралы» заңның талаптарына сәйкестігіне тексеру жүргізді. Партиялық тізімге енгізілген барлық үміткер талаптарға сәйкес келеді», деді А.Смағұлов.

Осыған байланысты Орта­лық сайлау комиссиясының мүше­лері «2021 жылғы 10 қаң­тарға тағайындалған Қазақстан Рес­публикасы Парла­менті Мә­жілісі депутаттарының кезекті сайлауына Nur Otan партиясының тізімін тіркеу туралы» қаулы қабылдады.

Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін кандидат Қазақ­стан Республикасының азаматы болуға, Қазақстан Респуб­ликасының аумағында соңғы 10 жылда тұруға, 25 жастан кіші болмауға және сайлау құқығына ие болуға тиіс.

Одан бөлек Комиссия мүшесі Анастасия Щегорцова халық­аралық байқаушыларды тіркеу мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң­ның 20-2-бабына сәйкес шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеуді Орталық сайлау комиссиясы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша жүзеге асырады. 2020 жылғы 20 қарашада Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бо­йынша Орталық сайлау комиссиясы ТМД Парламентаралық Ассам­блеясынан 29 байқау­шыны аккредиттеген еді. 25 және 26 қарашада Сыртқы істер министрлігінен тағы 10 бай­қаушыны тіркеу туралы ұсы­ныс келіп түскен. Олар­дың ішінде 6 байқаушы ТМД бай­қау­шылар миссиясы құра­мы­нан, 4 байқаушы Ислам ын­тымақ­тастығы ұйымы миссиясынан аккредиттеледі.

Осыған байланысты Орта­­лық сайлау комиссиясы «2021 жылғы 10 қаңтарға таға­йындалған Қазақстан Рес­пуб­ликасы Парламентінің Мәжі­лісі және мәслихаттары депутат­тарының кезекті сайлауына халықаралық ұйымдардың бай­қаушыларын аккредиттеу туралы» қаулы қабылдады.

А.Щегорцова аккредиттеуге ұсыныстардың келіп түсуіне қарай байқаушылар бойынша деректер жаңартылып отыратынын атап өтті. ОСК халықара­лық байқаушыларды 2021 жылғы 4 қаңтар сағат 18.00-ге дейін тіркейді.

 

Соңғы жаңалықтар

Теміржол билеттері қымбаттайды

Қазақстан • Бүгін, 11:19

Батыс Қазақстанда күн суытады

Ауа райы • Бүгін, 10:56

Пневмониядан 2 адам қайтыс болды

Коронавирус • Бүгін, 09:23

Келешегі өрісті өндіріс орны

Аймақтар • Бүгін, 08:16

Ұтымды ұсыныстар жасалды

Пікір • Бүгін, 08:09

Шарын балуан

Руханият • Бүгін, 07:54

Оберхофтағы сәтсіздік

Спорт • Бүгін, 07:36

Генерал киген китель

Оқиға • Бүгін, 07:28

Ұқсас жаңалықтар