Пікір • 03 Желтоқсан, 2020

Ел мүддесін қорғау – қасиетті борыш

267 рет көрсетілді

Армияның міндеті – Қазақстан халқын тәулік бойы қорғау. Қазақстан Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауындағы тапсырмаларын орындау барысында Қарулы Күштер барлық деңгейдегі тиімділікті арттырып отырады.

 

Адам капиталын дамыту

Жолдауда білім берудің жаңа түрін дамыту, кәсіби құзыреттілікті қалып­тастыру мәселесіне ерекше мән бе­ріл­ген. Қарулы Күштерде бұл мәселе әр­қа­шан­да бі­рінші кезекте тұрады, өйткені жабдық пен техника қанша жерден же­тіл­дірілген бол­са да кәсіби мамансыз олар хи­мия­лық элементтер мен микросхе­ма­лар жиынтығы болып қала береді.

Мемлекеттің қаржылық мүмкіндігін ескере отырып, армия құрылымына және жа­уынгерлік даярлық жүйесіне ана­ғұр­лым қажетті және қазіргі заман­да­ғы қа­рулы жанжал барысында қол­да­ны­ла­тын компоненттер енгізілуде.

Әскери қызметшілер заман талабына сай кез келген жағдайда қарумен, қарусыз да қарсы келген қарсыласқа төтеп беруге дайын болуға тиіс. Жүргізілген талдауға сү­йе­нетін болсақ, бүгінгі күні жақын ұрысты жүргізу кезінде жауынгердің дер­бес дағдылары дамыған болуы қажет. Армиялық қоян-қолтық ұрыс және атыс қаруын қолдану тәсілдерін үйлестіру кезінде жан-жақты зейін қою, ден қою жылдамдығы, бақылау және кеңістікке бе­йімделе білу дағдылары шыңдала тү­се­ді.

Сондықтан биыл алғаш рет жауын­гер­лік даярлық процесіне армия­лық тактикалық оқ ату енгізілген болатын. Қа­зір әскери қызметшілер әртүрлі жағ­дайда, әртүрлі қарудан отырған, жатқан қал­пында, жүріп келе жатып, бүр­ке­ме­ден, ойықтардан, қолды ауысты­рып, қоз­ғалып келе жатып қаруды қай­та оқ­таумен оқ атуды үйренуде. Жат­тық­тырулар қарусыз шабуылдау және қор­ға­ну үшін армиялық қоян-қолтық ұрыс ке­шенін қамтиды.

Қазіргі уақытта спорттың бұл түрі­нің танымалдығы артуда. Қарулы Күш­термен қатар басқа да әлеуетті құ­ры­лым­дар өкілдерінің қатысуымен жарыстар мен чемпионаттар өткізіледі. Бүгін көптеген бала мен жасөспірім спорттық клубтар мен секцияларда осы спорт түрімен айналысып жүр, бұл әрине әске­ри қызметке деген қызығушылықты арт­тырады.

Биылғы жылдан бастап оқу-жат­ты­­ғулар мен жаттықтырулар алғаш рет қазіргі заманғы күштер мен құрал­дар болып табылатын ұшқышсыз ұшу аппараттарының, артиллерия топ­та­рының, майдан және армиялық авиа­ция­­ның, заманауи барлау мен басқару құ­ралдарының өзара іс-қимылы кезінде бірыңғай кешенді стратегиялық міндет тү­рінде өткізіледі.

Әскери қызметшілердің сыни ой-өрісін дамыту, интеллектуалдық дең­ге­йін арттыру және қалыптан тыс жағ­дайларда әрекет ете алуы үшін биылғы жылы әскерде жаңа оқыту түрі ен­гі­зілді. Бұл – әртүрлі тақырыптар бо­йынша шамамен 50-ге жуық оқыту модулі. Оларға нақты өмірден алынған мы­салдарда әскери қызметшілер әрекет етуі­нің себеп-салдарлық байланысы мен дұ­рыстығын бағалау көзделген көрнекі құрал түріндегі ахуалдық кейстер қоса бе­ріледі.

Арнайы операциялар күштерін (АОК) кезең-кезеңімен әрі жоспарлы да­мы­туға ерекше мән беріледі. Келесі жы­лы АОК-ты басқаруды үйлестіру мо­де­лінен операциялық моделіне көшіру жос­парланып отыр. Бұл үшін олардың құрамында арнайы бөлімдер мен бейінді даяр­лық орталықтары құрылады. Со­ны­мен, АОК-ты дамыту жоспарлы да кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын бо­ла­ды.

Коронавирустық пандемияға және әс­кери қызметшілердің төтенше жағ­дай­ды қамтамасыз ету шарала­рына тар­­тылғанына қарамастан, армия­ның жа­­уынгерлік әзірлігін талап етіл­ген дең­­гейде ұстаудың барлық мін­дет­тері толық ауқымда орындалды. Жауын­гер­лік машықтандыру бір секундқа да тоқ­та­­тылған емес.

Өткен оқу жылында Қарулы Күш­тер­де 60 мыңнан астам маман әртүр­лі даярлық деңгейінен өтті. 200-ден астам оқу-жаттығу, жауынгерлік маши­на­лар мен автомобиль техникасын жүр­гізуден 16 мың сабақ, 20 мың жауын­гер­лік оқ ату өткізілді. Сабақтар уақыт мезгіліне қа­рамай, күндіз де, түнде де ұйым­дас­ты­рылды.

Әскери қызметшілердің денсаулық жағдайын сақтау үшін Қарулы Күштер жеке құрамының біршама бөлігі үй жағ­дайында жұмыс істеуге ауыс­ты­рыл­ды, әрине бұл жағдайда да әскери қыз­мет­ші­лер уақытты босқа өткізбеді. Олар үшін үйде орындауға арналған арнайы ма­ман­дықтарды оқыту бағдарламалары және дене шынықтыру жаттығулары ке­ше­ні әзірленді.

Карантиндік шаралар біршама жеңіл­де­тілген кезеңде ірі ауқымды, оның ішін­де ТМД-ға қатысушы мемлекеттер дең­ге­йінде іс-шаралар өткізілді.

Армия халық басына күн туған заманда, яғни төтенше жағдай, табиғи зілзала болсын ешқашан шетте қалмай, ішкі істер, денсаулық сақтау органдарына және жергілікті атқарушы органдарға барынша көмек көрсетуге тырысады.

COVID-19 пандемиясына байланыс­­ты төтенше жағдай (ТЖ) режімі енгі­зіл­ген кездегі іс-шараларға 13 мың әскери қызметші тартылды. Осылайша, осы іс-шараға тартылған әскери қызметшілер саны мен Қазақстан халқы санының арақатынасын алатын болсақ, Қазақстан әлемде бірінші орында тұр.

Радиациялық, химиялық және био­ло­гиялық қорғау әскерлері бөлім­ше­­лері ТЖ енгізілген алғашқы күннен бас­тап, еліміздің 29 елді мекенінде дезин­фекциялауды жүргізді.

Әскери ұшқыштар төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап, 90 тоннадан астам жүкті тасымалдап, Түркия, Кипр, Беларусь, Сауд Арабиясы, Қытай, Тәжікстан, Қырғызстан және Ресей Феде­рациясы сияқты басқа да елдерден эва­куацияланған 3000-нан астам жеке құ­рам мен азаматтарды елге жеткізді.

Әскери медицина қызметі де отандас­та­рымызға барынша қолдау көрсетуде.

Таразда далалық госпиталь, Ақтөбеде медициналық кешен, әскери лазареттерде екі мобильді бөлімше және 23 дәрігер-мейіргерлік бригада құрылды. Бұл бөлімшелер адамдарға көмек көрсету үшін еліміздің кез келген өңіріне жедел баруға дайын.

Нұр-Сұлтан және Алматы қа­ла­ла­­рын­да бюджет қаражатын жұм­са­май екі ПТР-зертханасы іске қосылды. ИФТ-диагностикалаудың екі мобильді зертханасын жеткізу жоспарлануда. Бұның барлығы инфекция жұқтырған адам­дар есебінің нақты болуын арттыруға және сапалы вакцинациялау үшін қажетті анти­денелердің болуына тест жүргізуге мүм­кіндік береді.

Президент Жолдауында жақын уа­қыт­­та бюджетті нақтылау кезін­де екінші жар­тыжылдықта ­медицина қыз­мет­кер­ле­ріне ынталандыру үстемеа­қы­ларын төлеуге 150 миллиард теңге бөлуге тап­сырма қойылды. Ол бұл жұ­мыс­­тың жүйе­лі түрде жүргізілуі тиіс еке­нін атап өтті.

Министрлік Қарулы Күштерде меди­ци­налық қамтамасыз етуді жетілдірудің жү­йелі шаралар спектрін кеңейту бойынша тұрақты жұмыс жүргізуде. Медицина ма­мандарына үстемеақы төленуде, әс­ке­ри дәрігерлерді әскери қызметке даяр­­лау және шақыру жоспарланды, олар­дың резидентураларда және интерна­ту­раларда, оның ішінде шетел оқу орын­дарында біліктілігін арттыру үшін бар­лық жағдай жасалған.

 

Жаңа әлеуметтік саясат парадигмасы

Мемлекет басшысы Жолдауында Қазақстанда мемлекет жауапкершілігінің айқындалмауына және азаматтардың өз құқықтарын жете түсінбеуіне жол бермей, жаңа әлеуметтік саясат парадигмасын әзірлеу қажеттігін атап өтті. Қарулы Күштерде әскери қызметшілерге тиесілі жаб­дықталым, азық-түлік, тамақтану, жолақысы, заттай және медициналық қамтамасыз етілу нормаларын толық әрі сапалы жеткізуді қоса алғанда, олардың тұрғын үй-тұрмыстық жағдайын жақсарту бойынша жұмыстар жалғастырылуда. Бұл мәселе қорғаныс қабілетін тиісті деңгейде ұстаумен қатар әскери қызмет беделін арттыру және армияға барынша білікті мамандарды тарту үшін өте маңызды. Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесі әскери қызмет өткерудің барлық жағдайы мен ерекшелігін қамтиды.

Биыл әскери қызметшілерді әлеу­мет­тік қамсыздандыруға Қорғаныс минис­трлі­гінің жалпы жылдық бюджетінен 67 па­йыз бөлінді.

Әкімшілік реформа туралы Президент Жарлығы негізінде және жүргізілген функ­ционалдық талдау нәтижесінде бас­қару органдарына емес, әскерлерге тоқсан сайын сыйақы беру тәжірибесі алғаш рет қолданылды. Бұл ретте сыйақы мөл­шері әрбір әскери қызметшінің қыз­мет ету нәтижесіне орай сараланады.

Ішкі резерв есебінен анағұрлым тапшы мамандық иелері – жауынгерлік және ауыр-жүк машинасының жүргізушілері, атыс қаруы мен оқ-дәрілер қоймаларының және сақтау орындарының бастықтары болып қызмет өткеретін 4 мың әскери қы­з­­метшінің тарифтік разрядтары ұл­ғай­тылды.

Әскери қызметшілер тегін меди­ци­на­лық қамтамасыз етіледі. 2019 жылы әскери госпитальдарда, лазареттер мен ем­ха­наларда 21 148 науқас емделді. Со­ны­­мен қатар жыл сайын 1 000-нан астам әскери қызметші мен Қорғаныс минис­трлігінің зейнеткері санаториялық-курорт­тық ем алады. Биылдан бастап олар климаттық-географиялық аймақты еске­ре отырып, бірнеше санаторий ара­сын­да таңдау жасауға мүмкіндік алды. Әлеу­мет­тік пакетке күнделікті, далалық, салтанатты, арнайы киім нысаны және киім-кешек заттары да кіреді. Орта есеппен бір офицердің немесе келісімшарт бойынша әскери қызметшінің киім-кешегі 377 мың теңгені құрайды.

Жеке құрам басқа жергілікті жерге жаңа қызмет орнына ауысқан, әскери оқу орындарына оқуға жіберілген, ста­цио­­нарлық емделуге барған жағ­дай­лар­да және кері оралу үшін жолақымен қам­та­ма­­сыз етіледі. Мемлекет басшысының бас­­тамасымен келесі жылдан бастап әле­­уетті құрылымдар үшін азық-түлікке қар­жы бөлу мөлшері ұлғайтылады, сон­дай-ақ келесі 3 жыл ішінде әскери қыз­мет­шілердің қаржы төлемдері орта есеппен 30 пайызға арттырылады.

 

Бюджет қаражатын жұмсау тиімділігі

Бюджеттік тәртіпті сақтау әрқашан Қорғаныс министрлігі қызметінің басым мін­деті болған және солай болып қалады. Биылдан бастап ай сайын көрсеткіштерді орындауға талдау жүргізіп, проблемалар мен кемшіліктерді көрсетумен жос­пар­ланған бюджеттік бағдарламалар индикаторларының орындалуына мониторингтеу жүргізіледі. Әрбір көрсеткішке қорғаныс министрінің орынбасарлары мен құрылымдық бөлімшелер бастықтары қатарынан жауапты адамдар бекітілген.

Қалыптасқан экономикалық ахуалды ескере отырып, Қорғаныс министрлігі баламалы қаржыландыру көздерін із­дес­тіруде, мемлекет-жекеменшік серік­тестік тетігін пысықтауда, Қарулы Күш­тер құрылымын оңтайландыру есебінен үнем­деуге қол жеткізуде.

Мемлекеттік сатып алу кезінде ана­ғұр­­лым айқындық пен ашықтықты қам­та­масыз ету, сондай-ақ заңнаманы мүл­тік­сіз орындау және конкурстық рәсім­дер­ді жетілдіру есебінен қорғаныс ве­дом­­ствосы 9 миллиардтан астам тең­ген­і үнемдеуге қол жеткізді. Олар Қару­лы Күштерді дамытудың басым бағыт­та­рына бөлінді.

Қарулы Күштер құрылысы мен даму тұжырымдамасын әзірлеу кезін­де бюджет қаражатын үнемдеу мақ­са­тында ұйымдық-штаттық құры­лы­мды, әскери бөлімдер санын және әс­кери ин­фра­құ­ры­лым объектілерін оңтай­лан­ды­руға, оқ-дәрілер мен әскери техниканы ұтымды пайдалануға ерекше назар ауда­рылды.

Әскерлерге жаңа қару-жарақ келіп түсуде. Осы жылы 370-тен астам бірлік әскери техника сатып алынды, 200-ден астам бірлік күрделі жөндеуден өтіп жаң­ғыр­тылды. Қазіргі заманғы әуе ша­буы­­лына қарсы қорғаныс құралдарына және ұш­қышсыз ұшу аппараттарына ерекше назар аударылуда.

Биыл Қазақстанның Қарулы Күш­те­рі­не алғаш рет «Бук» зениттік-зымыран кешендері сатып алынды. Одан басқа, еліміздің әуе кеңістігін бақылауды төмен биіктікте ұшатын нысаналарды анық­тай­тын «Роса» радиолокациялық стансалары және отандық өндірілген «Нұр» РЛС жүзеге асырады.

Әскерлерге Су-30СМ ұшақтары, Ми-35 тікұшақтары, барлау ұшқышсыз ұшу ап­параттары да сатып алынды. Артил­лерия­лық барлауды дамыту жөніндегі шаралар шеңберінде қарулануға жыл­жы­­ма­лы нысандарды барлау және ба­та­­реяға қар­сы күрес «Платформа» радио­ло­ка­ция­лық стансасы қабылданды.

 

Электрондық көрсетілетін қызметтерді дамыту

Президент жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында цифрландыруды бар­лық реформалардың базалық элементі деп атап көрсетті. Мемлекет басшысы: «Цифр­ландыру – бұл сәнге айнал­ған үр­діс­ке ілесу емес, ұлттың бәсе­ке­ге қабі­лет­тілігін арттырудың негізгі құ­ра­лы», деп атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халыққа элект­ронды сервистерді қолдануды ың­ғай­­­лы ету үшін мемлекеттік қызмет көр­сету ісінде де, бизнесте де биомет­рияны кеңінен пайдаланған жөн. «Деректермен» жұ­мыс істеуді жаңа деңгейге көтеру керек. Мәліметтер базасының бірыңғай жү­йесімен қамтамасыз ету және оны әрі қарай дамыту – Үкіметтің басты мін­де­ті­нің бірі», деген еді.

Өткен жылы азаматтардың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыру шең­бе­рінде Қорғаныс министрлігі халық­қа көр­сетілетін 14 мемлекеттік қыз­мет­тің іші­нен 13-ін электрондық фор­матқа кө­шір­ді, бұл бағыттағы жұмыс жал­ғас­ты­рылуда. Алғаш рет Қорғаныс ми­нис­­трінің цифр­лан­дыру және автоматтан­ды­­ру жөніндегі орынбасары лауазымы ен­гізілді.

Жуырда өткен аппараттық кеңесте мен автоматтандырылған басқару жүйесін (АБЖ) қолдану аясын кеңейтуді тапсырдым. АБЖ-ға электрондық құжат айналымы, сонымен қатар әскерлер қызметі үшін қажетті мәліметтерді цифрлық есепке алу да кіреді. Әскери басқару органдарында арнайы бөлімшелер құрылған, ал әскери бөлімдерде лауазымдар енгізілген. Олардың міндеттеріне АБЖ жұмысын ұйымдастыру кіреді.

Жалпы Қарулы Күштерде әртүрлі мақсаттағы 16 ақпараттық жүйе енгізілген. Олардың 11-і өнеркәсіптік пайдалануға қа­былданды. Басқару процесін авто­мат­тан­дыру жауынгерлік міндетті алған­нан бастап оның орындалуын талдау­ды аяқтағанға дейін басқарушылық қыз­мет циклын қысқартуға бағытталған. Цифр­лық технологияны енгізу күштер мен құралдарды аз жұмсаумен әскерлердің мүмкіндігін ұтымды пайдалануға ықпал етеді.

Ел Президенті Жолдауда нә­ти­жеге қол жеткізіп жұмыс іс­­теу қағидатын айқындап бер­ді және де бұл ұран әскери қыз­мет­ке, қасиетті борыш – Отан­ды қор­ғау ісіне қатысы бар бар­лық адам­дар­дың күнделікті қыз­ме­тін­де ай­қындаушы фактор болып табы­­лады.

 

Нұрлан ЕРМЕКБАЕВ,

Қорғаныс министрі, генерал-лейтенант

 

Соңғы жаңалықтар

Теміржол билеттері қымбаттайды

Қазақстан • Бүгін, 11:19

Батыс Қазақстанда күн суытады

Ауа райы • Бүгін, 10:56

Пневмониядан 2 адам қайтыс болды

Коронавирус • Бүгін, 09:23

Келешегі өрісті өндіріс орны

Аймақтар • Бүгін, 08:16

Ұтымды ұсыныстар жасалды

Пікір • Бүгін, 08:09

Ұқсас жаңалықтар