Театр • 01 Желтоқсан, 2020

Шабыт шалқытар шаңырақ

123 рет көрсетілді

Арқа төрінде ақ түйенің қарны жарылды. Астаналық көрермен асыға күткен Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрының жаңа ғимаратының тұсауын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі келіп кесті. Көптен күткен қуаныш осылайша үлкен тойға ұласты.

 

Өткен замандар қойнауындағы тарих тарамдарына көз жүгіртер болсақ, сонау орта ғасырда қайырымды қаланы аңсап өткен Әбу Насыр әл-Фарабиден бастап, желмаясына мініп жерұйықты іздеген Асанқайғының арманы да бүгінде Қа­зақстанның төр қаласына айналған – Ұлы даланың елордасы мұратымен астасып жатқандай. Бабалар аңсап өткен сол асқақ арман бүгінде ақиқатқа айналып, ол Арқа төрінде бой көтерген жас та болса жасампаз шаһар – Нұр-Сұлтан қаласы­ның кеңге құлаш жайған қадамдары­нан айқын байқалады.

Ел астанасы Арқа төріне қоныс аудар­ғаннан бері Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақтың кіндік қаласының тек саяси ахуалын ғана емес, бас шаһардың мәдени келбетін кемелдендіруге де тікелей ат­салысып, күні бүгінге дейін жанашыр болып келеді. Оның айқын дәлелі – елорда төрінде бой көтерген мәдениет, өнер ошақтарының барлығына дерлік қолдау білдіріп, кеңінен қанат жаюына даңғыл жол салып беруі. Уақыт ағзам алақанында бедерленген 22 жыл тарихында бір ғана елорданың төрінде 65 мәдениет мекемесінің, атап айтсақ, жеті сарай мен концерт залы, бес музей, жеті театр, 20 кітапхана мен алты кинотеатрдан бөлек, жеке көркемсурет галереяларының құрылысы жанданып, қарқынды жұмыс істеуі мемлекет тарапынан үздіксіз көрсетіліп келе жатқан осы бір қолдаудың жемісті нәтижесі болса керек.

Неге екен, астана десе, үнемі ойы­мызға Нұр-Сұлтан шаһарының бас архи­тек­торы, жапон сәулетшісі Кисе Куро­каваның: «...Иероглиф әлі ешқандай бел­гі түспеген таза параққа келісті түседі», ­деп қазақтың кіндік қаласы турасында ­айт­қан тағылымды ойы орала береді. Расы­мен де, сол сонылығы, сол жастығы һәм сол жаңашылдығымен де бүгінде елордамыз әлем тамсана қарайтын ірі мегаполиске айналды. Күн сайын бой көтеріп, елорда келбетін кемелдендіріп келе жатқан сұлу ғимараттар да бас қаланың сұлулығына сұлулық үстеп, архитектуралық һәм тарихи мазмұнын байытып келеді. Арқа төрінен бой көтерген еңселі ғимарат – Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрының зәу­лім сарайы да осы бір сәнді шаһардың сал­танатын одан әрі асырып, мерейін және бір тасытқандай. Оған Елбасының ғажайып ғимараттың тұсаукесерінде театр ұжымына жолдаған мына бір жүрек­жарды лебізі айқын дәлел болады:

– Бұрыннан, астанамыз Арқаға көш­кеннен бері ойлап жүруші едім. Елорда­мызда қазақтың ең үлкен драма театры болуы керек деп. Өзі де менің ойым­дағыдай болып әдемі салынған екен. Сіз­дерге де үлкен қуаныш әкелген шығар деп ойлаймын. Осы орданың ішінде жақ­сы-жақсы әртістеріміз тәрбиеленіп шы­ғатын болсын. Үздік шығармалар орындалатын болсын. Баршаңызға осы орданың ішінде табыс тілеймін, ба­қыт тілеймін. Дауыстарың шырқап, өнер­­лерің тасып елге қызмет етіңдер. Бү­гіннен бастап біз театрды ашық деп жариялаймыз. Оның құрылысы­на «Самұрық-Қазына» компаниясы ар­найы қаражат бөлді. Мұнда барлық жағ­дай жасалған. Көрермендердің осы театрға қуана келе­тініне сенімдімін, – деді Елбасы тарихи сәт – жаңа театр ғи­маратының тұсаукесер рәсімінде.

«Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақ­тал­маса, ешқандай жаңғыру болмай­ды». Бұл – Елбасы ұстанымы. Ал театр – руханият ошағы. Ғимараттың жобасын өзі қолдап, бекітуі де содан. Елбасы бастамасын жүйелі жалғаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрылыс барысын тікелей қадағалады. Нәтижесінде, астаналық көрермен көркін күн сүйген ғаламат театрмен қауышты.

Иә, мұны көптен күткен қуаныш деп си­паттауға әбден болады. Сахнасы тар, залы шағын Қаллеки театрының мә­селесі біраз уақыттан бері айтылып жүр еді. Сабақты ине сәтімен. Енді міне, бас шаһарда еңселі ғимарат бой көтерді. Қазақ драма театры ғимаратының салынуы – айтулы оқиға, асқақ арман, та­рихи сәт. Ел тәуелсіздігімен бірге жа­сасып келе жатқан киелі өнер ордасы – Тәуел­сіздіктің құрдасы, елордамыз Нұр-Сұлтан қаласымен бірге жасасқан құт мекен. 1991 жылдың қарашасында режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жақып Омаровтың тікелей бастамасымен тақыр жерден ту көтерген тағылымды орда бүгінде елдігімізбен егіз жасасып, жасампаздықтың жар­қын рухымен жүректерді жігерлендіріп, көңілдерді кемелдендіріп, көрерменін әманда тек рухани байытып келе жатыр. Ал 29 жыл бойы кішкентай ғимаратта үлкен өнер тудырып келе жатқан театр ұжы­мының еңбегі шын мәнінде ерлік!

Өнерге деген сол шексіз адалдық пен жанкештіліктің арқасы болса керек, күні кеше театр ұжымы үшін соңғы үлгіде жасақталып, әлемдік архитектураның озық жетістіктері пайдаланылған еңселі ғимарат есігін айқара ашты. Театр құ­рылысы 2019 жылдың сәуір айында бас­­талған болатын. Жоба авторы – Бед­жет Пацолли, бас инженері – Мұс­тафа Ибраһим. Ж.Нәжімеденов, А.Бай­тұрсынұлы және Сарыкөл көшелерінің қиылысындағы ғимараттың жалпы аумағы 28 мың шаршы метрден асады. Заманауи заңдылықтарды сақтай отырып ұлттық колоритте салынған үш қа­батты нысанның ішінде өнер ұжымына қажетті дүниенің бәрі ескерілген. 645 орындық үлкен зал мен 202 орындық камералық зал, сонымен қатар рухани азық алатын ғимаратта көркем галерея, мейрамхана мен мәжіліс залы да қоса қамтылған. Театр басшылығының сөзіне сүйенсек, бұл ғимаратты салуға «Астана Опера» театры құрылысымен айналысқан архитекторлар атсалысқан. Тіпті «Астана Опера» театрында кеткен кейбір құрылыс кемшіліктері бұл театрда жіберілмепті.

– Көптен күткен тарихи сәттің куә­сі болып отырмыз. Елбасының ті­ке­лей қолдауы мен өнерге деген жана­шырлығының арқасында елорда төрі­нен осындай еңселі ғимарат бой көтеріп отыр. Техникалық жағынан соңғы үлгі­де жасақталған ғимарат әртістерімізге мүлдем басқа көркемдік талап биігін­де өнер көрсетуді қажет етіп отыр. Оған ұжымымыздың әлеуеті толыққанды же­­теді деп сенемін. Әсем ғимаратқа ие бол­дық, енді шығармашылық тұрғыдан да сол биікті бағындыруды көксейміз. 1991 жылдың қарашасында шымылдығы «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясымен ашылғалы бері, Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры тарих қойнауына көркемдік биігімен жол тарт­қан қаншама қойылымды сахналады. Театр ұжымы классикалық өнер туындыларын заманға сай жаңартып, репертуарын ұлттық және әлемдік драматургиямен толықтырып келді. Алыс-жақын шетелдердегі және Қазақстандағы фестивальдарда топ жарып, сан мәрте жүлделі оралды. 2011 жылы «Мемлекеттік ака­демиялық театр» мәртебесін алды. Ен­­ді міне, күні кеше Елбасы Нұр­сұл­тан Әбішұлы Назарбаев жаңа театр ғи­ма­ратын ашық деп жарияла­ды. Театр­дың үлкен сахнасында М.Әуезов­тің «Абай» қойылымының үзіндісін тамашалап, театр әртістеріне ризашылығын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі. Әрине, қатаң карантиндік шаралар сақ­талған пандемия кезеңінде бүкіл шы­ғармашылық құрамның бірдей өнер көрсетуі, үлкен қуанышта басқосуы мүм­­кін болмады. Десек те әлем бойынша өнер ошақтары жабылып жатқанда, Қа­­зақстандағы теңдессіз театр ғимара­тын ашу мемлекетіміздің өнерге құрметі, қолдауы деп білеміз. Театрдың кіші сах­­насында әртістермен қосылып ән шыр­­қап, қуанышты бөліскен Елбасы Нұр­сұлтан Әбішұлына бүкіл ұжым атынан алғыс айтамыз. Бұл ән – шаттықтың әні, сағыныштың үні, тұлпарлар салған жолдың жалғасы», деп театр директоры Ернар Жұматаев жүрекжарды пікірімен бөлісті.

Иә, Қаллеки театрының астананың рухани-мәдени өмірінде алатын орны айрықша. Себебі бұл ғимаратты театр­дың негізін қалаған Жақып Омаров, қалыптасу жылдарын жасаған Қадыр Жетпісбаев, мұхиттай шексіз талантын метафораға сыйдырып, кішкентай сах­надан үлкен өнер жасап, әртістерді тұлғалық жолға салған Әзірбайжан Мәм­бетовтер арман етті. Бұл ғимарат сәу­летімен ғана емес, тарихымен, шы­ғар­машылық әлеуетімен де құнды. Кү­зетшісінен корифейіне дейін адал қыз­мет етіп, «Қаллеки» деген ұғымды қалып­тастырды. Бұл – көптен күткен қуаныш. Арман ақиқатқа айналып, кезінде режиссер, қайраткер тұлға Жақып Омаровтың бастамасымен бас қала төрінде ту тіккен мәдени ошақ бүгінде шығармашылық қанатын кеңге жайып, өнердің үлкен ордасына айналды. Мұнда қазақ театр режиссурасының реформаторы, КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты, «Халық қаһарманы» Әзір­байжан Мәмбетовтің, Қазақстанның Ха­лық әртісі Қадыр Жетпісбаевтың ізі сайрап жатыр. Ұлт театрының абыз ақсақалы Қалибек Қуанышбаевтай аңыз актердің аяулы есімі һәм тағылымды жолы менмұндалап шақырады әр көрер­менін. Бұл жерде арғысы – Шәміл Жү­ніс, Рымкеш Омарханова, Гүлжан Әс­петова, Тілектес Мейрамов, Түймехан Атым­таева, Жанат Шайкина, Кеңес Нұ­р­ланов, бергісі – Нұркен Өтеуілов, Қуан­дық Қыстықбаев, Ержан Нұрымбет, Алты­най Нөгербек, Сырым Қашқабаев, Айнұр Бермұхамбетова бастаған талантты актерлер шоғыры шынайылық пен шеберлік егіз өрілген ғажап бір тандемде қызмет етеді. Бұл театрда әр жаңа маусым шымылдығын М.Әуезовтің «Абай» трагедиясымен ашып, жабатын тарихтан тамыр алған әдемі бір үрдіс бар. Ең бастысы – бұл театр ұжымы «өнердің тек қана мұзартын бағындырсам» деген шығармашылық қанағатсыздық, өнерге құштарлық сезіміне ие. Қаллеки театры бізге сонысымен бағалы, со­ны­сымен ардақты.Талантты труппаның бар мүмкіндігі мен шеберлігін шыңдап, жаңа белеске шығаруда Әлімбек Оразбеков, Нұрлан Жұманиязов, Болат Ұзақов бас­таған ойлы, ізденімпаз режиссерлер ең­бегі ересен. Театрдың талантты өнер ұжы­мы бастамасымен қолға алынып, жү­зеге асып жатқан жарқын ойлар мен жүйелі жоспарлар жемісті нәтижесін бе­ріп, Қаллеки театры өнерінің ел ішінде ғана емес, халықаралық масштабта мо­йындалуына тікелей ұйтқы болып келе­ді. Қалибек Қуанышбаевтай абыз актер жолын жалғаған дарынды ізбасарлар өнерін бүгінде жаһан танып, өнеріне бас иіп жатса, ол да талантты ұжым ізденісінің нәтижесі деп білеміз. Ендеше, көрерменің көп, мерейің әманда үстем болсын, Қаллеки театры!

 1

Оқиғаға орайлас ой

 

Тілектес МЕЙРАМОВ,

Қазақстанның халық әртісі:

– Театр салу мәселесі көптен бері айтылып келді ғой. Бізден бұрын да, бізден кейін де. Енді міне, сол тілек қабыл болып, ел­орда төрінде еңселі театрдың бой көтерген тарихи сәтіне куә бо­лып отырмыз. Қуаныштымыз. Жал­пы, кез келген өркениетті елдің аста­­насында ұлттық мәртебеге ие театр­дың болуы қалыпты жайт. Осы тұрғыдан келгенде, Ел­басы Нұрсұлтан На­зар­баевтың ті­ке­­лей қолдауымен жаңа да әсем ғи­маратқа ие болып отырмыз. Бұл театр талантты ак­тер­лері­міз­дің ішкі мүмкіндігін то­лықтай көрсе­туіне кең жол ашады деп сене­мін. Өйткені кішкентай сах­на­да көп мүмкіндік ашыла бер­меді. Енді міне, актерлерімізге шебер­лі­гін толық танытатын тамаша мүм­кіндік туды. Өйткені біз­дің театр­да талантты актерлер өте көп. Репер­туарымыз да 30 жылдық аз ғана та­рихымызға қарамастан, көптеген көне театрмен көр­кем­дік һәм сапа­лық тұрғыдан иық тірестіруге әб­ден жарап-ақ тұр. Сөз басында аузыма бекер түспеген болуы ке­рек, бас қаланың бас театрына жал­пы ұлттық мәртебе берсе, қан­дай жарасымды болар еді. Оған ұжы­мымыздың әлеуеті де, репер­туарымыздың мазмұндық сапасы да әбден лайық деп ойлаймын. Ендігі біздің тілек – осы! Қазақ өне­­рінің тойы құтты болсын!   

 

Алтынай НӨГЕРБЕК,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, актриса:

− Біз үшін бұл өте қуанышты сәт. Сонау 1991 жылы осы театрды ашқан Жақып Омаров, одан кейінгі Қадыр Жетпісбаев, Әзірбайжан Мәмбетов ағаларымыздың арман­дары еді ғой бұл – астананың тө­рінде осындай үлкен ғимаратқа ие болу. Сол қуанышқа, міне, Құдай қалап, біз жетіп отырмыз. Біз куә болып отырмыз. Үлкен театр біз­ге шығармашылық үлкен мүм­кін­діктер сыйлап отыр. Қуаны­шы­мыз шексіз. Енді осы жаңа  ғима­ратта көрермендерімізді жаңа қо­­­йы­лымдарымызбен, жағымды жа­ңа­­лықтарымызбен қуантамыз деп сенемін.

 

Сая ТОҚМАНҒАЛИЕВА,

Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты, актриса:

– Бұл күн шын мәнінде ақ түйе­­­нің қарны жарылған аса қуа­ныш­ты әрі тарихи сәт болды десе де бол­­ғандай. Қуанышымызда шек жоқ. Елбасымыз Нұрсұлтан На­зар­­баев Қ.Қуанышбаев театрының кіш­кентай ғана сахнада үлкен туын­дыларды қойып жатқанын өз көзі­мен көріп кеткен еді. Бүгін мі­не, өзі тікелей мұрындық болып өнер әлемінің тынысын кеңейтті. Ал­ғы­сымыз шексіз! Қазақ өнері жа­са­сын! Ұлттық құндылықтары­мыз жаң­ғыра берсін! Шығарма­шы­лық биік­тіктерді бағындыра бере­йік дегім келеді. Театр тойы құтты болсын!

 

 

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар