Оқиға • 01 Желтоқсан, 2020

Елбасы және Түркістан

24 рет көрсетілді

1999 жылы бір топ бас редактор – Мұқтар Мағауин, Ержұман Смайыл, Жүсіпбек Қорғасбек және мен Нұрсұлтан Назарбаевтан сұхбат алдық.

Кездесу Алматыдағы резиденцияда өтті. Түркістан қаласының 1500 жыл­ды­ғын атап өту туралы сұрақ қойдым.

– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Түр­кістан тарихы тереңде жатыр. Архео­­логтар қаланың маңынан тапқан жәді­­герлер уақытын 2000 жыл деп дә­лел­деп отыр. Көршілес Қырғыз елі Оштың 2000 жылдығын атап жатқанда, біз­дің Түркістанды 1500 жыл деуіміз қа­лай болады? – деген сұрақ қойдым.

Елбасы «Бұл енді ЮНЕСКО шеші­мі­не еніп кетті. Әуелі осы датаны тойлап алайық. Сәті келгенде қайта қарауға болады ғой» деп жауап берген болатын.

2018 жылғы 19 маусымда Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа жария түрде қол қойды. Бұл қалың қазақ елінің көкірегіне қуа­ныш ұялатқан аса маңызды тарихи ше­шім болды.

– «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңның 3-бабының 1-тармағына сәйкес бүгін мен қол қоятын Жарлық Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесін береді. Бұл әкімшілік бірлік еліміздегі он жетінші аймақ болады. Облыс орталығы ғасырлар бойы Қазақ хандығының және бүкіл түркі әле­мінің саяси әрі рухани орталығы бол­ған Түркістан қаласына көшіріледі, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

2018 жылғы Түркістан облысына жасаған сапары барысында Елбасы: «Хал­қымыз үшін тарихы бай, та­ғы­­лымы терең Түркістанның орны елі­міз үшін үлкен маңызға ие. Ол Орта­лық Азиядағы ең көне де қасиет­ті қалалардың бірегейі. 2000 жылы біз Түркістанның 1500 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтіп, оны бір көтердік. Соңғы тарихи дерек­­терде Күлтөбеден табылған жәді­гер­лер оның кемінде 2000 жылдық тарихы бар екенін көрсетіп отыр. Түркістан – қазақ елінің рухани жүрегі. Ғасырлар бойы еліміздегі ең айтулы оқиғалардың бел ортасында болған тарлан тарихтың көнекөз куәгері. Ол Ұлы Жібек жолының бойындағы ең ірі қалалардың бірі ретінде танымал болды. Сонау ХІІ ғасырдан бастап әлем назарын өзіне аударды. Шығыстың Аристотелі атанған ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фараби Түркістанның ірге­сіндегі Отырарда өмір сүрген. Көш­пе­лі жұрттың мұсылмандануына, хал­қы­мыздың Ислам дінін қабылдауына Түркістанның ерекше ықпалы тиді. Орталық Азия мен Дешті қыпшаққа Ислам әлемін таратқан көптеген әйгілі ғұламалар осы жерден шықты. Қала екі ғасыр бойы Қазақ хандығының бас ордасы болды. Көптеген маңызды ше­шім­дер дәл осында қабылданып отырды. Түркістан маңындағы қасиетті төбе­лерде қазақтың тағдыры шешілген әйгі­лі жиындардың өткендігі тарихтан бар­лығымызға белгілі. Мәртөбеде жыл са­йын қазақтың бүкіл игі жақсылары жиналып, мәслихат құрып, елдің мә­се­лелерін талқылап, шешіп отырды. Күл­төбеде әз-Тәуке қазақтың барша аузы дуалы билерін жинап, «Жеті жарғы» заңын қабылдады. «Ақтабан шұ­­бырынды, алқакөл сұламадағы» нәубеттен кейін қазақтың бас көтерер аза­маттары түгел Ордабасыға жиналып, сол жерде құрылған әскерменен Жоң­ғар шапқыншылығына тойтарыс бергенін білеміз. Сонымен бірге Түр­кістан қазақтың көптеген аяулы перзенттері мәңгі жай тапқан қасиетті қала. Осында жерленген 164 әйгілі тұлғаның 21-і ел басқарған қырандар, 30-дан астамы қол бастаған батырлар, сөз бастаған билер. Олардың арасында еңсегей бойлы Есім хан, Хақназар хан, әз-Тәуке, Абылай хан, Қаз дауыс­ты Қазыбек би, Қанжығалы Бөгенбай батыр, Жәнібек батыр және басқа да көптеген жақсылар мен жайсаңдар бар. Қарап тұрсаңыз шын мәнінде Түркістан тарихы – күллі қазақтың тарихы. Сондықтан қасиетті Түркістанға деген мақтаныш сезімі әр қазақтың жү­регінде ұялаған. Түркістан тек бізге ғана емес, күллі түркі жұртшылығына қа­дірлі әрі қасиетті мекен. Біз тәуел­сіз­дікті жариялағаннан бастап Түрік мемлекеті бірінші болып қолдап, Түрік президенттерінің барлығы осында келіп тәу етіп, олармен бірлесіп қазақ-түрік университетін құрдық. Мешіт салдырдық, кесенені жөндедік. Исламда ерекше орны бар, сопылық ілімнің негізін қалаушы ғұлама Қожа Ахмет Ясауи Түркістанда жатыр. Ислам қағидаларын түркі әлемінің рухани дәстүрлерімен ұштастырған Әзірет Сұлтан қазақтың ғана емес, бүкіл түркі жұртының руханиятында ерекше орны бар тұлға. Оның басына тұрғызылған алып кесене бүгінде Қазақстандағы ең басты тарихи ескерткіштердің бірі. Түркістан талай ғасырдан бері Қап тауынан Қашғарға дейінгі аралықта мекен еткен тұтас түркі халықтарының зиярат етіп келетін қасиетті орны. Түркі басшыларының саммитінде Түркі әлемінің киелі жерлері жобасын қолға алуды ұсындық. Соның ішіндегі негізгі жерлердің бірі – дәл осы Түркістан», – деді.

Расында ежелден халқымыз Түр­кіс­­танды қасиетті мекен санайды. Атақ­ты Мағжан ақынның «Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – ер тү­ріктің бесігі ғой» деген ғажайып өлеңі тіл ұшына үйірілмейтін қазақ жоқ. Түркістан десе бүкіл түркі жұрты тік тұрады. Түр­кіс­тан десе кеудесін мақ­таныш се­зі­мі кернемейтін қазақ жоқ. Түркістан – Қазақ хандығының аста­насы болған, тарихы тереңде жат­қан шаһар. Бұл қалада ұлтымыздың тағдырына қатысты талай мәселе тал­қы­ланып, түрлі шешім қабылданған. «Күл­төбенің басында күнде кеңес» деген сөз содан қалған. Қазақтың небір жақсы-жайсаңдары мәңгілік мекен тапқан қасиетті орын.

Халқымызда «Мәдинада - Мұхам­мед, Түркістанда – Қожа Ах­мет» деген сөз бар. Киелі шаһарға күллі мұ­сыл­ман баласы келуге ынтық. Елбасы Түркістанды түлетуге айрық­ша көңіл бөліп келеді. Тікелей Назарбаевтың ықпал етуімен түркі мемлекеттері Түр­кіс­тан қаласын «Түркі әлемінің мә­дени астанасы» деп жариялады. Осы­ған орай ТҮРКСОЙДЫҢ баста­ма­шы­лы­ғы­мен 40-тан астам іс-шара өткі­зіл­ді. Түркі әлемінің мәдени орта­лығ­ы деп танылды.

 Осындай жағдаяттар негізінде Қазақ­станның Тұңғыш Президенті – Ел­басы Түркістанды облыс орталығы деп жариялады. Ерекше серпін беретін даму жоспарын белгілеп берді. Бұл ретте қаланың әдемі болуы тек әсем ғимарат­тарымен ғана емес, мұнда тұр­ған халықтың мәдениетімен, пара­са­тымен байланысты екенін атап көр­сетті. Түркістанды дамытудың бас жос­­парының тұжырымдамасын бекітіп, TURKISTAN арнайы экономикалық ай­ма­ғын құру туралы Жарлыққа қол қойды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түр­кіс­­танға жасаған бір сапарында тұр­­­­ғын­­дармен кездесіп: «Тәуелсіздік ал­­ғаннан соң Түркістанды астана ретін­де қарастырдым. Бірақ өздеріңіз біле­тін­дей, жағдай бұған жол бермеді. Бүгін бұл қала облыс орталығына айналды, ша­һарды жандандыру жұмыстары жүр­гізілуде», деген еді.

Журналистік жолда Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті – Елбасымен талай рет сұхбаттастым. Алайда Нұр­сұлтан Әбішұлының қасиетті Түр­кістан шаһа­ры туралы толғамды ой-пікірі осылайша есімде сақталып қалды.

 

Нұртөре ЖҮСІП,

Парламент Сенатының депутаты

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар