Экономика • 01 Желтоқсан, 2020

Шығысқа газ Ресейден тартылуы мүмкін

19 рет көрсетілді

Шығыс Қазақстанға газды Ресейден тарту мәселесі қарас­тырылып жатыр. Атап айтқанда, қазір ресейлік «Газпром» ААҚ мен «ҚазТрансГаз» АҚ арасында жұмыс тобы құрылды. Бұл туралы Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев Президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.

Бүгінде екі жақтың ведомс­тволары арасында Барнаул – Рубцовск – Семей – Өскемен газ құбы­рын салу жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр. Министрдің айтуынша, бұл жоба іске асырылса, 2 млн 100 мың адам көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі. Қа­зақстанда «Сарыарқа» магис­тральды газ құбыры пайдалануға берілгенін айта кеткен орынды. Осы арқылы былтыр Қарағанды және Ақмола облыстарымен бірге елордаға көгілдір отын жеткізілді.

«Қазір Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі елді мекендерді газға қосу мәселесімен айналысып жатыр. Бас шаһардағы І-ІІ жылу орталықтарында су қыздыруды газға ауыстыру бойынша жұмыс­тар жоспарлы түрде орындалып келеді. Барлығы 16 нысанды ауыс­­тыру керек болса, оның 4-еуі газ­ға көшірілді. Алдағы уақытта «Сарыарқа» газ құбырының 2-ші және 3-ші кезегін жүзеге асыру көзделіп отыр. Бұл Ақмола облысының Көкшетау қаласын, Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласын газдандыруға жол ашады. Осы көзделген меже сәтімен орындалса, 800 мыңнан астам адам көгілдір отынды пайдалана алады», деді Н.Ноғаев.

Ведомство басшысының пікі­ріне сүйенсек, қазір елімізде газ­дандыру деңгейі 51,5%-ды құрап отыр. Жыл соңына дейін бұл көр­сет­кіш 53%-ға, 2025 жыл­ға қарай 55%-ға артады деп болжануда.

Жауапты орган басшысы отан­дық мұнай-газ химия саласында атқарылып жатқаны жұ­мыстарға да тоқталды. Бұл ба­ғыт­тағы өндіріс орындарының 90%-ы республиканың батыс өңі­рінде шоғырланған. Бүгінде са­лалық жобалар бойынша 15 млрд долларды құрайтын пул құрылды.

«Мемлекет басшысының мұ­най-газ химияны дамыту, яғни терең өңделген өнім, қосымша құны жоғары өнім шығару жө­ніндегі тапсырмасын орындау ба­ғытында бірқатар шаралар қолға алынды. Мысалы, Атырау об­лысында ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі құ­рыл­ды. Арнайы экономикалық аймақ аясында жылына 500 мың тонна полипропилен шығару өндірісі жүзеге асырылып жатыр. Бұл кәсіпорында 3 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады», деді Энергетика министрі.

Спикер еліміздің өзге де өңір­­лерінде түрлі өндірістер өз жұ­мыс­тарын бастағанын жеткізді. Айталық, Павлодар облысында жыл­дық қуаты 70 мың тонна полипропилен шығаруға қауқарлы зауыт іске қосылды. Алматы облысында жылына 100 мың тонна жақпа май шығаратын өндіріс орны ашылды. Шымкентте жақпа майлар, сол секілді Атырау мұнай-өңдеу зауытында ароматты мұнай өнімдерін шығару жұмысы жолға қойылды.

Биыл дизель отыны мен авиакеросин өндірісі жоспарлы түрде қысқартылып, битум өндірісі ұлғайтылды. Тұтастай алғанда, 2020 жылы 984 мың тонна битум өндіру жоспарланған еді.

«Әсіресе биыл жол құрылысы жұмыстары қарқын алды. Оның нәтижесінде жоспар асыра орындалып, 1 млн тоннадан аса битум шығарылды. Яғни алдымызға қой­ған міндетті орындай алдық», деді Н.Ноғаев.

Ведомство басшысының айтуынша, осы жылы 90 млн тонна мұнай өндіру жоспарланған болатын. Алайда пандемияның салдарынан бұл көрсеткіш 85 млн тоннаға дейін төмендетілді. Себебі әлемде экономикалық бел­сенділік төмендеп, мұнай және мұ­най өнімдеріне сұраныс азайса ке­рек. Сәйкесінше, мұнай өңдеу көр­сеткіші 17 млн-нан 16 млн тон­наға дейін азайды.

Еліміздің бас энергетигі жел­тоқсанның басында ОПЕК+ мү­шелері 2021 жылға арналған мұ­най өндіру көлемі туралы шешім­дерін жариялайтынын айтты.

«Алыпсатарлық фактор – уа­қытша, сол секілді биыл резер­вуарлардың шамадан артық толуына және жекелеген бөлімдер мен тұтас кен орындарының тоқ­тап қалуына жол бермеу үшін өндірісті 5 млн тоннаға азайттық. Бұл ОПЕК+ келісімі аясындағы қажетті шаралар. Бүгінге дейін келісімді ұстанып отырмыз. С­а­рап­шылардың айтуынша, көп­теген елде әзірленіп жатқан ко­ронавирусқа қарсы вакцина оң ық­палын тигізіп, экономикалық даму қалпына келеді. Әрине, әлемнің әр түкпірінде болып жат­қан әскери қақтығыстарға сақ­­тықпен қараймыз. Бірақ вак­цина табылып, адамзат бұ­рын­ғы режімге оралады деп үміт­тенеміз», деді.

Шамамен 1-2 желтоқсанда ОПЕК+ мүшелері кеңейтілген құрамда мұнай өндіруді қысқар­туды немесе одан әрі ұзарту туралы хабарлауы тиіс. Қолданыстағы келісімге сәйкес, 2021 жылдың 1 қаңтарынан 2022 жылдың сәуіріне дейін шикізаттың қыс­қар­тылған өнім көлемі 14% дең­гейінде сақталуы тиіс.

Бұдан басқа келесі жылы сұйы­­тылған мұнай-газды 100% элек­тронды аукционда сату жос­парланып отырғаны айтылды.

«Қазір елімізде 3 млн 200 мың тонна сұйытылған мұнай газы өндіріледі. Соның 1,5 млн тоннасы ішкі нарыққа бағытталған. Атап айтқанда, 80%-ы сұйытылған газ­бен жүретін автомобильдерге, 20% көпқабатты үйлерде ас­ дайын­дауға және мұнай-газ хи­мия саласындағы жобаларға ар­налған. Автомобильдік сұйы­тылған мұнай газды сауда-сат­тыққа шығару келесі шарттармен жүзеге асырылады. Барлық өнім­нің 25% электронды сауда алаңдарында сатылады. Қалған 75% жергілікті атқарушы органдар ұсынған өтінімдер бойынша өңірлерге бөлінеді», деді салалық органның басшысы.

Биыл көмірсутегі шикізатына жер қойнауын пайдалану құқығын беруге байланысты электронды аукциондар өткізіле бастады. Бұл Жер қойнауын пайдалану жө­ніндегі кодекс бойынша жүзеге асырылды.

 

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар