Руханият • 22 Қазан, 2020

Қос ішекті қоңырым

30 рет көрсетілді

Сенің болмысыңда тақыс тағдырдың жазуы бар, шежірелі шанағыңда көкбөрінің азуы бар. Дүрия-жамал даланы дүбірге бөлеген, шабысы мен шалымы шабытына қарай өлермендене аспан төсіне өрлеген, алп-алп басқан атандай буырқанған бабалардың мыңжылдықтан бері мұңын шағар жолдасы сен едің, қасиетіңнің салмағын Қаратауға теңедім, қадіріңді ақ айтсам Алатаудай көремін, нәсілі асыл өр елім, өзегі бүтін өренім сен дегенде көңілін көкжиекке сүңгіткен, сақи дүние тілі мен тіні болған өзіңнен өткінші жалғаннан жан жарасын жазатын дәруі мол сыр күткен емес пе еді бағзыда?!

 

Боз дөнен бұлтты сүзіп, мұзарт шыңдардың қылыш жүзді қыр­лауыт жондарына тұяғын қадап, керуен-керуен жөңкіген, кеудесі төр­дей тұлпардың құлынындай мөңкіген заманалар көшінде еліне тілеп есендік, жеріне тілеп нөсер-құт фәниге сапар шеккен бабаларымды танимын әз үнің мен күйіңнен. Алты құрлық дүрілдеп, аймауыт таулар дірілдеп, жұмыр бастының дені дәргейіне жығылған Шың­­ғыс қағанның Жошы ұлы өмірден өткен кезінде сен емес пе ең шанақтан азалы үнмен жеткізген. Бір пернесіне шалқар ойды көгендеп қоятын, тарғыл көңілің тұман басқанда қайғыңды жоятын Ұлы даланың тілсіз ұстазы.

Қос ішекті қоңырым, аптығымды бір басып, өзіңмен ойша сырласып, кешегі күнді қозғасам, Құрманғазы, Тәттімбеттердің сұрқай заманның сойылында өткен тағдырына арқау, тектілігіне тіреу саналғандай олардың кенді кеудесінен күй болып құйылған да сен едің ғой, домбыра! «Қарға да бойлы Қазтуған, Қарғадай бойы болса да, алғыс алған халқынан» демекші, Қазтуғандай жыраулардың да асқақ әнін құдіретің арқылы жүрекке қондырғанбыз. Жұртының қамын ойламас, жұртпен бірге тойламас айылы бүтін аттыдан жаяу да жүріп кек алған Жаяу Мұса бабаның, Сексен көлді тербеген, Оқжетпесті теңселтіп, Көкшенің керім аспанын бұлт астында қалдырмай серілікпен күн кешкен Ақандайын арданың, иығына ілмей құл шекпен сезімнің қылын мың шерткен, Ләйлім-шырақ деп әндеткен Біржан салдың әндері сен арқылы халқымның қамбасында қалды қазына болып. Мынау құс қанаты талатын сайын дала сөзге бұлақ, ойға сүлей тектілерімнің сазына толып.

Данышпан домбыра! Сен жайлы тағы толғасам тарғылданып күн шығар, талаурап барып кеш батар. Қилы ой сілеміне салып, бұлқынса бұлтқа жететіндей жүрек толқытар, көңіл серпітер, қос ішекті әулием! Үкісі желмен тербелген, үкімдей болған рухты әні қалың елге дем берген кешегі Үкілі Ыбырайдың әнін айтсайшы... Үш жүзді жырмен түгендеп, қырғыздың шоң ақыны Қатағанды сөзбен матаған Сүйінбайдай сүйріктің, жүзге дейін желпіне жырымен елді суарған Жамбылдайын жүйріктің, зарлы да мұңлы әнімен буынын жұрттың босатқан Кенендейін абыздың мұрасы да сен арқылы аманатталды бізге...

Айналайын, домбыра жезкиіктей жел­діртсек, сенің бар болмысың қазақтың саф болмысы емес пе?! Алаштың айтөбел ақыны Қадыр Мырза Әлі: «Нағыз қазақ, қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра», – деп сенің тағдырыңның тіні текті халықпен сабақтасқанын жырмен әспеттеді. Қия­лымызда көлбеңдеген қимас күндерге бір сәтке сапар шегіп, таныдық мәңгілікке дос деп сені.

Түлкі бұлаңға салған заманның тумысы бөлек болса да, тұғырыңнан таймадың, асылым. Мынау менің ғасырым! Сен үшін қарыс маңдайға басылған тағдырға айтам мың тәубе! Өйткені бар ғой, домбыра, ұлттық аспап сен болсаң, ұлттың ұлы мен болып, сен үшін сонша шаттандым, әлемге қазақпын деп мақтандым!

Соңғы жаңалықтар

Жоғарғы сот судьялары сайланды

Қазақстан • Бүгін, 10:35

218 адамның ахуалы нашар

Медицина • Бүгін, 09:45

Абайды сомдаған актерлер

Өнер • Бүгін, 08:30

Отанға адал болуға ант берді

Руханият • Бүгін, 08:27

Экскурсия сабағына қатысты

Қоғам • Бүгін, 08:00

Ұлылар үндестігі

Оқиға • Бүгін, 07:56

«Киік» акциясы басталды

Экология • Бүгін, 07:52

Мақсат – ауруды ауыздықтау

Аймақтар • Бүгін, 07:48

Медициналық жабдықтар жаңарды

Аймақтар • Бүгін, 07:47

Белсенділігі артып келеді

Саясат • Бүгін, 07:46

Ұқсас жаңалықтар