Қоғам • 22 Қазан, 2020

Шекарада карантиндік шаралар күшейді

17 рет көрсетілді

Әлемде COVID-19 инфекциясына қатысты жағдай ушығып барады. Еуропа мен Азияның кейбір елдерінде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны өсуде. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният мәлімдеді.

 

«Әлемде күн сайын науқас саны өсуде. Бүгінде 215 елде 41 022 518 КВИ жағдайы тіркелген, сырқаттың өсуі – 1,1 пайыз. 1 128 931 адам қайтыс болды, өлім көрсеткіші – 2,8 %», деді А.Ғиният.

Осыған байланысты 2020 жылдың 6 қазанынан бастап шекарада санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілді. Бүгінге дейін автомобиль өткізу пункттері арқылы 73 591 Қазақстан Республикасының азаматы мен шетелдік, оның ішінде 21 591 жолаушы келді, 5 967 адам карантиндік стационарға жатқызылды, олардың ішінде 122 адамда ауру анықталды. Халықаралық әуе рейстермен 34 446 жолаушы келді, оның ішінде 5 925 адам тесттен өтті, 17 адамнан ауру анықталды.

«21 қазандағы жағдай бойынша 109 766 науқас тіркелді, соңғы тәулікте 143 адам COVID-19 жұқтырған, 1 803 адам қайтыс болды. COVID-19-дың (ПТР -) 36 200 ықтимал жағдайы тіркелді, оның ішінде 28 318 адам сауығып шықты, 388 адам қайтыс болды. Соңғы тәулікте 220 жағдай тіркелді», деді вице-министр.

 

Қазақстан әуе рейстерінің санын қысқартады

Әлемдегі эпидемиялық жағдайдың ушығуына байланысты Ведомствоаралық комиссия шекарадағы бақылауды қосымша күшейту туралы ұсынысты мақұлдады. Ал 26 қазаннан бастап әуе рейстерінің саны қысқартылады, деп хабарлады Денсаулық сақтау вице-министрі.

«26 қазаннан бастап мына елдерге әуе рейс­терінің саны қысқартылады: Украи­на­мен аптасына 6-дан 1 рейске дейін, Біріккен Араб Әмірліктерімен аптасына 24-тен 16 рейске дейін, Германиямен аптасына 6-дан 4 рейске дейін, Беларусь Рес­пуб­ликасымен аптасына 9-дан 4 рейске дейін, Түркиямен аптасына 18 рейске дейін қыс­қартылды, қарашадан бастап 6 рейс бо­лады. Қазақстанға келетін азаматтарда міндетті түрде тапсырылғанына 72 сағаттан аспаған ПТР-тест нәтижесі болуы қажет. Егер анықтама болмаса, қазақстандықтар екі тәулікке дейін карантиндік стационарға жатады», деп айтып өтті ол.

 

COVID-19 жұқтырғандар саны бір аптада 14%-ға артты

Елдегі эпидемиялық жағдай әлі де тұрақты. Сонымен қатар соңғы аптада аймақтарда COVID-19 шалдыққандар қатары 14%-ға өскен.

«Өткен аптада аймақтарда COVID-19 сырқат­танушылық 14%-ға артқаны бай­қал­ды. Сонымен қатар, аурудың 66%-ы 6 облыста: Нұр-Сұлтан (93), Алматы (73), Солтүстік Қазақстан (82), Шығыс Қазақстан (80), Павлодар (64) және Атырау (54) облыс­та­­рында кездеседі», деді А.Ғиният.

Осыған байланысты аймақтардағы эпи­­де­­миялық ахуалды ескере отырып, 12 облыстың – Нұр-Сұлтан, Алматы қала­ларының, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақмола, Маңғыстау, Алматы, Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Қара­ғанды, Жамбыл облыстарының әкім­дік­тері күшейтілген шаралар қабылдады.

 

250 оқушы КВИ жұқтырған

Оқу жылы басталғалы оқушылар арасында КВИ-дің 250 жағдайы тіркелді. Кезекші сыныптарда оқитын балалар арасында 105 жағдай тіркелді, 1426 адам байланыста болған, олардың 19-нан ауру анықталды. Қашықтан білім алатын балалар арасында 145 жағдай тіркелді, 348 адам байланыста болған, 22-нен ауру анықталды.

Өңірлерде, әсіресе Шығыс Қазақстанда науқас көп тіркелген – 69 адам немесе рес­публика бойынша жалпы жағдайдың 31%, Солтүстік Қазақстан – 30, Қарағандыда – 26, Қостанай облыстарында – 17 жағдай.

«Карантин кезінде жұмыс істеп тұрған мек­тептердің арасында талаптарды орын­да­маған оқу орындары бар. Мектептерде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Білім бас­қар­малары басшыларының және мектеп директорларының қатысуымен кеңестер өткі­зілді, онда мониторинг барысында анық­тал­ған барлық факті талқыланды», деді вице-министр.

 

Үш өңірде ПТР-тестілеу көлемі артқан

Қазақстан Республикасының үш өңірінде – Павлодар, Түркістан және Алматы облыс­та­рында ПТР-тестілеумен қамту көрсеткіші жақсарды. Павлодарда көрсеткіш 79-дан 206-ға дейін, Түркістанда 71-ден 176-ға дейін және Алматы облысында 70-тен 236-ға дейін жақсарды. Алты өңірде – Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, облыстар, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында жоспарлы қуаттылық көрсеткіші республикалық көрсеткіштен жоғары. ПТР-тест тапсырғандар қатары көбеюіне байланысты COVID-19-ға жұқ­тыр­ғаны анықталғандар саны да артуда. Қазіргі уақытта зертханалар тәулігіне 58 мыңға жуық тест жасай алады. Президенттің тапсырмасымен ПТР тестілеу тарифін төмендету бойынша жұмыстар жүргізілді: мемлекеттік секторда 30% (11,5-тен 8 мың теңгеге дейін), жеке секторда 40% дейін («Олимп» 15-тен 9 мың теңгеге дейін).

 

Қайтыс болған дәрігерлерге ғана өтемақы төлеуді ұсынады

Денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлеріне төлемдерді тоқтату мәселесін қарастыруда, осыған байланыс­ты 2020 жылдың 20 қазанынан бастап ауру жұқтырған медицина қызметкерлеріне өтемақы төлеуге жаңа өтінімдерді қабыл­дау­ды тоқтауы мүмкін. Бұл туралы Денсаулық сақ­тау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов мәлімдеді.

«2020 жылдың 20 қазанынан бастап аймақтық комиссиялар медицина қыз­мет­кер­леріне әлеуметтік төлемдерге жаңа өті­нім қабылдауды тоқтатады. Ал жалпы індет жұқтырған 12 983 медицина қыз­мет­­керінің 9 309-ы төлем алады», деді М.Шоранов.

Бүгінгі таңда COVID-19-ден қайтыс болған 182 медицина қызметкерінің отбасы өтемақы алды, бұл төлемдер алдағы уақытта да сақталады. Жұмыста жүріп COVID-19 жұқтырған медицина қызметкерлеріне келсек, 2020 жылғы 19 қазандағы жағдай бо­йынша 8 863 маман үстемеақы алды.

«Медицина қызметкерлері індетті жұ­мыс­та жұқтырған жағдайда, медициналық ұйым мен жергілікті атқарушы органдар қол­­дау көрсетуі тиіс, бұл медицина қыз­мет­кер­лерін қажетті қорғаныс құрал­да­рым­ен қам­тамасыз етуге түрткі болады», деді бірін­ші вице-министр.

Медициналық ұйымдарда санитарлық-эпи­демиялық нормалар сақталады («таза» және «лас» аймақтарға бөлу, адам­дар ағы­нын бөлу және басқалар). Меди­ци­на қыз­меткерлері жеке қорғаныс және де­зин­­фекция құралдарымен жеткілікті мөл­­шерде қамтамасыз етілген (үш айға ар­нал­­ған қор): бір рет қолданылатын қор­ға­­­ныс костюмдерінің саны – 82 күнге (3 ай); қайта пайдалануға болатын қорғаныс кос­­тюмдерінің саны – 12 күнге; бір рет қол­да­ны­латын маска саны – 101 күнге (3,5 ай); респиратор саны (барлық түрлері) – 34 күн; бір рет қолданылатын қолғаптар саны – 37 күн; антисептик саны (литрмен) 76 күнге жетеді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасымен COVID-19-ға қарсы күреске тартылған медицина қызметкерлерін ынталандыру және қолдау үшін үстемеақы төлеу жалғасуда (наурыздан қыркүйекке дейін жалпы сомасы 84,4 млрд теңгеге төленді, қосымша: 137 млрд теңге жыл соңына дейін).

Соңғы жаңалықтар

Желаяқ Джонсон

Жеңіл атлетика • Бүгін, 07:35

«Қауіпті сынап» акциясы өтті

Аймақтар • Бүгін, 07:18

Комиссия отырысын өткізді

Саясат • Бүгін, 07:10

Өңірлік форумда бас қосты

Оқиға • Бүгін, 07:02

Байден формуласы

Әлем • Бүгін, 06:48

Жаяуға да жаза бар

Қоғам • Кеше

Ұқсас жаңалықтар